«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директоры Ербол Сағдиев: «Елімен, ерімен кербез ғой біздің Көкше!»

Қазақ әдебиетінің алыптары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаевтан бастап кешегі, бүгінгі небір көрнекті орта буын қаламгерлердің шығармаларына арқау болған Арқаның кербез сұлу Көкшетауының таңғажайып табиғаты кімді болмасын таңдай қақтырмай қоймайды. Жаратқан ием асқан шеберлікпен мүсіндеген осы өлкенің тау-тастары мен орман-тоғайларын, аң-құстары мен өзен-көлдерін қызғыштай қорғауда «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ауқымды істерге ұйытқы болуда. Мұнда жыл сайын 30-40 гектар орман алқабына жас көшеттер отырғызылып, археологиялық, тарихи ескерткіштер мен сирек кездесетін өсімдіктер қатаң бақылауға алынған. Еңбекқор ұжымның бүгінгі осы тыныс-тіршілігі жайлы Көкшетау-Ақмола өңіріне танымал іскер азамат, парк директоры Ербол Сағдиев әңгімелейді.

Сұрақ: «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына жиырма жеті жылдай болыпты. Осы мерзім ішінде табиғат жанашырлары өздеріне жүктелген міндетті қалай атқарып жатыр? Ілгері қадам басушылық бар ма?

Жауап: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 16 сәуірдегі Қаулысымен Солтүстік Қазақстанның таулы-ормандары мен көлдерінің экожүйелерін сақтап, тарихи, археологиялық, ұлттық мәдениескерткіштерін қорғау мақсатында құрылған біздің парк Көкшетау қаласынан алпыс шақырым оңтүстік-батысқа қарай 182076 гектар алқапты алып жатыр.

Дәлірек айтар болсақ, Зеренді, Шалқар, Имантау, Айыртау, Лобанов, Ақбас, Құмдыкөл, Ақкөл табиғат аймақтарының таулы-орманды ландшафтары мен көл акваториясын қамтып отыр. Далалық аймақтарда өсетін саналуан өсімдіктерге бай парктің 60 пайызын орман алқабы құрауда. Әкімшілік құрылымына келетін болсақ, бес филиалымыз бен 3 қорығымыз бар. Парк штатындағы 780 адамның 400-і қарулы күзетпен айналысады.Олардың бәрі KENMOO радиостанциясының байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.Орманды алқаптарға қауіп-қатер төне қалса, өрттің тез жайылып кетуіне жол бермес үшін минералды жолақтар тартылған.Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 11190 шақырымдай екінші жолақ жасауды аяқтаудамыз. Күзде үшіншісі тартылады.

Ұлттық парк аумағында кез-келген қатерді қас-қағым сәтте анықтау үшін 28 өрт мұнарасы орнатылған. Бес бірдей өрт сөндіру станциямыз жұмыс істейді.Аспалы жабдықтары бар 27 трактор мен 16 патрульдік машина, өзге де құрал-жабдықтарымыз сақадай-сай.Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы бас офистегі жедел басқару орталығы арқылыда бақылау жасаймыз. Бұдан басқа екі тікұшақ кезек-мезек 4 сағаттан ұшып, аспаннан бақылау жасайды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық паркіміздің өрт қаупіне дайындық деңгейі 8,6 балды құрайды. Өртпен күресуге полиция және орман инспекциясы қызметкерлерімен жедел топ құрып, бірлесе әрекет етудеміз.Алайда, қаншалықты сақтық шаралары жүргізілгенімен, табиғатқа тағылық мінез көрсету тиылмай тұр.Бұған дәлел, біздің инспекторларымыз өрт қаупі ережелерін бұзғаны үшін 20 әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ, орман ішінде қоқыс төгу оқиғасы да жиі кездеседі.

Ұжымның бірқалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен бөлінетін 1,2 миллиард теңгені ұқыптылықпен жұмсай отырып, арнайы техника сатып аламыз. Сондай-ақ, бейне бақылау арқылы өрттің туу себебін алдын ала анықтауға жұмсалады.Бұған қоса, ішкі туризмді дамытып, 60 миллион теңге мөлшерінде қосымша кіріс табуды ұйғарып отырмыз. Алдағы мақсатымыз – туристердің тынығуына қолайлы жағдайлар жасай отырып, сервистік қызметтің сапасын жақсарту. Бізде ведомстволық базалардан басқа көл жағалауларына жақын орналасқан жазғы үлгідегі демалыс үйлерімізде бар.

Сұрақ: Әңгіме қоршаған орта мен экология жайлы болғандықтан, парк аймағындағы климат пен жер бедерінің, су көздерінің ерекшеліктеріне де тоқталсаңыз?

Жауап: Мәселен, біздің табиғи парк орманды-далалық климатты аймақтарға жататындықтан, жазы ыстық, қысы аязды болады. Алғашқы және соңғы үсіктер қыркүйек пен маусым айларының басында байқалып, жауын-шашынның жылдық мөлшері жазық далада 250-300миллиметрді, қыраттарда 441 миллиметрді құрайды. Сол  себепті, ылғалдың көлемі жауын-шашынның мөлшеріне байланысты. Климатқа қатысты бұл ерекшеліктерге ерекше тоқталып отырғаным – жас көшеттерге әлбетте судың, яғни, ылғалдың көп керек екендігі белгілі. Өзен-көлдердің буланып, тайыздалмауы үшін де қосымша су қорының болғаны жақсы. Парк аумағындағы Зеренді, Имантау, Шалқар көлдерінің жер бедері ұсақ шоқылар мен аласа таулардан бастау алып, жалпақ жазықтармен жалғасып жатады. Яғни, жағажайлары адамдардың суға шомылуына өте қолайлы. Көлдердің бәрі қар суы мен бұлақтан қуат алады. Шалқар көлінің суы тұщы әрі таза. Аздаған су концентрациясының болуы оның емдік қасиетін айқындай түскендей.

Ұлттық саябақ аумағындағы он үш табиғи ескерткіштердің ішінде «Көк мүйіс», «Қарамай», «Қашқын», «Қызыл күрең», «Көкарал», «Шолғыншы», «Қазан жартас», «Көне алап», «Сүйір», «Қостау», «Үңгірлі сарқырама», «Айыртау» шоқылары мен аралдар көлдерге жақын орналасқандықтан,тынығушылардың ерекше қызығушылығын туғызуда. Елең етерлік қызықты аңыздар да көп.Мәселен, «Көкарал» сонау VІІ ғасырда Зеренді көлінің ішіндегі арал болыпты. Ал, бертінгі ғасырларда көл суының азаюына байланыстытүбекке айналған. Қазір бұл жерде демалыс базалары орналасқан. Адамдардем алуға көп келеді. Имантау көлінің ортасындағы «Тасарал» биіктен қарағанда жүрек іспеттес. Бұл жерде Көкше өңірінде сирек кездесетін арша ағашы өседі. Сондай-ақ, су мен желдің әсерінен пайда болған экзотикалық жартастар әртүрлі мүсінді көз алдымызға елестеткендей.Ертеде «Айыртау» шоқысы манында  үлкен шайқас болып, ағалы-інілі қос батыр жау садағының оғынан қаза тауып, үлкенді-кішілі төбешікке айналса керек. Қарындастарының көз жасынан пайда болған көл «Айыртау» деп аталыпты.Жергілікті қариялардың айтуына қарағанда, көл жағалауында өсіп тұрған жеміс-жидектер қан тамшыларынан пайда болған сынайлы.

Сұрақ:Жануарлар мен өсімдік әлеміне саяхат жасап, курортты өңірдің фаунасын көз алдымызға елестетіп көрелікші?

Жауап:Парк аймағында сібірлік тайганың бұлан, сілеусін, сусар, ақ қояны мен далалы және шөлейтті аймақта тіршілік ететін қарсақ, сарышұнақ, ор қоян өмір сүруде. «Орманды бұлақ» филиалында Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген бұғылар да тез жерсініп кетті. Сонымен бірге, мұнда аққұр, борсық, кәдімгі бурозубка, елік те  жиі кездеседі. Ал, өзен-көлдерде су тышқаны мен ондатра мекендейді.

Ұлттық табиғи паркінің аумағында өсімдіктердің шамамен 600-ден астам түрібар. Олардың ішінде бұғы мүгі, көктем жанаргүлі, кәдімгі шолпан кебіс, көне дәуір қыналары Қызыл кітапқа енгізілген. Парк дирекциясы мен мамандарының белсенді қызметінің арқасында эталондық және сирек кездесетін өсімдіктер мен хайуанаттың кейбір түрлерін мүлдем жойылып кетуден аман сақтап қалдық. Осы бағытта республикамыздың ғылыми мекемелерімен тығыз байланыс жасай отырып, адамдардың экологиялық сауатын арттыруға да айрықша мән берудеміз. Атап айтқанда, парктегі өсімдіктер мен жануарлардың тізімін жасау, мекен еткен ортасын зерттеумен де айналысамыз. Әсіресе, өсімдіктердің табиғи өсімі мен санитарлық жағдайын анықтау ерекше маңызды.

Жалпы аумағы 28,9 гектарды құрайтын дендропарктің негізі 1904 жылы қаланыпты. Мұнда жүз жылдық тарихы бар екпе ағаштарды байқауға болады.  Бұта тұқымдастардан сары акация, жұпаргүл, таңқурай, аюбадам, тошала, ағаш-бұта тектестерден қарағай, шырша, бал қарағай, қайың, көктерек, ұсақ жапырақты жөке, терек, татар үйеңкісі, ұшқыр жапырақты үйеңкі, барлығы отыздан астам ағаш түрі кездеседі. Сондай-ақ, дендропарктің оңтүстік-шығыс бөлігінде жеміс бағы орналасқан. Оның негізі 1962  жылы қаланды.

Сұрақ: Ұлттық табиғи парк аумағындағы 185-ке жуық археологиялық, тарихи, монументалды өнер ескерткіштерінің ғылым мен мәдениетке қосар үлесі жайлы ой бөліссеңіз?

Жауап:Біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV ғасырды қамтитын Ботай мәдениетіне қатысты ғылыми жаңалықтар бүгінгі таңда әлемдік сипат алып отыр. Иман-Бұрлық өзенінің жағалауын мекен еткен жергілікті тұрғындар сол кезде-ақ жылқыны қолға үйреткен ғой. Ғалым Виктор Зайберттің жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстарының барысында 60 мыңнан астам сүйек пен тастан жасалған заттар: балта, жебе, найзаның ұштары, пышақ, сүйек ине, ыдыс сынықтары табылған. Ботайлықтар үйлерін тастан, ағаштан,балшықтан дөңгелек пішінде жасаған.Төбесіндегі түтін шығатын тесіктер кәдімгі қазақ киіз үйін еске түсіреді.

Сұрақ: Сіз Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше аудандарында әкім де болдыңыз. Ал, қазіргі таңда ұлттық табиғи паркке жетекшілік етуіңізге не себеп болды?

Жауап: Сағдиевтер әулеті – Көкшетау-Қызылжар өңірі мен Орта Жүзге әйгілі тұлғалар Зілқара-Шопан-Әлібектің ұрпақтары. Қарашадан шығып, хан атанған Зілқара Көкшетау дуанының аға сұлтаны болған кезінде ақ патшаға кілең бір түсті, асыл тұқымды үш жүз арғымақты сыйға тартып, санжар-бекзадаларды таңдай қақтырған ғой. Ал, әкесінің атақ-даңқын қазақ сахарасына жайып, батыр атанған Әлібек әннің ақсұңқары Ақан серіні бауырына тартты. Шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік Құлагердің атағын ең алғаш үш жүзге жайды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Өндіріс» колхозының төрағасы болған Рамазан Сағдиев бертіндері өзінің туған ауылына келіп, өмірінің ақырғы сәтіне дейін орманшы болды. Атамның басшылығымен отырғызылған жасыл-желекті жерлестері мақтанышпен «Рамазан тоғайы» деп атайды. Қатардағы трактор-егіс бригадасының есепшісінен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы дәрежесіне дейін көтерілген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиев 1985-1989 жылдары Көкшетау обкомының бірінші хатшысы болғанында Зеренді көлінің жағалауында қарағай плантациясын отырғызыпты. Балғын қарағайлар қазір  кісі бойынан асады.

Бабадан балаға мирас болған осы шаруамен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары болған Мақтайдың ізбасар інісі Болат Рамазанұлы да белсене айналысыпты. Сағдиевтер әулетінің үшінші буыны ретінде табиғат қойнауындағы көл-көсір осынау байлықты қызғыштай қорғау енді міне,  менің еншіме бұйырып, өмірімнің басты қағидасына айналғандай.

Табиғат паркінің күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты басқа да маңызды шаруаларды айтпағанның өзінде жаз шыға қоғамдық ұйымдардың, волонтерлердің, мектеп оқушыларының көмегімен «Мақтай плантациясында» жас көшеттер отырғызумен айналысамыз. Бұл игіліктііске Мақтай Сағдиевтің үзеңгілес әріптестері Көкшетау қаласынан арнайы келіп, қолғабыс жасауда. Бағалы бұл бастамаға қолдау көрсетіп жүрген қазыналы қариялардың қатарынан Болат Жанәділов, Шияп Әлиев, Теңбай Ыбыраев, Тельман Мұқышев, Мағауия Рақымбергенов, Ғосман Төлеғұл, Шабдан Тоқмурзин, Алтай Нұрқасымов, Ермек Бекенов, Оралбек Бекішев, Аманкелді Ақыновты көру мен үшін үлкен ғанибет. Өйткені,  кешегі қиын-қыстау сәттерде олар Мақтай әкемнің қасынан табылып, елдік істерді бірлесе атқарды емес пе!

Реті келген сәтті пайдаланып, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев бастаған ақсақалдарға айтар алғысымыз тым ерекше. «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» тағылымдық-танымдық жобасы бойынша мемлекет және қоғам қайраткерлері Еркін Әуелбеков пен Мақтай Сағдиевтің туғанына 95 жыл, Ұлы Отан соғысының қаһармандары Азнабай Әбілмәжінов, Жанайдар Рамазанов, Бүркітбай Батырханов, Алпысбай Жақыпов, Асылбек Дәулетовтың туғанына 100 жыл толуына орай кең ауқымды мәдени-көпшілік шаралар өткізбекші екен.

Еркін Әуелбековтың 22 маусымдағы туған күні қарсаңында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир де өтіпті. Ал, Мақтай Сағдиевтің ұйғарымымен Көкшетау қаласындағы даланың жалпақ тастарынан қаланған «Мақтай тауы» жанындаоның бюстін орнату жөнінде де ізгі қадамдар жасалып жатқан көрінеді. Егерде сәті түсіп, бұл мәселе ойдағыдай шешілетін болса, ескерткішке қажетті қаржыны туған-туысқандары өзіміз шығарамыз. Ешкімге салмақ салмаймыз.

Иә, Арқаның кербез сұлу Көкшетауында дүниеге келіп, қасиетті де киелі өлкенің дәулетін еселеу жолында мандай тер төге еңбек етудің өзі үлкен бақыт емес пе. Ендеше, алтын бесік– атамекеннің қойнауындағы қазыналы табиғи байлықты қызғыштай қорғап, өскелең ұрпаққа аманат ретінде сақтауды азаматтық парызым санаймын.

Сұхбатты жазып алған Қазақстанның құрметті журналисі
Балталы СӘРСЕНБАЕВ.

Суреттерде: көкшетаулық қариялар табиғи паркте жас көшеттер отырғызуда. (Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар