Егіншілік саласында пестицидтерге арқа сүйеп алғанбыз

ал, оның бір жағынан пайдасы, бір жағынан зияны мен залалы ше?!.

Аграрлық сектордың дамуы және жемістер мен көкөністерге сұраныстың артуы жағдайында егістік зиянкестерімен күресу үшін химиялық пестицидтерді қарқынды және бақылаусыз қолдану барған сайын артып келеді. Сонымен қатар, жаһандық жылынумен бірге, зиянды организмдердің түрлік құрамы да өзгеріп, жаңа аурулар пайда болуда. Бұл өзгерістер қазақстандық диқандардың басым бөлігін алаңдатып отыр. Жергілікті шаруалар жеміс-жидек дақылдарының бактериялық күйігінен (шығын 50 мың гектарға жетеді), қызанақ көбелегінен, қызанақ жемістерінің мыжылуынан егін шығындарына ұшырауда. Қоңыр мәрмәр қандала және тағы басқа жаңадан пайда болған зиянкестер қауіп тудырады.

Осы мәселелерді ескере келе, ФАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) мамандары Ақмола облысының фермерлеріне өсімдік ауруымен күресудің заманауи әдістерін қолдануды үйретті. Бұл – қауіпті препараттарды қолдануды 60 пайызға дейін азайтуға, оларды қауіптілігі төмен заттарға ауыстыруға, ал, кейбір кезеңде тыңайтқыштардан толық бас тартуға мүмкіндік береді.

Бұл тренинг 18-19 шілде күндері Ақкөл ауданында өткен «Қазақстандық дала күні «Жаңа Дала / Green Day – 2024» мамандандырылған көрмесінің аясында ФАО, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ГЭФ-тің «Орталық Азия мен Түркия елдерінде пестицидтердің өмірлік циклін басқару және құрамында тол бар пестицидтерді жою» жобасы бойынша ұйымдастырылды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тренингтің бағдарламасымен танысып, ФАО ұйымдастырған көрмені тамашалады. Жалпы, тренингке облыс фермерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық және облыстық ұйымдарының, сондай-ақ, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институты өсімдіктер карантині бөлімінің меңгерушісі Жанна Исина Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында пестицидтерді бақылаусыз қолданудың күшейе түскенін атап өтті. Бұл осы саладағы ғалымдарды қатты алаңдатып отыр. Көптеген елдер өсімдіктерді қорғаудың экологиялық таза технологияларына белсенді түрде көшіп жатқанда, Қазақстанда өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін тек жоғары улы пестицидтермен өңдеу керек деген стереотип қалыптасқан. Бірақ, бұл мүлдем қате көзқарас. Топырағымыз бен экологиямызды сақтау, қауіпсіз ауыл шаруашылығын дамыту үшін тыңайтқыштардың мөлшері мен өңдеу мерзімін оңтайландыру қажет. Ерекше қауіпті пестицидтерге балама таңдау да маңызды жайт, бұл қауіптілік класы 3-4 пестицидтерді, биофунгицидтер мен биоинсектицидтерді қолдануды қажет етеді.

Тренингтің тағы бір маңыздылығы, пестицидтердің бос контейнерлерін пайдалану мәселесіне де арналды. Жыл сайын Қазақстанда пестицидтерден 700 тоннаға жуық контейнер қалады. Өкінішке қарай, еліміздің көптеген өңірлерінде мұндай қалдықтарды жинау және өңдеу жүйесі әлі де жоқ. Нәтижесінде пестицидтерге арналған контейнерлер полигондарға түсіп, өртеніп кетеді. Пестицидтердің қалдықтары төгіліп, топырақ пен су қоймаларына сіңіп, қоршаған ортаны ластайды. Шаруалар контейнерлерді күнделікті өмірде, әсіресе, азық-түлік мақсатында пайдаланса, қауіп одан сайын күшті.

–Тәжірибе көрсеткеніндей, адамдар бос канистрлерді дұрыс жууды білмейді. Көбінесе олар мүлдем жуылмайды және пестицидтердің қалдықтарымен бірге кәдеге жаратуға жіберіледі. Ең сорақысы, контейнерлер суды немесе тағамды сақтау үшін пайдаланылады. Тіпті, сондай құтыларда қымыз сатқан жағдайлар да тіркелген. Пестицидтердің қалдықтары адамдарды улап, қатерлі ісік сынды басқа да ауыр ауруларды тудыруы мүмкін, – деп атап өтті бұл ретте, ФАО-ның пестицидтерге арналған контейнерлерді басқару жүйесі бойынша ұлттық кеңесшісі   Әсел Шаханова.

Сарапшы тренингте контейнерлерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін үш рет шаю технологиясын қалай қолдану керектігін ортаға  салды.

Өз кезегінде пестицидтерді кеңінен және бақылаусыз қолдану қоршаған орта мен адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Атап айтқанда, ол жасуша деңгейіндегі зат алмасудың бұзылуына, қатерлі ісік, лейкоз, қант диабеті, глаукома, церебральды сал ауруы, ұрықтың өсу мен даму патологиясы, фауна мен флораның өлуіне және тағы басқа салдарларға әкеліп соғатыны жасырын емес.

–Атмосфералық ауаның, ауыз судың, топырақтың, тамақ өнімдерінің пестицидтердің қалдықтарымен ластануы химиялық факторды адам денсаулығына қауіп төндіретін жетекші факторлардың бірі ретінде қарастыруға негіз береді. Пестицидтерді қолданудың жағымсыз салдарларының алдын алуда олардың қоршаған орта объектілеріндегі, егіншілік, жемшөп пен азық-түлік өнімдеріндегі улы қалдықтарының құрамын гигиеналық нормаларға сәйкес бақылау маңызды рөл атқарады, – деп атап көрсетті Гүлмира Исенова.

ФАО-ның Қазақстандағы ұлттық жоба менеджері Салтанат Баешова жобаның жан-жақты тиімділігін былай түсіндіреді «Біз зиянкестермен кешенді күресу бойынша өсімдіктерге сынақтар жүргіздік және айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Соған сай, егер пестицидтермен өңдеу процесі зиянкестермен күресудің биологиялық әдістерімен біріктірілсе, іс жүзінде пестицидтерді бірнеше есе аз қолдануға болатынын көрсетті. Ендігі мақсат – фермерлер бұл әдістің экологиялық қауіпсіздігін ғана емес, экономикалық тиімділігін де түсінуі үшін осы нәтижелерді тарату. Біз фермерлерге бұл тренингті де сол себептен өткізіп отырмыз».

Расында, соңғы жылдары егіншілік шаруашылығында пестицидтердің бей-берекет қолданылатыны, жерді пайдаланушы шаруашылық субъектілері егіс алқаптарынан қайткенде де өнімді мол алу үшін осындай әдіске салып, қоршаған орта мен экологияға, адам денсаулығына келер зардапты ойланып жатпайтындығы туралы ел ішінде де жиі айтылуда. Бұрын егіс алқаптарына көбіне органикалық тыңайтқыштар шығарылушы еді. Қазір ол жоқ. Химиялық препараттарға, яғни, пестицидтерге арқа сүйеп алған. Олай болса, біздің шаруашылықтар мен фермерлер де осы пестицидтердің мөлшерін азайту арқылы экологиялық таза өнім алу жолдарын үйрете келген білікті мамандар пікірлеріне құлақ асулары керек. Керісінше жағдайда жер тозады, түрлі ауру-сырқау ұлғаяды. Сонда бізге мұның қайсысы маңызды?!

Бір реттік жетістік үшін жерді, қоршаған ортаны одан сайын улау ма, жоқ әлде, оны келер ұрпаққа аман сақтау ма? Әрине, екіншісі дер едік.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар