Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаны жайсаң қаламдас аға - АРҚА АЖАРЫ

Жаны жайсаң қаламдас аға

Сарқ-сұрқ қайнаған қорғасынды қалыпқа құйып, әріпке айналдырып газет шығарған кешегі Кеңес дәуірі бүгінгі жас журналистерге ертегідей естіледі. Бірақ, арамызда сол кезеңнің жай-жапсарын жақсы білетін, осы салада сол дәуірден бастап күні бүгінге дейін табан аудармастан еселі еңбек етіп жүрген  ардагер ағаларымыз бар. Осындай абзал ағалардың алдыңғы қатарында жүрген, майталман маман, өз ісінің кәсіби шебері, белгілі қаламгер Балталы Сәрсенбаев ағамыз, ол кісінің өнегелі ғұмыры мен ақ адал еңбегі туралы ыстық ілтипатпен, ерекше алғыс сезіммен қалам тербеуді жөн көрдік.

Көкшетаудың тілеуқоры атанған абзал ағамыз биыл мерейлі 75 жасқа толып отыр. Шынымен де Балталы ағай Көкшетау қаласының да, осы қаланың тағдырымен сабақтас «Көкшетау» газетінің де тілеуқоры, жанашыры, қамқоршысы. Көкшетау қаласына қатысы бар кез-келген мәселеге бей-жай қарай алмайтыны да содан. Журналист ретінде қаншама күрмеулі мәселелерді көтеріп, оның оң шешім табуына ықпал жасап, осы қалада еңбек еткен қаншама адамдардың тағдырын баяндады, қаламмен портреттік бейнесін жасады, қаланың өркендеуі жолына барынша үлесін қосты. Әлі де сол мақсат, сол мүддемен ғұмыр жолын ғибратты өрнектеп келеді.

Қазіргі таңда Балталы Сәрсенбаев ағамыз Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы лауазымын өзіне тән жауапкершілікпен атқаруда. Көпті көрген көнекөз қариялардың тағдырына алаңдап тұратын ағамызды осыдан кейін қалайша ғана өз елінің тілеуқоры демейміз?! Өңірдің қоғамдық өміріне белсене ат салысып, азаматтық ұстанымын ұдайы айқын көрсетіп жүр. Бірінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты болғанда да, қазіргі таңда қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де әлеуметтік мәселелер бойынша тың бастамалар көтеріп, жұртшылықтың ілтипатына бөленуде.

Құрметті Балталы Сәрсенбайұлы!

Бүгін Сіздің мерейтойыңыз. 75 жасқа толып, отбасыңызды, ағайын-туыс, ел-жұртыңызды, өзіңізбен бірге қаламдас, қанаттас болып келе жатқан әріптестеріңізді қуантып жатырсыз.

Сіздің 1966 жылдан бері баспасөз саласында тер төккен жарты ғасырдан астам жемісті еңбек жолыңыз баршамызға үлкен өнеге, өз сүйген ісіңізге шексіз адалдықтың нағыз үлгісі. Жастайыңыздан бүкіл саналы ғұмырыңыз облыстық «Көкшетау правдасы» газетімен тығыз байланысты болды. Сол басылымның қабырғасында жауапты қызметтер атқардыңыз. Бертін қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы ретінде осы басылымның жақсы атының одан әрі жалғасуына лайықты үлесіңізді қостыңыз.

Бұған қоса, Сіздің үлкен-кішінің жанын жадырататын адамгершілік асыл қасиеттеріңіз, айналаңызға жанашырлығыңыз, қоғамдық істердегі белсенділігіңіз де әрдайым кімді болсын тәнті етіп, сүйсіндіре түседі. Алдағы уақытта да денсаулығыңыз зор, отбасыңыз аман болып, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесіндегі тынымсыз жұмысыңызды одан әрі абыроймен жалғастыра беруіңізге тілектеспіз. Атақ-марапаттан кенде емес биік тұлғаңыз қашанда ортамызда жарқырай түсіп, сексеннің сеңгірінен көрінуіңізге жазсын!

Ізгі ниетпен, «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.

   – Қазіргі таңда қаламыздағы 28 мыңдай зейнеткердің басын біріктіріп отырған қоғамдық ұйымның күнделікті қызметін, ардагерлердің өтініш-тілектерін, биліктің назарына жеткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап, мәселе көтеруді азаматтық парызым санаймын. Бір ғана мысал, жақында біз қарт адамдарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы үлкен мәселе көтердік.  Міне, осындай қадау-қадау мәселелер біздің үнемі назарымызда. Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қарты бар елдің қазынасы» бар деген тақырыпта екі көрнекті тақта орнаттық. Онда өңіріміздегі ардагерлерге қатысты қажетті ақпараттың барлығы көрініс тауып отыр. Сонымен қатар, Көкшетау қаласы әкімінің жанындағы Қоғамдық кеңес жоғарыда айтылған мәселелер көп қозғалады. Мен рухани саланың өкілі болғандықтан, өзіме жақын тақырыптарды жиі айтамын. Әсіресе, адал еңбек ету, үлкендерді сыйлау, халықтық салт-дәстүрлерді насихаттау мәселелерін айтудан жалықпаймын. Меніңше, әрбір адамзат баласы өзінің қолынан келген істі адал атқаруы керек, – дейді ағаның өзі.

Балталы ағай бұл сөздерді тегіннен-тегін айтып отырған жоқ.  Қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистика саласына қажырлы еңбек сіңіріп, бір ұжымда 51 жыл табан аудармастан жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шықты. Мамандыққа адалдықты осындай ағалардан үйрену керек-ау!

Осы 51 жылдың 25 жылында «Көкшетау» газетінің жауапты хатшысы болды. Жетпіс жасқа таяғанша осы қызметті атқарған ардақты ағамыздың бір шаршап шалдыққанын, жұмыстың алабөтен қиын екендігіне шағымданғанын, төзімсіздік танытқанын, ашу шақырғанын байқаған емеспіз. Керісінше,  қашанда сыпайы сырбаз мінезімен, ізденімпаз іскерлігімен, дәргейлі дәрежесінен төмендемейтін мінез байлығымен үлгі-өнеге бола білді. Бір ұжымда табан аудармастан елу жыл еңбек ету әркімнің қолынан келетін шаруа емес. Ол осы жылдар аралығында журналистиканың барлық қызмет сатысынан өтіп, абырой биігінен көрінді. Еңбек өтілін газеттің әдеби қызметкері болып бастап, әр жылдары бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, редактор лауазымына дейін жоғарылады.

Біз жоғарыда санамалап өткен қызмет сатысының көп жылдары жауапты хатшы лауазымымен сабақтас болды. Газеттің көрнекті шығуы, мақалалардың рет-ретімен жоспар бойынша жарық көруіне жауапты бір адам болса ол әрине, жауапты хатшы. Газеттің әр әрпіне, үтір-нүктесіне дейін жауапты болу оңай-оспақ шаруа емес. Мұндайда аса ыждаһаттылық, аса төзімділік, білік пен білім қажет.    Редакцияның «бас штабы» аталатын  секретариатта ала таңнан кешке дейін қарбалас жұмыс қызу жүріп, осы бөлімдегі қызметкерлердің қолы бір босамайтыны бар. Балталы ағай өрнектеп макет сызғанда да алдына жан салмайтын. Ол газеттің ойдағыдай шыққанынша, уақытпен санаспай еңбек ететін. Олқы кеткен, олпы болған тұсы болмайтын. Жауапты хатшының қолына тиген мақаланы жас тілшілердің өзі кейде танымайтындай етіп, тақырыбын ойнатып, әрлеп, әспеттеп, қан жүгіртіп,  жан бітіріп жайнатып жіберетін.

Балталы ағай редакцияға келген жастардың жанашыры болатын. Талапты баланы тап басып танып, білгенін үйретіп, өз тәжірибесімен бөлісуді жөн санайтын. Сол шәкіртінің әр қадамына алаңдап, тұғырдан көрінсе өзі де балаша аңқылдап, арқасынан қағып қуана білетін, сәтсіз қадамына қамығып қалатын ағаның кең жүректілігіне, ақ адал көңіліне талай мәрте куә болғанбыз.

Иә, адамды абзал атына сай ететін адал еңбегі мен жағымды мінезі ғой. Бұл кісі өн бойына өз халқының момындылығы мен кісілігін, кішілігі мен ізгілігін, өнегесі мен парасатын дарыта білген азамат. Анау-мынау шатаққа да әуес емес. Атақ алсам деп те дәмеленбеген. Үйрете жүріп үйренуден жалықпаған, сәтті жұмысына қуанған, сәтсіз сәттерден сабақ алып, еңбек етуден еш жалықпаған адал азаматтың  өмір өнегесі әрине, өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай. Иә, еселі еңбек еш болмайды деген.  Ағамыздың ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның құрметті журналисі», Қазақстан Республикасының «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгілерімен марапатталған болатын.

Балталы ағай өзі туралы көп әңгімелегенді ұната қоймайды. Сөздің басын әзілге айналдырып, кез-келген сұраққа қысқа ғана жауап қайырады. Бұл да бір қарапайымдылықтың, аса мәдениеттіліктің белгісі деп пайымдаймыз.

– Редакция  сөз өнері тұнған киелі шаңырақ қана емес, өмір мектебі де.  Әсіресе, біз сияқты жиырмаға енді толар-толмас шағында редакция табалдырығын аттаған өрімдей жастарға шынымен де өмір мектебі болды дегенді нық сеніммен айтар едім. Осы өнер мен өмір мектебінде тәлім берген ұстаздарымды, аға буын әріптестерімді ешқашан ұмытпайтыным хақ. Кей тұста, заман өзгерді, адамдардың да ниеті мен мінезі өзгерек деген пікірді жиі естіп қаламыз. Бірақ, редакция деп аталатын рухани ордада, қара шаңырақтағы алдыңғы толқын ағалардың кісілік келбетіне, өнегесіне қаныға түскен сайын өмірдің мәнін ұғына түскендей боласың, – дейді ағайдың өзі тағы да әңгіме барысында.

Әлбетте, шығармашылық жолда жүрген кез-келген адамның отбасындағы ахуал жайлы болмаса, оның өрлеуі екіталай. Осы орайда, Балталы ағайдың шаңырағының шырайын келтіріп, шұғылалы сәулеге бөлеген Көкше еліне белгілі дәрігер Сәпия Әуәпқызы апайымызды ерекше атап өткіміз келеді.  Бүгінде өнегелі шаңырақтан қанаттанған балаларынан өрбіген немерелер де ата-әжесінің көз қуанышына айналған.

Иә, аға дұрыс айтады. Арамыздағы Балталы ағай сияқты еңбекқор, өз ісіне аса жауапты, жастарға қамқор ағаларды көргенде өзің де осы кісілер салған сарабдал жолдан айнымауға тырысатының бар. Жасай беріңіз, жаза беріңіз, ортамыздың көркі болып жүре беріңіз, жақсы аға!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар