Алғашқы түлектер дәрігер дипломын алды

Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жоғары медицина мектебініңалғашқы түлектерінің диплом алу салтанатына қатысып, ақ халаттылар сапын толықтырғалы отырған жас мамандарға сәтсапар тіледі.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау универсиететі 60 жылдан бері білім беру саласында орасан зор тәжірибе жинақтаған солтүстік өңірдегі көшбасшы оқу орындарының бірі. Білім ордасының түлектері бүгінде Қазақстанның әр аймағында әртүрлі салада еңбек етуде. 2018 жылы университет қабырғасында жоғары медицина мектебі ашылған-ды. Мектептің басты миссиясы – заманауи инновациялық тәжірибеге бағдарланған технологияларды меңгерген білікті, бәсекеге қабілетті медицина мамандарын даярлау. Бүгінде оқу орнынан алғашқы медицина бакалаврлары түлеп ұшуда. Аталған жоғары медициналық мектепте 800-ден астам болашақ дәрігерлер білім алуда. Бүгінде олардың 160-ы  диплом алып, еңбек жолын бастамақшы.

Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова университеттің медицина мектебінің алғашқы түлектері мен олардың ата-аналарын облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан диплом алу рәсімімен құттықтап, әкімдік пен жоғары оқу орны арасындағы өзара тығыз қарым-қатынасқа жан-жақты тоқталды.

–Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті солтүстік аймақтағы көшбасшы оқу орны бола отырып, еліміздің және облысымыздың зияткерлік, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қалыптастыруда. Біздің облыста денсаулық сақтау саласында кадр мәселесі өте өзекті. Облыс аумағында медицина мектебі ашылып, академиялық дәрежедегі бакалавр мамандары даярланады дегенде шынайы қуандық. Осы ретте, білікті де бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап жатқан жоғары медицина мектебінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Светлана Мұратбекова мен оның командасының еңбегін атап өткім келеді, –дей келе, түлектерге сәттілік тілеп, алдағы уақытта өңірдің денсаулық сақтау саласына зор үлес қосатындықтарына сенім білдірді.

Облыстық әкімдік тарапынан денсаулық саласын кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі атынан гранттар бөлініп, стипендия тағайындалады. Осы күні оқу орнының медицина мектебінде білім алып жүрген жастардың 180-і әкім грантын иеленгендер болса, 50-і әкімнің шәкіртақысын алып жүргендер. Биыл медицина мектебін бітірген жас мамандардың интернатурада білімдерін жалғастыруы үшін облыстық бюджеттен қосымша 28 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.

Құттықтау сөзден соң, Алтынай Байқадамқызы жоғары медицина мектебінің үздік түлектеріне дипломдарын табыс етті.

Тағы бір атап өтерлігі, 2018 жылдан бастап университеттің жоғары медицина мектебіне Үндістаннан, 2019 жылдан бастап Пәкістаннан студенттер қабылданып, жалпы практика дәрігері  бағытында бакалавр академиялық дәрежесі бойынша мамандар даярлануда.  Осы үндістандық жастардың алғашқы легі де бұл күні мамандық құжатын қолдарына алды.

Университет ректоры Марат Сырлыбаев өз кезегінде облыстық әкімдікке өзара тығыз ынтымақтастықта мамандар даярлауға қосып жатқан айтулы үлестері үшін алғысын жеткізуін, алда да бірлесіп жұмыс жасайтындықтарына сенім білдірді. Сонымен бірге, түлектер мен олардың ата-аналарына  ақжарма тілегін арнады.

Диплом тапсыру рәсімі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Рамиль ДОСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар