Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Күй жәрмеңкесі» елорда мен домбыраны ұлықтады - АРҚА АЖАРЫ

«Күй жәрмеңкесі» елорда мен домбыраны ұлықтады

Ұлттық домбыра күні және Астананың 25 жылдығынаорай «Күй жәрмеңкесі» жетінші мәрте өтті. Қазақ өнерін құрметтеген елордалық зиялы қауым өкілдері дауылпаз күйші Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталған күй кеші өте әсерлі өтті.

«Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышевхалқымыздың төл өнері – күйді дәріптеу мен жастар арасында насихаттаудың маңызы зор екенін айта келіп, осы шараны тамашалауға келген қонақтарға ризашылығын жеткізді.

Қоғам қайраткері, заңгер Ирак Елекеев:

–Жалпы, біз танымал тұлғалардың есткерткіштерін не үшін орнатамыз? Әр көшенің бұрышында елеусіз тұра бергені дұрыс емес. Ескерткіштер алаңында мәдени іс-шаралар өткізіп тұрғанымыз абзал. Бұл бір жағынан сол тұлғаға құрметіміз болса, екіншіден, жастардың патриоттық сезімін оятамыз. Айталық, Астанада домбыра ұстап тұрған өнер иелеріне арналған 7-8 ескерткіш бар екен. Бұған дейін Құрманғазы мен Жамбыл ескерткіші жанында ғана бір-бірден осындай күй кеші өткізілді. Домбыра – қазақтың ұлттық құндылығы, киелі өнер аспабы. Халқымызға күй құдіретін сыйлаған Құрманғазы мен Динаға деген құрметіміз ерекше. Күй – ұлттық рухты көтеретін музыкалық қуаты күшті таңғажайып туынды! Осы байлығымызды өскелең ұрпақ санасына сіңіре білсе, халқымыздың болашағы жарқын болатыны сөзсіз, – деді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші-ұстаз, профессор Айтжан Тоқтағанқазіргі таңда жеке қолда сақталып келген «Тамшы домбыра» деп аталатын ерекше аспабымызды жұртшылыққа таныстырды. Бұл домбыраны Нарбек есімді шебер қарағайдан тұтас ойып жасаған екен. А.Тоқтаған ерекше аспаптың тарихы мен дауысы туралы айта келіп, осы «тамшы» домбырамен кезінде Дина насихаттап өткен Құрманғазының «Қайран шешем» күйін тартып, көпшіліктің құрметіне бөленді.

«Сағыныш сазы» ансамблі бірнеше күй орындап, жиналған қауымның ықыласына бөленді. Танымал қобызшы Бақытгүл Кәрібайқызы композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін көпшілікке тарту етті.ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Бекенов туындының шығу тарихын айта келіп, Құрманғазының «Ақсақ киік» және Динаның «Той бастар» күйін орындады.

Келесі кезекте белгілі өнер қайраткері, күйші Теміреш Кереев Қазанғаптың «Құс қайтару» күйін көрермен назарына ұсынды. Ал, техника ғылымының докторы, профессорДәурен Ахметбаев Құрманғазының «Балқаймақ» күйін шертіп, өз шеберлігін танытқанда, жиналғандар ду қол соқты. Сондай-ақ, өнерсүйер қауым домбырашы, республикалық байқаулардың лауреаты Аида Ахметованың орындауында Д.Нұрпейісованың «Науысқы» күйін жылы қабыл алды.Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Әріпбай Досберген мен Кенжебек Әділов екеуі күй тартыстың әдемі үлгісін көрсетті.

Дәстүр бойынша атасы немересіне бата беріп, домбыра сыйлау рәсімі де өтті. Астана қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, Алматы аудандық ардагерлер бірлестігінің жетекшісі Марат Мұстафин алты жасар Тасқожа Дәукеновке ұлттық аспабымызды табыс ететінін жеткізді. Бір ерекшелігі, Тасқожаның анасы «Жерұйық» саябағы мен осы «Күйшілер» аллеясының жасыл-желегін күтіп, гүл өсірушісі Гүлбаршын Сарбасова екен. Ол толқи сөйлеп, баласына мұндай сыйлық жасаған ел азаматтарына алғысын білдірді.

Бұдан кейін өз өнерлерін көрсетушілерге кезек берілді. Қазылар алқасының шешімімен дарынды жас Раяна Нарымбет үздік шығып, үкілі домбыраға ие болды. Өзге қатысушыларға да сый-сияпат берілді.

Бұл күні күй мен домбыраға айрықша құрмет көрсетілуі қажет және рухани байлығымызды дамытатын мұндай іс-шаралар барша қазақ жерінде тұрақты өтуі тиіс деген ұсыныстар алға тартылды.Аталған шараны Астана қалалық қоғамдық кеңесі, елорданың Алматы аудандық әкімдігі және «Күй анасы» ­республикалық қоры ұйымдас­тырды.

Айбатыр САМИҒОЛЛАҰЛЫ.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар