Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевхалыққа жолдаған биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарын реформалау мәселелерін көтерді. Бұл басты құжатта соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп бара жатқандығы, аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіретіндігі ерекше айтылды. Сонымен бірге, Ішкі істер министрлігіне отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу, синтетикалық есірткі тұтынушылардың көбеюін азайту мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде кешенді жоспар әзірлеу, Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігі туралы тапсырмалар берді.
Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажеттігі мәлім. Бұл орайда, кешенді жұмыстар министрлік тарапынан рет-ретімен жүргізілуде. Ақмола облысына келер болсақ, ағымдағы жылдың 5 айында қылмыстық құқық бұзушылықтар 15,9 пайызға дейін төмендеді, яғни, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2473-тен 2081-ге дейін азайды. Қылмыстың ауыр түрлері 23,2 пайызға, нақты айтар болсақ, 487-ден 374-ке төмендеді. Ал, аса ауыр қылмыстар 13,2 пайызға кеміді. Жалпы, қылмыс деңгейіне назар аударсақ, облыс халқы арасында 10 мың тұрғынға шаққанда 64 құқық бұзушылықтан келеді, былтыр бұл жағдай 81-ді құраған болатын.
Полиция қызметкерлерінің жүргізіп жатқан жұмыстары нәтижесінде ауыр қылмыстарды ашудың көрсеткіштері жақсаруда. Ауырлығы төмен қылмыстар өткен жылдармен салыстырғанда 66,8 пайызға дейін, ауырлығы орташа қылмыстар 61,6 пайызға дейін көбірек ашылып отыр. Бұл қызметкерлеріміздің алдына қойып отырған талаптардың тиімділігінен деп ойлаймын.
Басқа қылмыстар деңгейіне көңіл аударатын болсақ, қоғамдық орындардағы қылмыстар 4,9 пайызға, кәмелетке толмағандар жасайтын құқық бұзушылықтар 42,9 пайызға, алкогольді масаю барысында жасалатын қылмыстар 19,4 пайызға азайды. Сонымен бірге, жүргізіп жатқан нәтижелі жұмыстардың арқасында автожолдардағы апаттылық тұрақтандырылды. Осы жерде нақтылай түссек, жол-көлік оқиғалары 236-дан 160-қа дейін, яғни, 32,2 пайызға төмендеп, апаттан көз жұму оқиғалары 3 пайызға кеміді. Облыстық әкімдіктің қаржы бөлуінің арқасында өңірдің маңызды жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 34 «Автоураган» кешенді бағдарламасы орнатылды. Жолда әкімшілік құқық бұзғандар бейнебақылауға түсіп, барлық айыппұлдар бірден облыс бюджетіне түсіп отырады.
Дегенмен, облыста көліктерді айдап әкету, бопсалау, тұрмыс саласындағы қылмыстар болар-болмас өскен. Бүгінде олар бойынша шешімдер әзірленіп, осыған жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары нәтижесінде және жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара іс-қимылдың арқасында үш жылды алып қарасақ, облыс бойынша тіркелген адам өлтіру фактілері 43 пайызға, қарақшылық 100 пайызға, зорлау 41 пайызға, тонау 38 пайызға, ұрлық 16,7 пайызға азайған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін облыс орталығында, аудандар мен ауылдарда 2 мыңнан астам сыртқы бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл камералардың бәрі жедел басқару орталығына, кезекші бөлімдерге және учаскелік полиция инспекторларының планшеттеріне қосылған. Бүгінде әлемдегі соңғы келеңсіздіктерге байланысты мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен вокзалдардың камераларын және қоғамдық орындарды қосымша интергациялау үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста мұндай камералар саны 57 мыңнан асады. Ағымдағы жылы Көкшетау қаласы бойынша 10 камера орнатуға 44,3 миллион теңге және 20 сыртқы бейнебақылау камерасын жаңартуға 58,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта осыған конкурстық жұмыстар өткізіліп жатыр.
