Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарының құрылысымен және күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, тиісті басқармалардың басшыларына жұмыс сапасымен қарқынына баса назар аударуды тапсырды.
Аймақ басшысы қаланы аралауды Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының онкологиялық орталығынан бастады. Мұнда биылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Облыстық аурухананың басшысы Нұрлан Жаровтың айтуынша, «КазЕвроСтрой» серіктестігімен жалпы сомасы 401,3 миллион теңгеге келісім-шарт жасалып, биыл 280,9 миллион теңгеге тиісті жұмыстар атқарылмақшы. Екі жылға созылатын жоба бойынша бүгінгі күні орталықтың 2-ші және 3-шіқабаттарында демонтаждау жұмыстары аяқталып, ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі болған қалалық №1 мектеп-гимназиясында биыл тағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін 2020 жылы облыстық бюджет есебінен оның жылу, су, кәріз жүйесіне күрделі жөндеу өткізілген болатын. Биыл білім ордасының терезелері мен есіктерін, қасбеті мен едендерін жөндеуге жергілікті бюджеттен 316 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылып, жаңа оқу жылының басына дейін аяқтау көзделген. Мектеп-гимназиясындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексеру кезінде білім ошағының директоры Сандуғаш Нұрқанова жағдайды баяндап берді. Облыс басшысы жаңа оқу жылының басына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Бұдан әрі облыс басшысы «Оқжетпес» стадионының футбол алаңында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қарап көрді. Мұнда жалпы аумағы 7700 шаршы метрді құрайтын алаң сұйытылған жылыту жүйесімен көмкерілмекші. Жобаның мердігері – «СКБ Констракшн» серіктестігі. «Оқжетпес» футбол клубының директорының міндетін атқарушы Юрий Бондаренконың мәлімдеуінше, жоба құны 395,5 милион теңгені құрайды, бүгінге дейін облыс қазынасынан оған 118,6 миллион теңге бөлініп, игерілген көрінеді.
М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасындада биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екі қабатты типтік ғимарат өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған, содан бері бірнеше кіші-гірім жөндеу жұмыстарынан өткен. Күрделі жөндеуге облыс бюджетінен 409 миллион теңге қарастырылған, биыл бұл соманың 211 миллион теңгесі бөлініпті. Облыстық кітапхананың директоры Қуаныш Оспанның айтуына қарағанда, ғимараттың жертөлесінен бастап, жылу жүйелері, терезелері мен қасбеті, есіктері ауыстырылып, жөнделеді. Бүгінде бөлінген қаржының 80 миллион теңгесі игеріліпті.
Қалалық №2 учаскелік полиция бекетінің және «Инклюзияға қадам» атты аутизм дертіне ұшыраған балалардың дамыту орталығындағы жөндеу жұмыстарын пысықтап болған соң, аймақ басшысы №4 арнайы мектеп-интернатының жанынан салынып жатқан қосымша ғимараттың құрылысын барып көрді. Құрылысқа облыстық бюджеттен өткен жылы 178,4 миллион теңге қаржы бөлінсе, биыл 709 миллион теңге қарастырылған.Сондай-ақ, облыс әкімі осы жолы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің жатақханасының құрылысымен танысты. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтың айтуынша, нысанның құрылысымен мердігерлік ұйым ретінде «NAK Construction» серіктестігі айналысуда. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 839 миллион теңге бөлініп, оның 241 миллион теңгесі игерілген. Облыс әкімі ішкі жұмыстарды тез аяқтап, ғимаратты келер оқу жылына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Бұдан әрі аймақ басшысы облыстық балалар ауруханасына барып, ондағы инфекциялық бөлімшенің күрделі жөндеу барысымен танысты. «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» мемлекетік коммуналдық кәсіпорынның директоры Серікжан Сабыралиев жөндеу жұмыстары үшін «ЭкоСтрой Групп» серіктестігімен жалпы сомасы 171 миллион теңгеге келісім-шарт жасалғанын айтты.
−Бөлінген қаражатқа біз толығымен күрделі жөндеу, жұмыстарын атқарамыз. Қазіргі уақытта жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, инженерлік және электрлік желілерді құру толығымен аяқталды. Желдету шахталары 80 пайызға орнатылды. Жөндеу жұмыстарының дұрыстығынтехникалық қадағалау қызметкерлері бақылайды. Егер қандай да бір ескертулер болса, біз түзетуге тырысамыз,−деді ол. Мекеменің жөндеу жұмыстарын көріп танысқан соң, Ермек Маржықпаев бұл аурухананың қала үшін маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол мердігерлерге барлық жұмыстарды уақытында сапалы аяқтап, жақын арада нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.