Көз ұшына қара ілінбейтін Жақсының жалпақ даласында жанға жайлы самал есіп, мың сан гүлдің хош иісі кеудеңді кернеп тұрар еді. Бүгінде ауа ластанып, дала бей-берекет шашылған өлексенің қолқаны қабатын иісімен демігіп тұр.
Қима ауылының тұрғындары қалыптасып отырған жайға байланысты аяғы жетер жерге барып, жағы талғанша айтып, өткір мәселені көтеріп-ақ келеді. Бірақ, осылай екен-ау деп елең етер бір жан таппай, өкпелері қара қазандай болып отыр. Қай тарапқа қарасаң да заңсыз қоқыс орындары. Тұрмыстық қалдық болса бір сәрі, ертең қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта іріп-шіріп, жұқпалы аурудың ошағына айналатын мал өлексесі тасталған ұра, жырақалар. Соңғы уақытта қыс бойы шығарылып тасталған, әлде аурудан, әлде көтерем болып өлгені белгісіз мал өлекселері рабайсыз көбейе түсті. Жалғыз жекеменшік мал иелері ғана емес, ұйымдасқан шаруа қожалықтары да осындай жаман әдетке бой алдырып алған. Бір сөзбен айтқанда, етек-жеңі кең пішілген Жақсы ауданының аумағында күні бүгінге дейін бірде-бір мал қорымының болмауы қисынға келмейтін дүние. Мал болған соң өлім-жітімі болатындығы белгілі. Биылғы қыс та қытымыр болды. Әрі мал ішінде жұқпалы аурудың жұқанасы да бар. Арам өлген соң өлексені өз үйінің жанына, мал қорасының маңына тастамасы белгілі. Сирағынан сүйреп шығарып тастайды. Тәртіпке мойынсұнған малсақ қауым болғанымен, өлексені апаратын арнайы орын жоқ. Енді қайтпек?! Бір төбенің басына апарып тастайды да кетеді. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, аудан әкімінің есеп беру кездесуінде жанайқайларын жеткізген. Аудан әкімінің орынбасары Бахтияр Қасеновтың уәжіне құлақ түрсек, аудан аумағында ресми тіркелген бірде-бір мал қорымы жоқ екен. Өлекселерді төгетін бір шұңқырдың бары рас. Оған қоса жиып-теріп өртейтін де жер бар. Мал шығыны болған жағдайда иесі хабар берсе, «Мал дәрігері» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының адамдары келіп өлексені алып кетеді екен. Бірақ, олар қайда апарады, мал қорымы жоқ қой.
Облыстық құрылыс басқармасы типтік үлгідегі мал қорымының жобасын берген екен. Бірақ, әзірге жобалық-сметалық құжаттама жасалған жоқ, тіпті биылғы жоспарға да енбеген. Әзірге әкімдіктің әрекеті тау-теңіз қоқысты шаруа қожалықтарының күшімен жинастыру. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшылығы бұл жағдайдан хабарсыз. Себеп, мал өлекселері туралы ешқандай дабыл түспеген. Мұндай жай Атбасар ауданынан ғана хабарланыпты. Атбасар демекші, мұндағы шаруа да шашетектен. Сәуір айының басында осы ауданның Ақан Құрманов, Қосбармақ, Қаракөл, Сергеевка, Алғабас тәрізді бірнеше ауылдарының қыруар малы өзенге батып өлді. Мұз жұқарып, малдың салмағын көтере алмайтын болған кезде бақташының назарынан тыс қалып, өзен үстіне шығып кеткен. Жобалап есептегенде, жүзден астам жылқы мен сиыр. Өлекселері Есіл өзенінің ішінде қалды. Іле табиғат жанашырлары дабыл қаққан. Бірақ, көктемгі асау өзеннің ақбас толқындарына жұтылып кеткен қайран малдың өлексесін шығару да оңай шаруа емес екен. Су суық, сең жүріп жатыр. Басын бәйгеге тігіп, өлекселерді шығаруға ұмтылғандар қайық таба алмаған. Кейін қолдарына іліккендерін шығарды. Бірақ, қаншасы су астында қалғаны белгісіз. Ең қиыны, еркелеп аққан Есілдің суын мал да, жан да ішеді. Күні ертең су астында шіріп борсыған өлекселерден жұқпалы ауру тарамас па екен? Жергілікті жердегі экологиялық жағдайды есеңгіретіп кеткен бұл оқиғадан аудан әкімдігі де, жергілікті полиция басшылығы да хабардар. Бірақ, дер шағында назар аударылмады.
–Бұл шетін оқиға жергілікті атқарушы органдар мен ауданның ветеринарлық қызметінің бақылауында. Барлық учаскеде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Көктемде егін жағалауы батпақ болғандықтан, қуатты техниканы кіргізу мүмкін болмады. Қазір арнайы топтар құрылып, жұмыс жүргізілуде, – дейді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.
Ал, облыстық экология департаменті мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі Атбасардағы дабылынан ат үркетін оқиғадан хабарсыз. Енді аудандағы мамандарға өзен суынан сынама алуды тапсырмақ. Қауіптің көптігін жоққа шығармайды.
Соңғы оқиғаны ақыл таразысына салсаңыз, біраз жайдың бетін ашар еді. Өткен жылы Әлжан ауылының жүзге жуық жылқысы сорға батып өлді. Кеңқолтық ауыл адамдары садақа дескен. Малшыдан да өлген малдың құнын өндіріп алу туралы жақ ашқан жоқ. Ақ қар, көк мұзда, ұйытқыған боранда жылқы бағу оңай емес қой. Әдейі істеген жоқ дескен. Ал, ол үйір-үйір жылқы төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының жылдық азығы, бала-шағасын асырап отырған нәпақасы. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңілсек, жылқыны бағамын деп жауапкершілік алған жылқышының да арына сын. Одан басқа да осы тақылеттес оқиғалардың жиі кездесетіндігін айта кетсек, артықтығы болмас. Біз сараптасақ, көп мәселе бақташыға тіреледі. Біріншіден, мал иелері мен бақташылар келісім-шарт жасамайды. Себеп, қазір ауыл-аймақта күндіз қолыңа шам алып іздесең де қолына құрық ілетін кісі таба алмайсың. Бәсекелестік болмағаннан кейін белсеніп бағуға шыққан адамға келісім-шарт жасайық деген емеуірін танытсаң, «онда ағайын, малыңды өзің бағып ал» деп ат-тонын ала қашады. Алдындағы әр бас малға қыруар ақы алып отырса да, өлген-жіткеніне жауапты емес.
–Негізінде сиырдың бір басын төрт мыңға, жылқының бір басын бес мыңға баққаннан кейін жауапкершілік те болуы керек, – дейді ел ағасы Қонысбай Есенбаев, – бұл жұмысты менің ойымша ауылдық округ әкімдері ұйымдастыруға тиісті. Көктемде қорадан шыққан төрт түліктің ауру-сауын анықтап, жайылымын белгілеп, суатын көрсетіп, алдына салып бергеннен кейін бар жауапкершілік малшының мойнында болуы тиіс. Қазір бейсауат жүрген малдың иесіне айыппұл арқалататын заң бар. Оның барлығы дұрыс. Тек біздің өңірде осы бір жұмыс жүзеге аспай жатыр. Мал ішінде өлім-жітімнің көбеюі, аракідік кездесіп қалатын мал ұрлығы жергілікті басшылықтың жұмысты дұрыс ұйымдастырмауынан.
Қарияның айтуының жөні бар тәрізді. Жақсының жалпақ даласында ғана емес, өзге өңірлерде де мал шығынының жиі болуы осындай ретсіздіктен шығар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Жақсы ауданы.