Сонымен бірге, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды азаптау фактілеріне жол бермеу үшін «Үздіксіз бейнебақылау» аясында облыстың полиция департаментінің барлық әкімшілік ғимараттарына 1543 бейнебақылау камералары орнатылды. Полиция департаменті қызметкерлерінің пайдалануындаоблыстық әкімдіктің қолдауымен алынғанәкімшілік хаттамалар толтыратын 1106 планшет бар. Биыл облыстық әкімдік бюджеттен термопринтері бар 98 планшет сатып алуға 44,1 миллион теңге сомасында қаржы бөлді, соның нәтижесінде полиция қызметкерлерітолықтай планшеттермен жабдықталып отыр. Сондай-ақ, облыстық әкімдік полиция қызметкерлерінің жалдамалы пәтерлеріне отбасы мүшелерінің жан басына 43 мың теңгеден қаржы бөледі және киім-кешектерімен қамтып, учаскелік инспекторлардытолығыменавтокөліктермен жабдықтауда. Жалпы, бүгінде полиция қызметкерлерінің, әсіресе, жедел уәкілдер мен тергеушілердің еңбекақылары 60 пайызға дейін өсті.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсетіп кеткеніндей, бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі – нашақорлық пен есірткі саудасы. Аталған салабойынша ағымдағы жылдың бес айында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 34 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның 24-і есірткіні сату фактісі, 8-і аса ірі мөлшерде есірткі сақтау, 1-еуі заңсыз жарнамалау, 2-еуі құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге байланысты. Былтыр салыстырмалы кезеңде есірткі айналымы бойынша 50 құқық бұзушылық тіркелген болатын.Биылдай заңсыз айналымнан 16 килограмнан астамесірткінің әртүрлі түрлері тәркіленді. Мәселен, Астана қаласынан біздің облыс аумағына гашиш есірткісін жеткізудің бір арнасы жойылды, Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларының аумағында тікелей байланыссыз жасырын қойып кету арқылы гашиш пен синтетикалық заттарды өткізумен айналысқан қылмыстық топтың 12 қатысушысы ұсталды. Сондай-ақ, Астрахан ауданының аумағында синтетикалық есірткі өндіретін нарколабораторияны ұйымдастырған азамат тұтқындалды, Бурабай ауданында кептірілген марихуана сақтаған бір азамат ұсталды. Тінту кезінде одан барлығы 1 келі 215 грамм болатын 32 полиэтилен пакет тәркіленді. Жыл басынан бері белгілі бір орындарға синтетикалық есірткі салып кететін 6 азамат қолға түсірілді. «Киберқадағалау» бағдарламасы негізінде есірткі сату сайттарының 55 сілтемесі бұғатталды. Есірткі қылмысымен күрес бағытында полиция департаменті тарапынан алдын алуға арналғаніс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері 300-ден астам шара өткізілді. Мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарында полиция қызметкерлері 326 дәріс, 23 кездесу ұйымдастырып, 6 мәдени-спорттық іс-шара өткізді. Осы бағытта жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден астам материал жарияланды. Бүгінде облыста нашақорлар есебінде 387 адам тіркеуде тұр, оның 38-і әйелдер. 2023 жылы облыстық әкімдік нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуге бөлінетін қаражат сомасын 900 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін арттыра түсті.
Тұрмыстық қылмыстарға келер болсақ, учаскелік полиция қызметкерлері өз аумақтарындағы халықпен, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осындай жағдайларға жиі тап болатын отбасылармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Осыған байланысты отбасындағы зорлық-зомбылық туралы арыз-шағымдар көлемі 11 пайызға азайды. Облыс аудандарының 9-ында бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына департаменттің білікті психологтары мен әйел тергеушілердің көмегімен психологиялық және заңгерлік қызметтер ұсынылады. Жыл басынан 95 әйелге осындай көмек көрсетіліп, арнайы ұйымдастырылған 6 баспанада балаларымен бірге уақытша тұру мүмкіндігіне ие болды. Бұл ретте, үкіметтік емес ұйымдармен де өзара тығыз қарым-қатынас орнатылған.
Жолдауда атап көрсетілген үшінші бағыт – интернет-алаяқтыққа келсек, ол 285-тен 350-ге дейін, яғни, 22,8 пайызға өсіп отыр. Бүгінде министрлік тарапынан осы қылмыс түрімен күресу үшін жаңа әдістер қарастырылуда. 2021 жылдың сәуір айынан бастап департаментте 4 қызметкерден тұратын киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы бөлім құрылды. Онда ІТ-технологияларды меңгерген, полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел тергеу тобы бар. Биылғы жылдың басынан бері интернет-алаяқтық жасағаны үшін 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы алдын алу шараларына да тиісінше мән берілуде.
Жалпы, облыстық департаменттің қарамағында бүгінде 3 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарып келеді. Дегенмен, кадр тапшылығы да жоқ емес, бар. Ол бүгінгі таңда 10 пайызды құрап отыр. Бұл ретте, біз облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттерінің заң факультеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз. Биыл осы оқу орындарын бітіретін 12 жас маман бізге жұмысқа келіп, 3 айлық оқуға жіберіледі. Кейін ол жас мамандарға тәлімгерлер бекітіліп, тәжірибе жинақтағанша білікті полицейлер жөн-жоба көрсетеді.
23 маусым – жылдағы дәстүрлі кәсіби мерекеміз қарсаңында қоғамдық тәртіп жолында қоян-қолтық бірге еңбек етіп келе жатқан барлық әріптестерімді шын жүректен Полиция күнімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, жұмыстарында қырағылық пен кәсіби шеберлік, толайым табыстар тілеймін. Елімізде әрқашан тыныштық болсын.
Думан ТАЕВ,
Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы,
полиция генерал-майоры