Домбыраның шанағынан ұлы даланың ұлылығы саз болып саулап, рух болып асқақтаған сәтте жүрек толқып, көңіл шалқып, шарықтай жөнелетіні бар. «Беу, шіркін, қазақтың қазыналы домбырасы-ай!» деп тасанасың, тәнті боласың, қазақ екендігіңе мақтанасың! Шынымен де, домбыра қазақтың аласармас рухы, ғасырлар үні, мәңгілік жыры емес пе?!..
Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күнін ел халқы асыға күтеді. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қолына ұлттық аспап алып, бірі күй тартып, бірі ән айтып, бар өнерін ортаға салуы тиіс күн бұл. Алаңда да, айналаңда да қазақтың ән мен күйі шалқып, теңіздей толқып тербелген дүние бесігін мөп-мөлдір сезімге бөлейтін. Ұлттық домбыра күні төл өнеріміздің асқақтайтын, мәртебесін арттыра түсетін тағылымды мереке.
Осы мереке қарсаңында облыс орталығында танымы мол мәдени шаралар көптеп ұйымдастырылады. Солардың бірі күні кеше Ақмола облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен қазақтың ұлы күйші-композиторы, күй өнерінің негізін салушы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына және Ұлттық домбыра күніне арналған «Күмбірлеген күміс күй»облыстық күйшілербайқауы. Онда өңіріміздің Бурабай, Ақкөл, Шортанды, Қорғалжын, Зеренді, Астрахан, Атбасар және Көкшетау мен Степногорск қалаларынан барлығы 12 өнерпаз өзара бақ сынап, өнерлерін ортаға салды.
Халқымыздың асыл қазынасы – күйшілік өнерді сақтау, қасиетті аспабымыз ұлттықдомбыраарқылытөл тарихымызды, асыл құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың санасына терең сіңіру, Құрманғазының күйлерін халыққа кеңінен насихаттау, күй мұрасын жас ұрпаққа жеткізу,қатысушылардың шеберлігіншыңдау, жаңа есімдерді анықтау байқаудың басты мақсаты болып табылады.
Екі кезеңнен тұратын байқауға 18-35 жас аралығындағыжастар қатысты. Бір атап өтерлігі, олардың барлығы ел ішінде жүрген табиғи талант иелері. Өнерпаздар қазылар алқасының алдында екі күйден орындады.
Сахнада алғашқылардың бірі болып, өнер көрсеткен бурабайлық Тілеген Қуандық Құрманғазының «Алатау» күйін нақышына келтіріп орындады. Телегей тасқын, қуатты екпін домбыра шанағынан алапат сезім болып төгіліп, сан мыңдаған тұлпарлардың дүбірлі шабысындай құлаққа сіңді. Тілегеннің екінші орындаған күйі Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы». Әрине, «Аққуды» нақышына келтіріп орындау оңай емес. Дегенмен де, Тілеген барын салып тыңдаушыларын тағы бір риза етті. Шортанды ауданынан келіп өнерін ортаға салған Дүбек Өндірқан болса шаштараз болып еңбек етеді екен. Қазақтың әуезіне уызынан жарыған ол домбыраны бала жастан үйренген. Дүбек бұл додада Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен. Б.Әбеновтің «Желдірмесін» орындап, көңілдерді көкке өрлетті. Байқауға қатысушылардың осалы жоқ. Көкшетаулық Әділ Тәуке, ақкөлдік Ажар Балмұханова, астрахандық Назгүл Төлетаева және басқалары көрермен көңілінен шықты.
Үздік орындаушылардың есімі жексенбі күні Ұлттық домбыра мерекесіне орай өткізілетін салтанатты шарада белгілі болып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілмекші.
Алғашқы іріктеу кезеңі қашықтықтан өтетін болады. Екінші кезең – іріктеп алынған үміткерлер байқаудың гала-концертіне қатысады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.