Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Степногорск қаласына жұмыс сапары барысында «SARECO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.
Серіктестік сирек жер металдарының ұжымдық концентраттарын (TREO), сульфоаммофосфаттарды өңдеумен айналысады. Кәсіпорын директоры Владимир Федотовтың айтуынша, қара және түсті металлургияны балқытуда, сондай-ақ, электромобильдер мен жел электр станцияларының аккумуляторлық батареяларын (литий, ион) өндіруде қолданылатын электролиттік марганец пен жоғары таза марганец сульфатын өндіру бойынша инвестициялық жоба іске асырыла бастады.
– Бұл марганец сульфатын өндірудің соңғы бөлімі. Шикізат екі кезеңде өңделеді. Бүгінгі таңда тек Қытайда өндірілетін электролиттік марганецті өндіруден немесе қазақстандық кен концентраттарын өңдеуден бастауды жоспарлап отырмыз, – деді «SARECO» ЖШС директоры.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 7,5 мың тонна. электролиттік марганец өндірісі үшін әзірге 30 жұмыс орны ашылды. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, дайындық 70 пайызды құрайды. Кәсіпорын осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі.
Марганец сульфатын өндіру – бірегей жоба. Бүгінгі таңда әлемде бұл өндіріс тек Қытай Халық Республикасында бар.
Кәсіпорынмен танысқан өңір басшысы Ермек Маржықпаев болашақта өндіріс орнының табысты болуын және облыс үшін осындай инновациялық жобалардың қажеттігін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.