Еліне еңбегімен септескен

Жалпы, адамның атқарған қызметіне баға беретін – халық пен уақыт. Одан асқан сыншы жоқ. Ел-жұрт кімнің кім екенін жақсы таниды. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтініміз де содан.

Өзі қызмет істеген кезеңде мойнына жүктелеген міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен, еліне жасаған жақсылығымен танылып, уақыт сынынан сүрінбей өткендерді жұртшылық аңыз-әңгіме ретінде айтып жүретін де содан. Адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етуі арқылы бүкіл ғұмырын халқының мүддесімен ұштастыра білген еңбек ардагері, астаналық Еркін Дәуешұлы бүгінде жасы 84-ке келсе де, қоғамдық жұмыстан тыс қалған емес.

Мен алғаш Еркін Дәуешұлын сексенінші жылдың басында Ақмола облысы Сілеті аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметінде болған кезде көрген едім. Ол кезде орыс билеген заманда таза қазақша сөйлеп, «командировкаға келген облыстық «Коммунизм нұры» газетінің жас тілшісі сенсің бе, жүр, кабинетке барып әңгімелесейік» деп мені бөлмесіне алып барды. Шашын шалқасынан қайырған, орта бойлы, ақ сары жігіт ағасы: «бұл аудан жаңадан ашылып, совхоздар да жаңадан  құрылып жатыр. Бізде қоғамдық тамақтандыру орындары жетіспейді, өзің тамақ іштің бе?» деді. Мен «жоқ» деп жауап бердім. «Онда жүр, шай ішеміз» деп мені үйіне ертіп келді. Сол таныстықтан кейін Ерекеңмен етене араласып кеттік.

Ерекең сексенінші жылдары Сілеті ауданынан, өзінің туып-өскен жері Ақкөл ауданына келіп, осында аудандық оқу бөлімін басқарды. Бұл бұрынғы Алексеев ауданы болатын. Жергілікті халықтың 75 пайызы орыс халқы еді. Халықтық шарадан тысқары қалмайтын Еркін ағамыз Ақкөлдің тумасы, сталиндік репрессияның құрбаны болған атақты жазушы Жайық Бектұров есімін аудан орталығындағы орта мектепке беруге де тікелей араласып, мұрындық болды. Сөйтіп, Жайық Бектұровтың есімінтуған жеріне мәңгі қалдыру мақсатындағы ойын жүзеге асырды. Бектұров туралы «Жаны жайсаң Жайық аға» деген кітап жазып, оқырманға тарту етті.

Ақкөл ауданының Еңбек ауылы – Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың туған жері. Келесі жылы батырдың туғанына 100 жыл болады.Осыған орай, Ерекең Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қабылдауына арнайы барып, батырдың мерейтойын атап өту жөнінде әңгіме қозғаған болатын. Соның негізінде Еңбек ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ауылдың ішкі және кіреберіс жолдары асфальтталды. Енді Сағадат Нұрмағамбетовке туған ауылында ескерткіш орнату мәселесі тұр.

Ақкөл  ауданындағы Амангелді ауылы – кіндік қаны тамған жері. Өзі оқу бөлімінің бастығы болып тұрған кезде облыс басшыларымен жағаласып жүріп, бұл ауылда екі қабатты мектеп салғызған болатын. Ауылдың тарихын келер ұрпаққа қалдыру үшін «Ауылымды сағындым» атты естелік кітап жазды. Сосын ауылға ең қиындық тудырған мәселе көпір болатын. Осы проблеманы республикалық басылымдарға жиі-жиі жазып, ақыры, түйінді мәселе шешімін тапты.

Тұла бойына парасаттылық қасиеті берік қалыптастырған, халқына барынша адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен Еркін Дәуешұлы ағамыз көненің көзі ретінде шежірелі сөз айтудан бір танған емес. Ол иығына артылған жүкті қара нардай көтеріп, сындарлы сынақтардан сүрінбей өте білді. Елдің елдігі  мен ауызбірлігіне жік түсірмей, тізгінді тең ұстауымен де ерекшеленген ағамыз бүгінге дейін аттан түспей келеді.

–Өткен өміріме өкінбеймін. Тоталитарлық тәртіптің құрбаны болып, талай қиындықты бастан кешірдім. Елімізде қызыл империя саясаты қатты жүрді ғой, соны да көзбен көрдік, – дейді Еркін аға. – Егемен ел болған соң, елдік қасиетіміз айқындалып жатыр. Атқаратын жұмыс та көп. Мысалы, Жұмабек Тәшенев тарихтан өз орнын ала алмай жүр.

Міне, осындай игі бастамалардың басы-қасында жүретін Еркін Дәуешұлы үлкен мақсаттарға жол ашатын қасиетімен ерекшеленеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, қатарластарыол кісінің кеңпейілдігін, парасаттылығын, сабырлылығын, салиқалығы мен байсалдылығын айтып, ағамызды мақтан тұтады.

Ерекең «Астана ақшамы», «Арқа ажары» газеттерінің қоғамдық тілшісі ретінде үнемі басылым бетінде өзекті мәселелерді қозғайтын тұшамды мақалалар  жазады. Ол – «Құрмет» орденінің иегері, сондай-ақ, «Ақкөл ауданының құрметті азаматы». Қазақстан Журналистер одағының және елорда Ардагерлер кеңесі медиатобының да мүшесі.

Ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана абыройлы. Әркез халық мүддесін өзінің қара басының мүддесінен жоғары қойған және ұлт мүддесі үшін күресе білген адам ғана қайраткер» деген қанатты қағидасы Еркін Дәуешұлы ағамызға арналып айтылғандай. Ол осы қағида үдесінде лайықты қызмет етіп келеді. Баршаға мейірлі шуағын шашқан Ерекең жұбайы Хамила Құлбекқызымен астананың төрінде балалары мен немерелерінің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуде.

Мағжан САДЫХАНОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар