Спартакиада – кәсіптік мерекеміздің көркі

Металлург күні – облыс орталығының іргесіндегі «Altyntauу Kokshetau» акционерлік қоғамының қызметкерлерінің де кәсіптік мерекесі. Осы атаулы күнге орай, жылда ұжым мүшелері арасында компания спартакиадасын өткізу берік дәстүрге айналған. Бұл спорт жарысын біздің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырып, өткізеді.

Спорт біздің компанияның қызметкерлері үшін сырттай таныс қана сөз емес. Осында еңбек ететін инженер-техник қызметкерлер мен жұмысшылардың көбі оны тікелей өздері арқылы сезініп, білуде. Олар спорт күнделікті жұмыстарына көмектесетін ерік-жігер күші, шындалып, шынығу мектебі, рухани жан дүниенді байытудың бір түрі екендігін жақсы біледі. Сондықтан да, компания кәсіподағы ұйымдастыратын дәстүрлі спартакиаданың әрбір жарысына белсене қатысады. Әрине, бұл ретте, осыған біздегі салалық құрылымдардың басшылары өздері бірінші болып үлгі-өнеге көрсетеді.

Міне, акционерлік қоғамымыздың түрлі жұмыс буындарындағы қызметкерлердің жақсы көңіл, жақсы ниетпен спорт алаңдарында бастарының қосылып келе жатқандығына он жылдан асты. Байытушылар мен металлургтар, кеншілер мен тиеу техникасының машинистері, энергетиктер мен механиктер – әртүрлі мамандықтардың өкілдерін жеңіске деген жігер мен салауатты өмір салтына ұмтылыс біріктіре түскен. Компанияның барлық құрылымдары өндірісте алтынды неғұрлым мол өндіру үшін ғана емес, сонымен бірге, спортта да жоғары жетестіктерге жетуге ұмтылатындары қуантады.

Спартакиада осы бірлік пен жарасымдылыққа жақсы бір мүмкіндік десек, оған қатысатын біздің спортшыларымыз да компания мақтаныштары. Өйткені, олар еңбекте жоғары жетістіктерге жетумен қатар, спорт алаңдарында осындай жарыс көрігін биыл он үшінші рет қыздырып отыр. Бұл жолы алтын өндірушілеріміз спорттың сегіз түрі: армрестлинг, жүзу, арқан тарту, гир спорты, жеңіл атлетика, шағын футбол, волейбол және теннистен күш сынасты.

Спартакиада барысында өткен жылдары жаңадан құрылған командалардың өздері бұл күндері толысып, нығайып, кез келген қарсыласқа оңай шағылатын жаңғақ еместіктерін көрсетті. Бұл әрине, олардың жылдан-жылға еңбек пен спортты қатар алып жүрулерінің арқасы. Сонымен, үш аптаға созылған жарыс барысында спортшыларымыз негізгі жұмыстарынан тыс уақыттарында өздері қатысатын спорт жарыстарымен ғана тыныстады десе де болады. Бұл күнге даярлықтарын ерте көктемде бастап кеткен қыз-жігіттеріміз осы уақыт аралығында біріншіден, адам денсаулығын нығайтатын, екіншіден, өмірге құштарлықты арттыратын, әркімге денсаулық сыйлайтын спорттың қадірін жете түсініп, одан қол үзбеудің маңызы зор екендігін жете ұға түсті. Барлық жарыс түрлері бойынша бәсекелер өте  тартысты адал өтті. Ең бастысы, мұндай шаралардың  ұжым мүшелерін одан әрі тығыз топтастыра түсетіндігіне көзіміз жетті. Ал, бұл алтын өндіруді жылдан-жылға қалыпты деңгейде ұстап, өндірістік көрсеткіштерді көздеген деңгейден түсірмей келе жатқан компания ұжымының алдағы жемісті жұмысының да кепілі деп білеміз.

Алдымыздағы 17 шілде күні компания қызметкерлері арасында өткізілген осы дәстүрлі спартакиадамыздың ресми жабылу салтанаты өтеді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері әдеттегідей, комбинаттың Құрмет грамоталарымен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болады. Осылайша спорт кәсіподақтың бірлігін нығайтып, жаңа  табыс көкжиектеріне жол ашады.

Әнуарбек АЛЕНОВ,
«Altyntauу Kokshetau»  акционерлік қоғамы
кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар