Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір тәулікте 40 шақты өрт оқиғасы орын алған - АРҚА АЖАРЫ

Бір тәулікте 40 шақты өрт оқиғасы орын алған

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен облыс аумағындағы өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары туралы брифинг болып өтті.  Онда департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Далешов өңірдегі қазіргі өрт жағдайы туралы айтып, аймақ тұрғындарынан осы  тұрғыдағы қауіпсіздікті барынша сақтауды өтінді.

Біздің өңірде мемлекеттік орман қоры аумағында өрт туындау қаупі бар маусым5 сәуірден басталғаны белгілі.Жалпы, осы кезеңнен бастап облыс аумағында 62 орман өрті және 2 дала өрті орын алған.

–Өткен тәулікте, нақты айтсақ, 13 шілде күні департамент қызметкерлері 40 шақты өрт оқиғасына шықты. Оның 9-ы өрт, 1-еуі қауіпті метеорологиялық құбылыс, 27-і өрт тұтану, 3-еуі апаттық-құтқару жұмыстары. Бұл оқиғаларға департаменттен 64 арнайы техника мен 371 адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, жергілікті атқару органдары мен орман шаруашылығы мекемелерінен 60 техника мен 200-ден астам адам шықты және «Қазавиаспас» АҚ-нан 1 тікұшағы тартылды, –дейді басқарма бастығы.

Облыс аумағында алдыңғы күні орын алған 5 орман өртінің 2-еуі, яғни, Бурабай ауданының Ақылбай ауылынан 10 шақырым жерде тұтанған орман өрті мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Жеке батыр тауының бөктеріндегі өрт  әлі күнге дейін толық ауыздықталмаған. Орман өрттерінің пайда болу себептері табиғи фактор деп анықталып отыр. Тау бөктеріндегі өрт найзағайдың қатты разрядынан туындаған екен.

Облыс аудандарына тоқталар болсақ, 13 шілдеде Қорғалжын ауданының «Қорғалжын қорығы» МҰТП «Айнабай» және «Бозарал» шатқалдарында қамыс тұтанып, бүгінде онда өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біржан сал ауданында бір орман өрті мен Краснофлот селолық округінің Қайнар  ауылында 1100 гектарды құрайтын құрғап қалған шөпті аумақ жануда. Сондай-ақ, облыста шөп өсімдіктерінің өртенуі бойынша 12 оқиға орын алды, қазіргі уақытта 2 ауданда өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.

Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтардың аумағында туындаған өртті сөндіру мәселесіне келсек, қазіргі уақытта өрт толық жойылған жоқ. ТЖД және жергілікті атқару органдары қызметкерлері жұмыс істеуде, алайда, бәленбай тонналаған қоқыстың түбіне дейін суды жеткізу қиынға соғуда. Қазір онда инертті материалдар себіліп, арнайы ауыр техникалармен бастыру жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетсек, Бурабайауданындағы тұрмыстық қатты қалдықтар аумағындағы  өрт 5 шілдеден бері тоқтамай жатыр.

–Біз бұл орайда төтенше жағдайлар департаменті атынан Ақмола облысы бойынша экология департаментіне санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптардың бұзылуына жол берген кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау қажеттігі туралы хат жолдадық. Оған сәйкес, кінәлі тұлға ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 336-бабы бойынша 50 АЕК сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды, –деді Думан Далешов.

Сонымен бірге, облыс аумағында тұрғын үй секторында 4 өрт оқиғасы орын алған. Шортанды, Целиноград, Егіндікөл аудандары мен Көкшетау қаласында орын алған өрт жағдайларында жапа шеккендер жоқ, өрттің себептері анықталып, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылуда.

Өрт қаупі басталған кезеңнен бастап, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар БАҚ-та халықты өрт қауіпсіздігін алдын алу бойынша көптеген ақпараттар таратуда. Сонымен бірге, елді мекендерде өрт қауіптілігі кезеңіне 1022 адамнан тұратын 210 ерікті өртке қарсы құрылымдар жасақталыпты. Олардың қарамағында 55 негізгі және 396 бейімделген өрт техникасы, 70 өрт мотопомпасы, 1 мыңнан астам өртке қарсы құрал-жабдық бар көрінеді.

Орман өрттерін уақытылы анықтау бойынша жүргізілетін іс-шаралардың бірі –ормандарды жерден және әуеден бақылап, патрульдеу. Өрт қауіптілігі кезеңінде Ақкөл, Зеренді, Бурабай, Бұланды, Біржан сал және Сандықтау  аудандарының орман алқаптарында авиапатрульдеу жүзеге асуда.

Сөз соңында басқарма бастығы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен облыс азаматтарына өрттің алдын алудың маңызды шарты өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтау және орындау болып табылатынын тағы да бір еске салды. Құрғақ желді ауа райында өрт қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізбеуді, жұмыс немесе демалыс кезінде орман және дала алқаптарына барғанда от жағудан және темекі шегуден аулақ болуды, табиғат аясына барғаннан кейін тұрмыстық қалдықтарды, әсіресе,күннің ыстығында күннің көзінің қызуынан тұтанатын шыны заттарды қалдырмауды сұрады.

Қазір облыс аумағында өрт қаупі өте жоғары. Сондықтан, өрт анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірі бойынша хабарласу керектігін ұмытпайық!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар