Бақпағанға мал біте ме?..

Шалғайдағы Ш.Уәлиханов ауылы етек-жеңі кең пішілген, 250-ден астам отбасы тұратын іргелі елді мекен. Ауыл тұрғындары әрқилы себеппен төскейін төрт түлік малға толтыра алмай, берекесі қашып отыр.

Байыптап қарасаңыз, басты себебі, көптеген осы тақылеттес ауылдар тәрізді шүйгін жайылым мен құнарлы шабындыққа жарымай отырған жайы бар. Ауылдың жанын жалай темір жол өтеді. Мал ұстаудың бейнетін молайтып тұрған да осы темір жол. Темір жолды жиектей сәл әріректе әсірелеп айтқанда тоқымдай жайылым болғанымен, әбден тозығы жетіп, сәл жел тұрса, топырағы суырылатын тулаққа айналған. Осы арада мына бір мәліметті келтіре кетсек артық болмас еді. Еліміздегі табиғи жайылымның аумағы 182 миллион гектарды құрайды. Тұлпардың тұяғын тоздыратын, сұңқардың қанатын талдыратын, ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр дүние емес пе? Тіпті, кеңістігін көз алдыңызға елестете алмас едіңіз. Бірақ, осы жердің 100 миллион гектарға жуығы бүлініп, тұзы бетіне шыққан сорға айналған. Міне, осындай жүдеу тартқан жайылымның жанды құлазытар көрінісі осы ауылда да бар.  Тозған жер, тарылған жайылым ауыл тұрғындарының мал ұстауына мүмкіндік бермей отыр.

–Биылғы жылы жайылым мен шабындықтың өнімі нашар болуы да ықтимал, – дейді «Самал» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Байбостанов, – қыста қар аз түсті, көктемде күн бір еріп, бір қатып, бар ылғал бу болып ұшып кетті. Жылда қар суымен қоректенген көк шөп көктемде көпкөрім көтеріліп қалушы еді. Биыл көңілде қобалжу көп.

Ауыл тұрғындары малды аз ұстайды. Мәселен, 250 үйдің қорасынан 120 бас қана қара мал өріске шығады. Мал бақпайтындар ауылда тұрып сүт-қаймағын, сары майын сатып алады. Бұлар да тұтынушы есебінде. Қалалық жердегі бағаның өсуіне «септесіп» жатыр. Мәселенің мәнісіне үңілсек, бақташы да жоқ екен. Соңғы жылдары малшыны ту сонау Қостанайдан шақыртып, ауылдың малын бақтырады. Қара малдың бір басына 3000 теңге, жылқының бір басына 4000 теңгеден төлейді.

Екі жүз бас қара мал баққан бақташы айына 600 мың теңге табыс табар еді. Тұрақты бақташы болса, мал басының да көбеюі әбден мүмкін ғой. Ауылдағы адамға аз табыс деп айта алмас едіңіз. Әншейінде шалғайдағы шағын ауылдарда жұмыс көзі жоқ деп етегімізді жасқа толтырғанымызбен, шынтуайтында олай емес тәрізді.

–Бақташы болмағандықтан, малды далаға шығара алмай отырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – төңіректегі ауылдар тепсеңге шығарып бағып жүр. Біз қыстан қалған мал азығын талғажау етіп әлі отырмыз. Сонда қара малдың өзіндік құны қаншалықты қымбаттайтынын есептей беріңіз. Қазір малды бос жіберуге болмайды. Қараусыз малдың иесіне айып салынады. Учаскелік полиция инспекторы бірнеше мәрте ескертті. Оныкі дұрыс, бәрі заң бойынша болуы керек. Бірақ,  елдің бірлігі болмаған соң осындай күй кешіп отырмыз.

Бұл төңіректе қара малдың сүтін сатып алып кәдеге асыратын сүт зауыты жоқ. Көпке ортақ ондай келелі шаруа ұйымдастырылмаған. Демек, мал баққан күннің өзінде игілігін көрудің өзі қиынға түсетін түрі бар.  Бойдақ малды етке тапсырудың машақаты да аз емес. Малын етке өткізетіндер алыпсатарларға ет күйінде келісін 1800-1900 теңгеден тапсырады екен. Онда да семіз болса. Ең бастысы, малсақ қауымның қолындағы мал өнімдерін лайықты бағамен сатып алуды ұйымдастыру. Аз да болса азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізер еді. Екінші жағынан, алып қарағанда, мал ұстап, бейнетін белден кешкен ауылдағы ағайын да артық өнімін сатып, азын-аулақ қаражаттың басын құрамай ма?..

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жарқайың ауданы.

Фото: www.gov.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар