Жалындаған жастарға, тірек болған Астана!

Үлбіреген жүректерге үкілі үміт сыйлаған, аппақ арманға қанат бітірген, болашаққа баспалдақ болған, кемелді келешекке жол ашқан жарқылдаған жастардың мекені, құт қонған киелі орда, әрине, ол  Астана қаласы! Ерке Есілді бойлай, тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күре тамырында бой көтерген Астана әлем қаласы атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Көркем қала ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың  бірі екеніне ешкім дау айта алмайды.

Биыл арман қала Астананың бой көтергеніне тура  25 жыл толып отыр. Әрине, тарихи уақыт өлшемімен таразылайтын болсақ, 25 жыл қас-қағым сәт қана. Ал, адам ғұмыры үшін бір ұрпақтың есейіп, ер жетер шағы. Жаңа қала бой көтерген тұста, ана жүрегінен нәр алып, дүние есігін ашқан кешегі кіп-кішкентай сәбилер де жас қаламен бірге ержетіп, қанаттанды, азамат атанды. Бірі отбасын құрып, шаңырақ көтерсе, енді бірі еліміздің гүлденуі жолында аянбай еңбек етуде. Қалай дегенмен де, арайлы Астана жалындаған жастардың білім алуына, жан-жақты дамуына, бір сөзбен айтқанда болашағына жол ашар құтты мекен емес пе?!.  Шынында да, күн санап көркейген Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айналып отыр. Астанамен рухани жан дүниеміз байып, рухымыз асқақтай түсуде. Көкшетау қаласы астаналық облыс орталығы болғандықтан, Астана қаласы өңіріміздің дамуына тың серпін, жаңа бағыт беріп, қоғамдық сананың қалыптасуына игі ықпалын тигізуде. Әсіресе, жастардың заман талабына сай білім алуына жол ашып берді.  Қазіргі жастар білімді әрі білікті, дүниетанымы мол, көзі ашық, көкірегі ояу. Біз мереке қарсаңында алып бәйтеректей жайқалған арайлы Астанамен бірге жайнап өскен көкөрім жастармен тілдесіп, сөзге тартып көрдік. Олардың еңбекқорлығына, арман-мұратына, жалынды жігеріне қарап, сүйсінесің әрі тәнті боласың. Солардың бірі – «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ақпараттық-аналитикалық орталығының жетекшісі Жайнагүл Қаппасова.

–  Астана мен үшін шынымен де арман қала. Кішкентай кезімнен Елордаға баруды, сол жақта білім алуды алдыма мақсат етіп қойғанмын.
Ең алғашқы арманым 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесінде 2 айға жуық уақыт волонтер болғанымда орындалды. Ол кезде 100 студенттен құралған Ақмола облысының волонтерлері құрамында болып, халықаралық форумның лайықты өтуіне ат салысқан едім. Кейін балалық шағымның арманы орындалып, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне магистратураға мемлекеттік грантты ұтып алдым. Екі жыл бойы білім алып, Елорданың мүмкіндіктерін барынша қолдандым. Жаңа білім, жаңа тәжірибе және өмірлік сабақтар алып, жастық шағымның ұмытылмас сәттерін өткіздім. Орындалатын армандар мен жарқын жастық шақтың Астана қаласы күні құтты болсын!, – дейді Жайнагүл бізбен болған сұхбат барысында.  Жайнагүл білімі терең, білігі ұшқыр маман ғана емес, ол өз елінің нағыз патриоты. Қазақ тіліне уызынан жарыған, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, жүзіне күн ұялаған жылы жүзді Жайнагүлді көрген сайын қазақ қыздарының осындай болғанына қуанасың. Оның әр сөзінен, әр ісінен еліне деген, Отанына деген сүйіпеншілік айтпай-ақ аңғарылып тұрады.

Шынымен де, қазіргі жастармен мақтануға болады. Осындай мақтан тұтар жастың бірі, Астана қаласының тұрғыны Рүстем Елебекұлы. Ол Көкшетау қаласындағы Көкшетау азаматтық қорғаныс колледжін қызыл дипломмен үздік тәмамдаған. Қазіргі таңда  Астана қаласындағы  төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы қызметінде, азаматтық қорғаныс сержанты болып еңбек атқарып жүр.

–Алғашқы еңбек жолым еліміздің бас қаласы Астана қаласында бастау алғанын өзіме бақыт санаймын. Себебі,  Астана қаласы жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа бастау болар баспалдақ. Осында жүріп, білімімді ұштап, жетілдіріп жүрмін.  Елорда – жастар қаласы. Болашағын жас қаламен байланыстырған жастарға мұнда зор мүмкіндіктер қарастырылған. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану әркімнің өз қолында.  Мамандығым – өрт сөндіруші. Мен бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдаған жанмын. Қазіргі таңда Астана қаласындағы  төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы болып жұмыс істеймін. Таяуда Семей қаласында болған алапат өртті сөндіруге мен де өз үлесімді қосып, әріптестеріммен бірге біздерге жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып қайттық. Алдағы уақытта да мамандығыма адалдық танытып, елімнің гүлденуі жолында аянбай еңбек етуді өзімнің азаматтық парызым санаймын, – дейді Рүстем.

Өрт сөндіруші болу жүректің батырлығынан. Жалындаған жас шағында қауіп-қатерден қорықпай, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген Рүстемдей жастарды көргенде іргеміздің берік, келешегіміздің кемел боларына сөзсіз иланасың. Осындай жалындаған жастың тағы бірі – Нұрдәулет Өмірбеков. Ол Шымкент қаласының тумасы. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Болашақта ірі кәсіпкер болуды мақсат тұтқан жас жігіт болашағын Астанамен байланыстыруды жөн санап отыр.   Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінің артиллериялық зениттік дивизионында азаматтық борышын өтегеннен кейін осы Астана қаласында тұрақтап, қазіргі таңда кәсіпкерлікке ден қойған.

–  Карбалас тірлігі қайнаған үлкен қалада бәсекелестік өте көп. Бәсекелестік бар жерде, үнемі ізденіс, даму бар. Астана менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті, есейтті, білімімді шыңдады.Қарқынды дамып жатқан қаланы көргенде кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Мен де Елордамның тұғыры бұдан да биік, абыройы бұдан да асқақ болғанын тілеймін, – дейді Нұрдәулет.

Иә, біз жоғарыда тілге тиек етіп өткен жастардың арасында қол қусырып қарап отырғаны жоқ. Бірі кәсіпкер, бірі басшы, енді бірі мәртебелі мамандық иесі. Жаңа Қазақстанның жалындаған жастарын еліміздің кемелді келешегі деуге әбден негіз бар.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар