Шәкәрім туралы

Шәкәрім 1858 жылы дүниеге келген. Ол ұстазы Абайдан бір мүшел кіші. Шәкәрім Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы. Әкесі жастай дүние салған соң, Шәкәрім Абайдың тәрбиесінде болған. Ол туралы 1879 жылы жазған «Жастарға» деген өлең-толғауында былай деген.

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсек – аласың бос береді.
Тұтасымен ешкім жоқ мұны тапқан.

Шәкәрім ұстазының тегін білген, соның нәтижесінде өз сөзімен айтсақ, Абайдың «әртүрлі асылын» ала беруді өзіне мақсат еткен. Сондықтан, Шәкәрім туралы сөз бастағанда негізге алатынымыз Абайдың хакімдігі. Абайды көзі тірісінде хакім деп мойындаған – Шәкәрім. Абайдың өзі айтқандай, әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Тіптен хакімдікті былай қойғанда, ғалымдық деңгейге көтерілудің өзі ақылға сын боларлық іс. Ғалым атану осал шаруа емес, ал Абай болса одан асып хакімдік деңгейге жеткен. Шәкәрімнің еңбектерін қайта-қайта оқыған сайын, менің санама дана, даналық, данышпан деген ойлар орала берді, содан Ғұлама-наменің екінші кітабын «Данышпан Шәкәрім» деп атауды жөн көрдім.

Шәкәрімнің данышпандығы дегенде, мен, оның ақылдылығы, көрегендігі, парасаттылығы және көшбасшылығы туралы айтпақпын. Ол «Құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы»,­– дейді. Кейбір ағайын бүгінгі күннің өзінде-ақ әлемнің құбылмалығынан қауіп-қатер көреді. Ол үшін әлем құбылмай тұрақты болуы керек. Әлем олай болмақ емес. Ақылды адам әлемнің үнемі құбылып тұруын біліп қана қоймай, одан табыс табуы керек. Ақылды жанға әлемнің құбылған жарысы қажеттілік. Мәселені осылай қою, әрине ақылдылықтың айғағы.

Көрегендік дегенде айтарым, Шәкәрім «Жетім бала иесіз, өзі кесер кіндігін»,– деп тұжырым жасағаны есіме түсіп отыр. Жетім өспей ме, жарлы байымай ма, бірақ, баланың Иесі болмаса заман не болмақ, бұл Асан-қайғының «Қарағай басын судағы ақ шортан шалар»–деген идеясымен үндес. Жетім бала дегенде Шәкәрім қазақ халқын айтып отыр, қолдан билік кетіп, бастан бақ тайған заманда күн кешіп отырған данышпанның осылай демеске амалы да жоқ.

Парасаттылық деп, мен ақыл мен сабырдың түйісуін айтамын. Шәкәрім «Ақылды жанның мүлкі – әлем»,– деп тамаша ой қалдырған. Бұл әр оқу орнының көрнекті орнына жазып қоятын ұран-сөз. Әлем ақылды жанның мүлкі, демек, әлемді мүлікке айналдыратын ақыл қандай болуы керек? Менің ойымша, әлемнің құбылмалы жарысында жұтылып, жойылып кетпей, оны мүлікке айналдыру үшін, әрине, парасаттылық қажет. Тек  парасатты жанның ғана әлемді өзінің мүлкіне айналдыра алатын қуаты болмақ.

Көшбасшылық дегенде Шәкәрімнің ой көсемі екендігін айтқым келеді. Ол «Мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты» – дейді. Бұл әншейін өлең жолы емес, бағдарлама. Ақынның шығармаларын тұтас оқып, ойланған адамға бұл бағдарламаның мәнісі ұғынықты болмақ. Ой көсемі болғысы келетіндер ол заманда да, бүгінде де баршылық, бірақ, оларды көбісі, Абай айтқандай, «іші залым, сырты абыз», Шәкәрім айтқандай, «сыртында бал, ішінде зәр».

Шәкәрім «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы» деген өлеңінде данышпандықтың мынандай өлшемдерін атап өткен, олар: мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос. Осы мәселелер туралы кітапта ақынның өлеңдерінің желісіне қарай пайымдаулар жасалған.

Кітаптың бірінші бөлімінде ақынның қырық өлеңіне мәтіндік түсініктемелер жасадым. Бұл жеңіл шаруа болған жоқ. Сірә, ақынның өмірі мен шығармашылығын екі кезеңге бөліп қарастырған жөн болар, бірінші кезең Абайдың көзі тірісіне дейінгі, екіншісі Абайдан кейінгі, яғни, 1904 жылдан 1931 жылға дейінгі аралық. Алғашқы кезең оқуға, ғылымға ізденіс кезі, ақынның кемел шағы – екінші кезең.

Шәкәрім туралы айтқанда мәселе салмағы екінші кезеңде. Шәкәрімнің өмір сүрген уақыты қиын заман еді. ХХ ғасыр Ресей аумағында аласапыранмен басталды. 1905-1907 жылдары ішкі Ресейде әр текті саяси, әлеуметтік, рухани дүмпулер, қозғалыстар қарқынды болғандықтан, олардың әсерлері Қазақстанға да жетіп жатты. Бірте-бірте негізгі саяси күшке айналған большевиктер билік басына келіп, жаңа қоғам құруға белсенді түрде кірісті. Ғасырлар бойы қалыптасқан, сұрыпталған әдет, дәстүр, ұғым, түсініктер, құндылықтар күйреді, қиратылды, олардың орнына жаңа тәртіп орныға бастады. Данышпан Шәкәрім бұл жаңа тәртіпті жүрегімен қабылдай алмады, рухани күйзеліске түсті. Міне, осы кезде жазған өлеңдерге талдау жасау, әрине, қиынның-қиыны.

Даналық, хакімдік негізінде бір мәндес ұғымдар, екеуі де ақылдылықтың өрістері. Даналық деп, мен ізгілікке негізделген ақылды айтамын. Ақыл мен сабыр парасаттылыққа бастаса, оған ізгілік қосылғанда даналық шықпақ. Даналықтың арналары: ізгі ой, ізгі іс және ізгілікке негізделген харекет. Шәкәрім даналықтың осы арнасын біріктіріп, «Кейінгінің қалмалық обалына» деген формула ұсынған. Тіршіліктің мақсаты ұрпақ қалдыру болса, адамзат ғұмырының мәнісі, келер ұрпақтың обалына қалмайтын ізгі ой, ізгі іс, ізгі харекет қалдыру емес пе, бұған кімнің қарсылығы болмақ.

Даналық, әрине, хакімдіктен көрініс әрі өріс таппақ, бірақ, Шәкәрімге хакімдіктен гөрі лайықты ұғым – даналық, себебі, өкінішке орай, ақынның дәуірі болмаған. Біз Шәкәрімнің уақыты туралы айта аламыз, бірақ, оның заманында дәуірлік жүйе болмаған. Шәкәрім жүйесіз заманда өмір сүрген. Ұстазы Абайдың заманы басқа, ол кезде жақсы болсын, жаман болсын отаршылдық жүйе Қазақстанда толық орныққан болатын, сондықтан, біз Абай дәуірі деп айтуға мүмкіндігіміз бар. Шәкәрім заманында ескі дәуір қирап, жаңа дәуір әлі қалыптаспаған өліара шақ болатын. Мұндай жағдайда Абай сияқты ұстаздық құру былай тұрсын, әркімге бас қайғы болған заман еді. Нағыз зар заман Шәкәрімнің заманы. Осы кезде қайғысы мен мұңын арқалап, иесіз қалған балаға пана болмақ ниетте болған, бірақ, онысынан еш нәрсе шықпайтынын сезген Шәкәрім өзіне «мұтылған» деп ат қойған. Мұтылған деген сөздің астарында қайтадан ес жинау деген қуат бар болатын, сол қуат бүгін есін жиған Егеменді елдің рухани қазынасы болып, Шәкәрімді ренессанстық тұлға ретінде зерттеуге мүмкіндік туып отыр.

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар