Биыл ақмолалық мал сүмесімен күн көрген ағайын 458 мың ірі қара, 250 мың жылқы, 569 мың қой, 40 мың ешкіні қыстатқалы отыр. Осынау малға 1 миллион 260 мың тонна мал азығы қажет.
Әзірге 316 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл жоспардың 25 пайызы. Көктемнен бері жауын-шашын болмағандықтан, шабындықтағы шөп бой салып, өспей қалды. Сол себепті малсақ қауым алаңдаулы.
– Биыл Ерейменнің етегін жайлаған жалпақ жұрттың көңіліне күдік кіріп тұр, – дейді «Бәке» шаруа қожалығының өкілі Балтабай Қосыбаев, – Қолат қойнаудағы, Ерейменнің жалпақ жонындағы табиғи шөп мүлде шықпай қалды деуге болады. Бұрын-соңды табиғаттың мұндай мінезін көрмеген ағайын қазір мүлде абыржып отыр. Мал азығына деп еккен арпа ылғал болмағандықтан, ерте бастанып, көтерілмей қалды. Жыл сайын Өлеңті өзені көктемгі қызыл су жүрген кезде шабындықтарға жайылып, ылғалдандыратын. Қарағанды өңірінен бастау алатын өзен биыл тасыған жоқ. Сол себепті, шабындықтарға ылғал жетпеді. Төңіректегі Ажы, Бозтал ауылдарында да осындай жағдай.
Шаруа қожалығы өкілінің пайымдауына қарағанда, тығырықтан шығатын жалғыз жол – «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы ағаш бауырында бітік өскен шөпті шабуға рұқсат алу. Әрине, ұлттық паркке зиян келтірмеу керек. Малсақ қауымның айтуынша, парк аумағындағы шөпті шабу екі жаққа да тиімді. Біріншісі төңіректегі ел жылдар бойы шалғының тісі тимеген құнарлы жерден мал азығын жинап алатын болса, екіншіден, парк аумағында бойлап өскен шөпті уақытылы шауып алса, кейін қау шөп те болмайды. Ал, қау шөп өртке бейім, әбден қурап тұрған шалғынға қатер көп. Тек бұл үшін өзекті мәселеге аудан басшылары араласып, екі жаққа тиімді мәмілеге келуі керек.
–Ұлттық парктің 70 пайыз жері Ерейментау ауданының аумағында, –дейді Балтабай Қосыбаев, – Аудан тұрғындары өз жерлерінің игілігін көрулері керек қой. Сәуір айының 4-і күні шаң басар жауын жауды. Содан бері аспаннан нәр тамған жоқ. Қар суы да аз болды. Ендігі амал бар малды сатып құтылу. Шаруа қожалығы 700 бас қара мал, 500 жылқы бағып отыр. Бұл біздің ұзақ жылдар бойы табанды еңбегіміздің нәтижесі. Мал да баққанға өседі емес пе. Қаншама жылғы бейнетпен өсірілген малдан айырылу біз үшін тілмен айтып жеткізгісіз ауыр соққы болар еді.
Үстіміздегі жылы Жарқайың, Есіл, Ақкөл аудандарында өзге өңірлерге қарағанда ылғал аз түскен. Өзге өңірлердегі шабындықтардың шығымы көңіл көншітпейді. Қазіргі күнгі мәліметке қарағанда, мал азығын дайындауда Егіндікөл, Есіл, Аршалы, Астрахан, Шортанды аудандары біршама өнімді жұмыс істеуде. Айталық, Есіл ауданы жоспардың 54,5 пайызын орындаса, Егіндікөл ауданы 48,3 пайыз межесіне жетіп отыр. Ал, Целиноград ауданы көштің соңында келе жатыр. Біржан сал ауданында да жылдық меженің 10 пайызына ғана жеткен, Бурабай, Бұланды аудандарындағы ахуал алаңдатарлықтай. Шалғайдағы Жарқайың ауданында тіпті қиын жағдай қалыптасып отыр.
–Бірсуат ауылындағы «Құлагер» шаруа қожалығы мал өсірумен айналысады, –дейді шаруа қожалығының басшысы Шынар Әбенова, – Көктем туғалы біздің ауылдың төңірегінде бір тамшы жауын жауған жоқ. Халық жыл сайын Балуан көлін жағалап, мал азығын дайындайтын. Қазір шабындықтарда шөп жоқ. Қыс қамын ерте ойлайтын малсақ қауым шалғайдан тасымалданатын шөпті сатып алуда. 250-300 келілік шөп бумалары 10 мың теңгенің төңірегінде. Мал азығын сатып алып, мал бағу мүлде тиімсіз. Бірақ, басқа амал жоқ.
Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, 700 гектар жайылымдық жер болғанымен, шабындық жер мүлде бөлінбеген екен. Жыл сайын қажетті жемшөпті сатып алады. Осыншама қиындықпен жағаласып жүріп, азық-түлік молшылығын жасауға атсалысып, ең бастысы әупірімдеп өз күндерін өздері көріп жүрген қарапайым шаруалардың жағдайын жете ойластыратын күн қашан туар екен?!
Биылғы қыс ақтылы мал өсіріп отырған ауылдағы ағайынға сынақ болғалы тұр. Алдағы уақытта тиісті органдар күні бұрын қыс қамын жеп, шаруаны ширата түссе жөн болар еді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.