Елге қызмет ету  –  халық алдындағы айрықша жауапкершілік

 Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілері халыққа бағдарланған мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысын қамтамасыз етуде біртұтас механизм іспетті қызмет етіпкеледі. Осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып, ел үмітін ақтаудан және адал еңбегі үшін халықтың ризашылығына ие болудан артық дүние жоқтығын әрбір мемлекеттік қызметші жақсы түсінуі керек.

Еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесі ұзақ қалыптасу жолынан өтті. Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімізді, бағындырған шыңдарымызды мақтан етуге бәріміздің де құқығымыз бар. Біз ашықтықтың, сервистіліктің, ұтқырлық пен клиентке бағдарланудың жаңа деңгейіне жеттік, цифрлы әрі бюрократиядан алшақ жүйеге көштік. Десе де, әлі алдымызда талай үлкен асулар мен ауқымды мақсат-міндеттер тұр.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадр саясатындакөптеген жаңашылдықтар орын алды. Мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып келеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеттері, жетістіктері және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жергілікті атқарушы органдарда өткізілген ішкі конкурстардың қорытындылары бойынша 104 мемлекеттік қызметші тағайындалса, олардың 72,1 пайызы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Бұл адал еңбекті әділ бағалау жұмысының дұрыс арнаға бағытталғанын көрсетеді.

Тәлімгерлік пен тағылымдама сияқты институттар өздерінің нәтижелілігін көрсетуде. 187 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалып, 186 мемлекеттік қызметші тәлімгерлікпен қамтылды. 232 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті.

Облысымыздың мемлекеттік органдарында үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың сапалық құрамы жылдан-жылға артып келеді, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің 89,6 пайызы жоғары кәсіби білімге, соның ішінде 15,5 пайызы екі немесе одан артық жоғары білімге ие, олардың қатарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, жоғары білімнен кейінгі және шетелдік білімге ие тұлғалар бар.         Кадрлардың ауыспалылығын төмендету бойынша оң үрдіс жалғасуда. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет жүйесінен кеткендердің саны 1,1 пайыз. Лауазымдағы жұмыс істеудің орташа өтілі 4,5 жылды құрайды, бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылығының көрсеткіші болып табылады.Білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару саласы үшін әрдайым өзекті міндет болып қала береді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер үнемі қайта даярлаудан, біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылы кезекті Президенттік жастар кадр резерві жасақталады. Онымен қатар, өңірлік кадр резервін жасақтау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.Бұл жоба жас мамандарды дамыту, олардың әлеуетін іске асыру мақсатын көздейді. Жастарға бағдарланған жобалардың тағы біреуі – Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі. Бұл мектеп дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, сондай-ақ, мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларына ие болу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. 2022-2023 оқу жылдарында аталған мектепті облыстың жоғары оқу орындарының 25 түлегі сәтті аяқтады. Олардың 17-сі мемлекеттік органдарда кәсіби және дипломалды тәжірибеден өтті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету шеңберінде мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін жедел әрі сапалы қарауға ерекше назар аударылады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес департамент мамандары 39 қызмет көрсетушінің құқықтарын қалпына келтіріп, республика деңгейінде үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс бәсеңдемей, ағымдағы жылдың өткен кезеңі ішінде 22 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Атап айтқанда, тұрғындарға жергілікті деңгейлерде кеңес беру және көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында департаменттің ұсынысымен Целиноград, Қорғалжын аудандарының әкімдіктерінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына ішкі бақылау бойынша бас инспектор лауазымдары енгізілді. Сыртқы сауда бағытында мамандар бюрократиядан арылту бойынша 10 ұсыныс жолдап, аталған ұсыныстар 9 жоғарғы тұрған мемлекеттік органның қолдауын тапты.

Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бағалау мақсатында тұрақты негізде жүргізілетін қоғамдық мониторинг шаралары тұтынушылардың жоғары қанағаттану деңгейін көрсетті. Жыл басынан бері облыс аумағы бойынша 41 мемлекеттік органдар мен мекемелерде қоғамдық бақылау шаралары жүргізілді. Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет жүйесінің одан әрі үдемелі дамуын қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару процесін жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, кейбір қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тәсілдер әзірлеп, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізді. Мысалы, жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, белгіленген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға орналаса алады. Бұл мемлекеттік қызметке білікті жастарды тарту, жас мамандарды ауылдық жерлерге қайтып оралуына ынталандыру және аймақтардағы кадр тапшылығын азайтумен қоса, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерім көрсеткен түлектерін оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.

2023 жылдың 1 наурызынан бастап облысымызда мемлекеттік қызметке кіру тәртібін одан әрі жеңілдету әрі цифрландыру мақсатында мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша тәртібі сынақтан өтуде. Іріктеудің бұл форматы мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатып отыр. Яғни, үміткер туралы ақпаратты өзге ақпараттық жүйелерден алу, олардың біліктілік талаптарына сай келуін қарау, кандидаттардың тестілеуден, конкурстың басқа кезеңдерінен өтуі, әңгімелесуге қатысуы – мұның бәрі автоматты түрде eqyzmet.gov.kz жүйесінде іске асырылады. Облысымыздың жергілікті атқарушы органдары1 наурыздан бастап 28 лауазымға, оның ішінде 4 басшы лауазымға конкурс жариялап, оларға 73 адам қатысты. Конкурстық рәсімнің бұл форматы үміткерлерге әлемнің кез келген бұрышынан конкурстың барлық кезеңдеріне қатысу мүмкіндігін беріп отыр.

Сондай-ақ, іріктеу кезеңдерінің толық цифрландырылуы, адами фактордың мейлінше азайтылуы мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын арттыра түседі.Өз қызметінде департамент халықпен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша 72 іс-шара ұйымдастырылып, 180 жариялыным жарық көрді.

Кәсіби мерекеміз – Мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеу аясында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибесін тарату, үздік мемлекеттік қызметшілерді, өзінің қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық мекендерді дамытуда ерекше еңбек сіңірген ауыл әкімдерін, үздік әдеп жөніндегі уәкілдерді, сапалы қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелерді анықтау және көтермелеу, сондай-ақ, халықтың билікке деген сенімін нығайтып, мемлекеттік қызметтің оң беделін қалыптастыру мақсатында республикалық және облыстық деңгейлерде жыл сайын «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі», «Үздік ауыл әкімі», «Үздік әдеп жөніндегі уәкіл» және «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқаулары өткізіледі.

Кәсіби мереке қарсаңында өңіріміздің ардақты мемлекеттік қызмет ардагерлерін ерекше құрметпен атап өту парызымыз. Олардың қатарында Марат Құлмағамбетов, Ғосман Төлеғұл,Валентина Козинская, Шынарбек Батырханов, Ермек Нұғыманов, Николай Политкин, Павел Трищ, Галина Ильяшенко, Ғалия Ташкина және тағы басқалары бар. Олар қазіргі уақытта облысымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды мемлекетімізге адал қызмет етуге баулуда. Мысалы, ағымдағы жылы мемлекеттік басқарудың сабақтастығына қол жеткізу, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсету өңірлік кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Департаменттің бастамасымен «Тәлімгерлер кеңесі» консультативті-кеңестік орган құрылды. Бұл кеңестің құрамына мемлекеттік қызмет ардагерлері кірді. Кеңестің жиындарына мемлекеттік органдардың жаңа тағайындалған басшылары шақырылып, бейіндік саланы дамытуға қатысты өз көзқарастарымен бөлісе отырып, жұмысына қатысты ұсынымдар алады.

Жалпы, ұрпақтар сабақтастығы күн тәртібінен түспейтін толғамы терең мәселе. Оның сақталуы үшін аға буын өкілдері өзінен кейінгі ұрпақтың сұранысын түсінуі, елеп-ескеруі, ал, қазіргі цифрландыру заманында өзін суда жүзген балықтай сезінетін жас ұрпақ өзіне жүктелген миссияны дұрыс қабылдап, іске асыра алуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мамандарды одан әрі бейімдеу, кәсібилігін арттыру үшін олардың тәлімгерлерімен және мемлекеттік қызмет ардагерлерімен өзара байланысын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Заманауи Қазақстанның мемлекеттік аппараты қоғамның сұраныстарын тиімді қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ықпал етуге талпынады. Бұл үшін мемлекеттік қызметшілер жоғары моральдық қасиеттерге, басқарушылық талантқа ие болуы, халыққа адал қызмет етуге, өздеріне міндеттемелер мен жауапкершіліктерді алуға дайын болуы тиіс. Осы орайда, өзіміздің жұмысымызды одан әрі іскерлікпен жалғастырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін боламыз.

Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге және жақындарыңызға мықты денсаулық, бақ-береке, еліміздің игілігі жолындағы барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!

Думан Әбілев,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар