Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерте қамданған қапы қалмайды - АРҚА АЖАРЫ

Ерте қамданған қапы қалмайды

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» қыраулы да қатал қыс әрдайым біздің өңір тұрғындарын абыржыта, сескендіре келетіні бар. Өткеннен сабақ алуға селқостық басым.

Өткен жылы Степногорск қаласының тұрғындары қыс бойы алаңдап шықты. Қаладағы жылу электр орталығы сонау 1966 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жіті көңіл бөлініп, күрделі жөндеу жасалмапты. Жылу электр орталығымен қаланың арасындағы 21 шақырымдық құбыр мен қала ішіндегі жүздеген шақырымдық жылу құбырының 60 пайыздан астамы қаусап, тозып тұр.  Қыста қысым көбейген кезде желі бойындағы апаттың жиі болатындығы да сондықтан. Бұл туралы облыс әкімінің таяуда өткізілген баспасөз конференциясында да айтылды.

Өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге 3 миллиард теңге қаражат жұмсалса, үстіміздегі жылы осы мақсатқа 5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Жылу электр орталығының бір бөлігі қалалық шаруашылық балансына алынған. Қазіргі күні ең тозығы жеткен құрылғылар жөнделу үстінде.

Орталықтың үш қазандығы және су қыздыратын қазандығы күрделі жөндеуден өткізілген. 2021 жылы жалпы көлемі 2 миллиард теңгеге жылу электр орталығының негізгі және қосымша жабдықтары жөндеуден өткізілгенімен, қала тұрғындарын жылумен толық әрі сапалы қамтамасыз ете алмай отыр. Өткен қыста қала тұрғындары тарапынан арыз-шағым үзілмеді. Арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтағанымен, қыраулы қыста қол қысқа. Сондықтан, қатал сыншының тезіне төтеп беруді жазда ойлаған дұрыс. Сол кезде қала әкімдігі тарапынан жылу электр орталығының қондырғылары тозуымен қатар, кадр тапшылығы туралы да уәж айтылған. Мәселен, жылу беру маусымында 88 маманның орны бос тұрды. Атап айтқанда, қазандық машинистері, турбина және қазандық операторлары тәрізді бесаспап мамандар қасқалдақтың қанындай тапшы болып тұр. Білікті сантехниктерді күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайсың. Бұрынғы он саусағынан өнер тамған мамандар әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Олардың орнын толтыратын жас буын бейнеті көп, еңбекақысы аз мамандыққа қызығушылық танытпайды.  Маман болмаған соң іс алға жылжыр ма?! Оның үстіне қаладағы көп қабатты үйлердің басым көпшілігі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Жертөлелердегі жылу тарататын жүйенің де тозығы жеткен. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, тозығы жеткен дүние уақытылы жөндеу көрмеген. Әрине, пәтер иелері кооперативтері мен көп қабатты үйдің тұрғындары бұл мәселені өздері шешуі керек. Екіншіден, қаланың ішкі жылу желілерімен жылу электр орталығынан келетін 21 шақырымдық желіні түгел ауыстырмай болмайтын тәрізді.

Биыл жаз шыға қала басшылығы қауырт қимылға көшкен. Әрине, Үкімет қорынан бөлінген қаржының көмегімен коммуналдық меншікке алынған 29 шақырымдық жылу желісі жөнделуде. Бұл жұмысқа 2 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Жұмысты атқарушы мердігер «УК Строй» серіктестігі. Серіктестікке алдын ала  төлем ретінде 600 миллион теңге қаражат бағытталған. 160 метрлік ор қазылды. Қажетті құбырлар маусымның 14-інен 17 шілдеге дейін жеткізілмек. Өзге де қажетті құрылғылар екі аптаның ішінде Степногорскіге әкелінеді деп жоспарлануда.

Мұндай мәселе облыс орталығында да бар. Өйткені, Көкшетау қаласында көп қабатты жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілді. Ал, бұрынғы қазандықтар мұншалықты көлемді жылумен қамтамасыз ете алмайды. Көкшетау шын мәнінде жылу және электр энергиясын өндірмейтін жалғыз облыс орталығы. Қала екі қазандықпен жылытылады. Көмірмен бірге мазут та жағылады. Шығын көп болғандықтан, төлемақының өсуі де ықтимал. Ал, бұл тұрғындардың орынды өкпе-ренішін тудырады. 617 миллион теңге Үкімет қорынан бөлініп, ұзындығы 3,3 шақырым болатын жылу желісі жаңғыртылмақ. Оның үстіне қақаған қысты жылу шығыны болмауы үшін жылу желісі арнайы материалдармен қымталмақ. Бұл жұмысты атқару үшін жоғарыда аталған серіктестікпен 585,2 миллион теңгеге келісім-шарт жасалып отыр. Ескі желіні қопарып алу жұмыстары басталды. Қажетті құбырлар жеткізілді. Сондай-ақ, «Кат Технолоджии» серіктестігімен насостарды алмастыруға келісім-шарт бар. 32,45 миллион теңгеге үш насос алынбақ.

Бірінші және екінші аудандық қазандықтардың түтін мұржасын  жөндеуден өткізу жоспарлануда. №7 су жылытатын қазандыққа ағымдағы жөндеу жасалады. №8, 9 және 10-ыншы жылу агрегаттары ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Бұл жұмысқа 2 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда №8 жылу агрегатының құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық көлемнің 90 пайызға жуық жұмысы атқарылды. Күрделі істі «ПромЭнергоНаладка» серіктестігі қолға алған.

Қысқа қапысыз қамдансақ қана сынақтан сүрінбей өтетіндігіміз белгілі. Демек, арқаны кеңге салудың еш реті жоқ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар