Ақмола мен Көкшенің құнарлы топырағы көптеген даңқты жауынгерлерді өсірді, олар өз үлесіне тиген барлық сынақтардан абыроймен өтті. Ақмолалықтар Ұлы Отан соғысының барлық майдандарында соғысып, оның барлық шайқастары мен ұрыстарына қатысып, өз Отанына адал қызмет етті. Біздің он мыңдаған жерлестеріміз жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды. Олардың арасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин, Сағадат Нұрмағамбетов, Рахымжан Қошқарбаев, Федор Глинин, Андрей Остапенко және басқалары бар.
Бүгін де, ертең де біздің жасампаз тарихымызды еске алып отырмай болмайды. Ақмола облысының мемлекеттік архивінде біздің өткеніміз, еліміздің тағдырлы оқиғалары, өңіріміздің көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы баяндайтын архивтік құжаттар мол. Сол материалдар арасында сирек кездесетін фотосуреттер мен құжаттар, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жеке қорлары, Кеңес Одағы Батырларының естеліктері, Ақмола қаласында құрылған атқыштар және атты әскер дивизияларының құрамында жерлестеріміздің қанды шайқастарға қатысуы туралы құжаттар бар. Ақмола облысының мемлекеттік архивінде сақталған бұл құжаттар тарихи құндылықтар болып табылады, жерлестеріміздің Жеңіс ісіне қосқан лайықты үлесін бағалауға мүмкіндік береді.Аға ұрпақтың даңқты дәстүрлерін Ауғанстанда, Чехословакияда, Таулы Қарабақта, Абхазияда және басқа да елдерде интернационалдық борышын өтеген Кеңес Одағының интернационалист-жауынгерлері одан әрі лайықты жалғастырды.
1979 жылы 25 желтоқсанда «Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы» Шартқа сәйкес Ауғанстан Үкіметінің өтініші бойынша КСРО-ның саяси басшылығы ауған моджахедтерінің қарулы құрылымдарымен күресу үшін Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағына шектеулі әскери контингентті енгізу туралы шешім қабылдады.Ауғанстандағы бұл соғыс он жылдан астам уақытқа созылды. Осы кезеңде ауған жерінде бұрынғы КСРО-ның әр өңірінен әскери қызметшілер қызмет етті, олардың көпшілігі ұрыстарда батылдық пен ерлік көрсетті. Әр түрлі мәліметтер бойынша бұл соғыста 15 мыңнан астам кеңес әскерлері мен офицерлері қаза тапты.
Бұл қаһармандардың арасында ерлік пен батылдық танытқан қазақстандық ерлер де көп болды. Олардың басым дені ұрыс даласындағы ерліктері үшін жоғары марапаттарға ие болды. Кейбіреулері Кеңес Одағының Батыры ең жоғары атағына ие болды.
Бүгінбіз солардың ішінен интернационалист-жауынгер, жерлесіміз Қанат Мәкенұлы Бралин туралыайтқымызкеледі. Ата-бабаларыныңерлік ісімен рухтанған Қанат Ауғанстанға алғаш рет сол елдіңаумағына Кеңес әскерлерікіргенкүндерікеліп, интернационалдық әскери борышын өтеудіңбарлықауыртпалықтарынбастанөткерді.Тағдыры солай болған Ауған соғысының ардагері Қанат Бралиннің өмір жолына зер салсақ, 1961 жылы Зеренді ауданындағы шағын орман шаруашылығында дүниеге келген. Атасы Есләм Майкенов Ұлы Отан соғысына қатысқан, әкесі Мәкен орманшы болса, анасы Ұлбала үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқан. Бала кезінен табиғатқа, туған жеріне жақын болған Қанат осында мектеп пен кәсіптік лицейді бітіріп, жас кезінен жауапкершілік пен отансүйгіштік сезімін жете түйсініп өсті. Дене бітімі де кешегі батыр ата-бабаларының көзіндей бірден тұлғалы жас екенін аңғартатын. Сөйтіп, жүргенде 1979 жылы Зеренді аудандық әскери комиссариаты Кеңес әскері қатарына шақырды.
Қанат өз сұхбаттарының бірінде «…1979 жылы 2 желтоқсанда Қызыл Тулы Орта Азия округінде, Панфилов қаласында шоғырланған мотоатқыштар полкінің құрамында әскери ант қабылдадым. 1979 жылы 25 желтоқсанда 66-бригадада дабыл бойынша Сарыөзек станциясынан Өзбекстанның Термез қаласына, одан әрі Жалалабадқа жақын Ауғанстанның Кунар провинциясына жеткенде ғана ауған соғысына келгенімді білдім».
Бұл 66-бригада құрамында аға лейтенант Бақытжан Ертаевтың басқаруымен сұрапыл соғыстың небір от-жалынынан өткен Қанат кейін өз командирінің Халық Қаһарманы атағын алып, Мәжіліс депутаты болып сайланып, тәуелсіз Қазақстанның ерен тұлғалы азаматы атанатынын қайдан білсін?!
Әскерде қызмет еткен жылдары Қанат та өзін сенімді сарбаз ретінде көрсетіп, бес рет жау қоршауынан аман шығып, күштері тең емес шайқаста екі моджахедті тұтқындады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Ауғанстан Республикасында жауынгерлік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдық мен әскери ерлігі үшін 1988 жылғы 28 желтоқсандағы Жарлығымен Қанат Бралинді КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Грамотасымен марапаттады.
Қанды шайқастар мен ерлік істерге толы сол бір сұрапыл күндерден бері 34 жыл өтті. Қанат Мәкенұлы осы жылдар ішінде бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, әріптестерін бейбіт өмірге бейімдеуге арнады. Ол бұл күнде «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» Ақмола облыстық бірлестігі төрағасының орынбасары.Ауғанстан ардагерлері одағының белсенділері жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде үлкен жұмыс атқарып, ауғандық интернационалист-жауынгерлердіңмұң-мұқтаждарына аянбай қамқорлық жасап, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуде, қаза тапқан, қайтыс болған жауынгерлердің отбасыларына қолдау көрсетуде биіктен көрініп келеді.
Қанат Мәкенұлы мақсатты, жігерлі тұлға ретінде қызметтен елге оралған соң белсенді азаматтық ұстанымға ие болды. Осы жылдар ішінде облыстық атқару комитетінің жастар ісі жөніндегі бөлімінде маман, ҚР Қорғаныс министрлігі Жоғары техникалық мектебінің Щучье филиалы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Бар білімі мен тәжірибесін болашақ Отан қорғау ісіне арнап, жастарды жауапкершілік пен батылдыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке баулыған абзал азамат. Бірқатар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, атап айтқанда, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін» медалі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесі жанындағы «Ауғанстан ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің «Батылдық пен ерлігі үшін» медалі, «Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 20 жыл», «Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
Кейіпкеріміздің жастық шағы оқ пен оттың ортасында өтіп, соғыстың қайғы-қасіретін, өлім мен күйзелісті көргеніне қарамастан, Қанат Мәкенұлы сұхбаттасын мұқият тыңдап, өмірлік тәжірибесімен бөлісе алатын мейірімді, жанашыр адам болып қала берді.Бүгін ол бақытты әке және ата. Ұлы Аржан мен қыздары Айғаным мен Алуаны тәрбиелеп, бес немере сүйіп отыр.
Ауған соғысы жауынгерлері туралы жылы сөз бізге сол бір әскери антына дақ түсірмеген өрімдей жігіттердің ерлігін естен шығармау, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарының жан сыздатқан осынау тақсыретін сезіне білу үшін керек. Ал, оларды әлбетте сол сұрапылды өз көздерімен көрген Қанат сияқты ерлердің көңіл толғанысынан ғана жақын сезіне аламыз. Сол үшін де қазақстандық, соның ішінде ақмолалық интернационалист-жауынгерлер ерлігіне мың тағзым!
Назира ИСЕНОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архиві құжаттарды
беру бөлімінің басшысы.