Ақмола өңірінің астанаға іргелес жатқан елді мекендері жыл өткен сайын дамып, оған құйылатын инвестициялық қаржы өсу үстінде. Өткен жылы жеке қаражат қосу есебінен құны 679 миллион теңге болатын екі жоба іске қосылды. Соның есебінен 12 жұмыс орны ашылды.
Біз ауданның кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рысбек Жамбылғазыұлы Көлбаевпен кездесіп, түрлі инвестициялық жобалар жайлы сөз қозғадық.
– «Бизнестің жол картасы-2025» жобасы есебінен құны 475 миллион теңге болатын 46 жоба өз деңгейінде қаржыландырылды, – деді ол. – Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша да 17 жоба ауыл шаруашылығы өндірісі саласында жүзеге асты. Оның қаржы көлемі 2,4 миллиард теңге. Ауданда инвестициялық ахуалға оңтайлы жағдай жасалғаннан кейін тұрғындар саны, соның ішінде кәсіпкерлік деңгейі жылдам өріс алды. Қазіргі кезде қиырда жатқан Мәншүк ауылында бір мың бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы салыну үстінде. Оның жылдық қуаты – 6 мың тонна болады. «Ендала» ЖШС (бас директоры Т.А.Пшенов) көпсалалы ферманың заманауи талапқа сай болуын жан-жақты қарастырған. Бұл инвестор келгеннен бері ауылдық округтің әлеуметтік жағдайы және экономикалық келбеті жақсы дамуда. Шаруашылықтың еңбеккерлеріне арналып заманауи үйлер салынды, көпсалалы супермаркет, тойхана мен балалар бақшасы бой көтерді. Астаналық өңірдің Қызылсуат ауылдық аймағында балалар-сауықтыру спорттық кешені салынып жатыр. Бұл да Астанаға іргелес жатқан елді мекен тұрғындары үшін бір жақсы жаңалық болатыны сөзсіз.
– Қоянды аумағында да біраз ілкімді жұмыстар қолға алыныпты.
– Кәсіпкерлік біздің ауданда жан-жақты дамып жатыр, – деуге толық құқым бар. Мысалы, «Bayan agro» ЖШС сіз айтқан Қоянды ауылында сүт өнімдері қоспасын шығаруды жобалап жатыр. Сондай-ақ, тағы бірқатар жобалар Қараөткел, Қызылжар ауылдарында қызу қолға алыну үстінде. Қараөткелде «Жандауа» ЖШС, ал Қызылжарда – жеке меншік медициналық орталықтар ашылған. Қызылсуат кәсіпкерлері тауарлы-сүт және құс еттері фермаларының құрылысын жүзеге асырып жатыр. Кәсіпкерліктің жолы әртүрлі. Сондықтан, әр адам бұл орайда өз таңдауын жасайтыны белгілі. Көпсалалы сауда үйлері және тойханалар Қабанбай батыр, Оразақ пен Софиевка ауылдарында да жұмыс істеу үстінде. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға ден қойған кәсіпкерлер саны жыл өткен сайын көбейе түсуде. Биылдың өзінде төрт мал қорасы пайдалануға берілді. Қояндыда бұл істі «Айбат» жеке кәсіпкерлігі, Қабанбай батырда – «Арна» шаруа қожалығы, Арайлы округінде – «Еңбек» ұжымы жақсы қолға алған.
– Рысбек Жамбылғазыұлы, әңгімеңізге рахмет!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.
Суретті түсірген автор.