Ауылда өткен күн қандай!..

Көкшетаулық балалар жазғы демалыстарының бір аптасын Зеренді ауданында өткізіп, ауылдардың тұрмыс-тіршілігімен танысты және ұлттық тағамдардан дәм татып, оларды өз қолдарымен жасап көрді.

Ағымдағы жылғы 19-23 маусым аралығында Көкшетау қаласының № 11 мектеп-гимназиясы әскери сыныптарының 17 кадеті Зеренді ауданының аумағында жазғы демалыстарын өткізді. «Бір апта ауылда» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған шаралар оқушылардың ойынан шықты. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамыту, адами құндылықтар жүйесін құру және нығайту, ұлттық салт-дәстүрге құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған. Бұл мақсаттарды іске асыру, сондай-ақ, Ақмола облысының ауылдық секторын дамыту туралы оқушылардың түсінігін кеңейту үшін облыстық білім басқармасының жанындағы туризм, дене шынықтыру, алғашқы әскери және технологиялық дайындық орталығы2017 жылдан бері қала оқушылары үшін «Бір апта ауылда» әлеуметтік жобасын іске асырып келеді екен.

–Ауылда балалар күндерінқызықты өткізіп келді. Алғашқы күні Зеренді ауданының көрікті жерлеріне экскурсия жасап, тылсым табиғаттың аясында серуендеді, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің ескерткіштеріне барып, аруақтарына тағзым етті. Кейін Кеңөткел ауылына барып, жол бойында Балқадиша, Дүйсен би ескерткіштерімен танысты. Ауылдағы экспедиция бағдарламасы бойынша қазба жұмыстарындаөз көздерімен көріп, ауылға экскурсия жасады. Қай ауылға барса да, оқушылар ауыл тұрғындарымен бірге құрт, сүзбе жасап, қымыз дайындап, түрлі ойындар ойнады, қазақтың қолөнерімен танысты. Жалпы, жоба бойынша балалар әр ауылда ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тағам, ұлттық мәдениетіміздің көріністеріне куә болды, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Индира Қалымжанова.

Ақадыр ауылында балалар ауылдықтардың күнделікті тұрмысымен танысып, бауырсақ пісіріп, бие саууға куә болған. Ақ жаулықты әжелердің айналасын әнге бөлеп, текемет басқан мерекесін тамашалап, құрақ құрау мен ши тоқудыңда қыр-сырымен танысқан. Сонымен бірге, оқушылар жоба аясында Исаковка ауылына ат басын тіреп, сол елдімекеннің тарихынан сыр шертетін мектеп мұражайында болып, осы өлкенің інжу-маржаны атанған «Әулие бұлақ» сарқырамасына барыпты. Сарқырама Көкшетаудан 100 шақырым жерде орналасқан. Ол Қасқатау тауының етегіндегі Ұялы ауылынан бастау алады. Қатысушыларға бұл жердің ерекшеліктері мен қасиеттері, аңызға толы киелі орын екендігі түсіндірілді.

Келесі күні қатысушылар 11 шақырымдық жаяу жорыққа шықты. Олар туристік дағдылардың элементтерін меңгеріп, дюльфер арқылы таудан төмен түсіп, параллельді өткелден өтті. Жобаның қатысушылары өздерін нағыз туристей сезініп, бұл күн естерінде ерекше әсермен қалыпты.

Мәлік Ғабдуллин ауылының негізгі орта мектебінде қатысушылар Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин туралы көптеген мағлұматтар алды. Батыр атындағы ауылда қазақтың ұлттық ойындарын, соның ішінде «ханталапай», «тауықкүрес», «аударыспақ», «хан Алшы», «соқыр теке», «қол күрес», «арқан тарту» ойындарын ойнады, «қыз қуу» мен бәйгені тамашалады.

Ортағаш ауылында балалар ағаш бұйымдарын жасау, оның ішінде «Астау жасау» жұмысынтанып білді. Балалар белсенділік танытып, астау жасаудың бір тәсілі – шапқымен шабу түрін жасап көрді. Бұл ауылда балалар сиыр сауу,  сауылған сүтті электр сепататорынан өткізу тәсілдерін үйреніп, «Қамыр жазу» шеберлік сыныбына қатысты, сондай-ақ,  атқа мініп, алтыбақан теуіп, уақыттарын көңілді өткізді.

Жобаның соңғы күні балалар Красный Кордон ауылына барып қайтты. Бұл ауыл тарихы орман шаруашылығымен, орманды қорғаумен тікелей байланысты. Мұнда балалар Зеренді ауданындағы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен, флора мен фаунаның ерекшеліктері туралы қызықты фактілермен танысты. Одан кейін жоба қатысушылары Красный Кордон ауылының үй-мұражайына барды.

–Мұндабір кездері, яғни, 1898 жылы орманшының үйі салынған екен. Қазақстан аумағында осындай 40-қа жуық үй-жай болыпты. Қазіргі уақытта солардың тек екеуі ғана сақталыпты. Бірі Қарқаралы ұлттық саябағында,ал, екіншісі «Көкшетау»мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында»,– деді мұражаймен таныстырған мектеп орманшылығының жетекшісі Андрей Соболев.

Жобаға қатысушылар мектеп орманшылығының жас экологтарымен бірге мектептің шағын питомнигінде ағаш көшеттерінің сирек кездесетін түрлерін суару және арамшөптерден тазарту сияқты шаруаның басын қайырды.

–Мен осы бес күн аралығында Зеренді ауданының ауылдарына барып келдім. Әсіресе, көп есте қалғаны Ортағаш пен Кеңөткел ауылдары. Онда біздер ер қанаты – атқа міндік, ұлттық ойындармен таныстық, ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйрендік. Сол ауылдардың тұрғындарына қонақжайлылықтары үшін алғысымды білдіремін, –дейді Көкшетау қалалық №11 мектеп-гимназиясының оқушысы Әлімбет Мансұр.

Барлық жоба қатысушылары шара соңында ұйымдастырушыларға алғыстары мен жылы лебіздерін жеткізіп, кейбіреулері тағы қайтып оралуға ниеттерін білдірді. Олай болса, ұйымдастырушылардың мақсаты орындалды, балалар зор қуанышқа бөленді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар