Облыс бюджетінің орындалу барысы талқыланды

Ақмола облыстық мәслихатының кезекті үшінші сессиясында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың 2022 жылғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалды. 2022 жыл нысаналы индикаторларды және бюджетті орындау бөлігінде жақсы нәтижелермен аяқталғандықтан, депутаттар облыс әкімінің есебін бірауыздан бекітіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында одан әрі жемісті жұмыс тіледі.

Сессияға облыс әкімінің орынбасарлары, әкімдік аппараты, аудан-қала басшылары мен облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты. Күн тәртібіне орай, алдымен облыс әкімі Ермек Маржықпаев 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы айтып берді.

Былтыр облыстық бюджетке түскен кірістер көрсеткіші 19,2 пайызға артып, 480 миллиард теңгеге дейін жеткен, ал, салықтар мен төлемдердің мөлшері 14,7 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ, өңірдегі қажетті шығындарға бөлінген қаржы толық игеріліп, 25 жоба жүзеге асырылыпты.

– Өткен жылы облыстық бюджеттің ең үлкен үлесі, яғни, 44 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталды. Соның ішінде 37 пайызы немесе 179 миллиард теңгесі білім беру саласына жұмсалды. Нақты айтқанда, бұл қомақты қаржыға орта білім беретін мемлекеттік ұйымдарда мұғалімдердің және медициналық қызметкерлердің жалақылары арттырылды, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын жүзеге асыруға жұмсалды, –деді өңір басшысы.

Облыстық бюджеттің қалған бөлігі денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары мен халыққа әлеуметтік көмек беру шараларына жұмсалған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жол құрылысына да бөлінетін қаржы мөлшері де айтарлықтай артқан. Сөйтіп, мәслихат комиссиясының шешімімен 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі бекітілді. Осы мәселеге қатысты сессия барысында облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Есмағамбетов пен экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев қосымша баяндама жасады.

–2020-2022 жылдар аралағындағы жергілікті бюджетке түскен трансферттердің де, кірістердің де өскені айқын байқалады. Мәселен, 2021 жылмен салыстырғанда меншікті табыстың өсуі 26 пайызға жеткен.  Айта кету керек, 2022 жылы 8 жоба іске асырылып, 1900 жаңа жұмыс орны ашылды. Оған 165 миллиард теңге жұмсалды. Алдағы уақытта облыс бюджетінің кірісін арттыру үшін 200 миллиард теңгеге 29 жаңа жоба іске асырылуы тиіс. Бұл нысандар ашылса, облыста 2700 жаңа жұмыс орны пайда болады, –деді экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев.

Былтыр бюджеттік және мақсаттық көрсеткіштер бойынша Ақмола өңірі республикада 6 орынға шықты. Сондай-ақ, өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдері мөлшерінің жылдан жылға артуы есебінен облыстың экономикалық жағдайы анағұрлым жақсарып келеді.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – ағымдағы жылға арналған облыстық бюджетке өзгертулер енгізуге келсек, қайта бөлінген қаражаттың басым бөлігі жылыту маусымының дайындық жұмыстарына арналады. Сонымен қатар, сессияда мәслихаттың бірнеше шешімдеріне, оның ішінде Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясының жұмыс регламентіне қатысты өзгерістер енгізілді, кадрлық өзгерістерге байланысты әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жаңартылған дербес құрамдары бекітілді. Сессияға дейін осы мәселелердің барлығы зерделеніп, депутаттық  сағатта қаралғаны мәлім болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар