Дәрігерлер қауымына алғысым шексіз

Менің де өмірімде «бейнет айтып келмейді» деген сөз бірнеше рет алдымнан шықты. Қазір жас ұлғайған сайын бұрын әскери қызметте болғаныма, яғни, денсаулығымның ешқашан қатты сыр беріп көрмегеніне қарамастан, ыңқыл-сыңқыл көбейіп кеткендей.

Сол күні де таңертең өзімді біртүрлі ауырсынып, төсектен қиналып тұрдым. Ал, кереуеттен бірер қадам аттамай жатып, шайқатылып, өз-өзімді ұстай алмағандай күй кештім. Содан амалсыз қабырғадан ұстап, сонымен жүріп, тепе-теңдікті жоғалтпайын деп жанталастым. Құлап қалмайын деп ақырын жылжып төсегіме келіп қайта жатқанымда үй ішіндегілер де үрпиісіп, біртүрлі болып қалды. Дереу қан қысымын өлшеп едік, 200-ге таяп қалыпты. Бұрын ондай болмағандықтан, толқи бастағаным анық еді.

Енді бір сәтте есімдерін өзім сұрап алған фельдшер Лариса мен Валерий де дер уақытында пәтеріміздің табалдырығынан аттап, «жедел жәрдеммен» жеткен күйі қайта қан қысымымды өлшеп, оны түсіруге тырмысты. Бұл сәл де болса өз нәтижесін бергенімен, жағдайыма қарайлап, Көкшетау қалалық ауруханасына алып кетті. Сөйтіп, мен ойда-жоқта осы аурухананың неврологиялық бөлімшесінен бір-ақ шықтым. Кештете келіп түскендіктен, бөлімшеде бос кереует жоқ екен. Сөйтіп, уақытша хирургия бөлімшесіне жатқыза  тұрды. Бұл ретте, бес минуттан кейін неврология бөлімшесінен келген Айдар Тезекбаевтың капельница қойып үлгергені де көңілімнен шығып, ризашылық сезіміне бөлей түсті. Мұнда шыбын жанын шүберекке түйген науқастардың қысылғанда жанынан табылатын жанашыр жандардың бар екеніне көзім жетіп, сол күні жаным тыншығандай болды.

Одан әрі неврологиялық бөлімшенің өзіне ауыстырып, бөлімше меңгерушісі Айгүл Мұратқызы Шәйкенова өзі келіп қарап, ем-домын белгіледі. Меңгерушінің адамгершілік қасиеті мен жылы сөзі де сырқатыма ем болғандай болып, қан қысымым қайта қалпына келе бастады. Осы стационардан қашан жазылып шыққанға дейін Айгүл Мұратқызы бірде-бір рет қабақ шытпай, қай сөзімді де құлақ қоя тыңдап, бойға күш берер ақыл-кеңесін айтып, үлкен дәрігер екендігін танытты. Кей күндері тіпті жағдайымды айтып шығу, жылы сөзбен демеу білдіру үшін палатама күніне екі-үш рет кіріп-шыққан кездері де болды.

Дер мезгілінде қолданылған емдік шаралардың әрі дәрігерлердің біліктіліктерінің арқасында сырқатым асқынбай, күннен-күнге өз-өзімді жақсы сезініп, бірсыдырғы тәуір болған күйімде ауруханадан жақсы көңіл-күймен өз үйіме оралдым. Осы ретте, процедуралар жасайтын медбикелер Динара Досанова, өте тәжірибелі медицина қызметкерлері Алтын Байғожина, Ботагөз Шүленбекова, Зульфия Рахметжановаға шын жүректен алғыс сезімімді білдіргім келеді. Егер мүмкіндік болса басшылыққа постағы медбикелер Айгүл Доскенова, Аида Жақиянова, Гүлназ Есекеева, Айдар Тезекбаев сияқты ақ халатты абзал жандардың да еңбектерін атап өтулерін сұрар едім.

Олардың талай ауыр науқастарды қабылдап алып, жандарынан шықпағанын көзім көрді. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл бөлімше осындай керек кездерде өте білікті әрі кәсіби іс-қимыл таныта аладыдер едім. Сондай-ақ, бөлімше санитарлары Алтай Болат, Айша Аманжолова, Әсел Сәдуақасова, Диана Тоқтарбек, Альбина Айткенова, Зарина Қалиева, тамақ тасушылар Елена Шубаева, Әсия Қатырановаға да ризашылық сезімім мол. Осы күрделі жұмыстардың бәріне аға медбике  Майра Бейсенбаева жіті басшылық жасай біледі.

Өзім көзім көрген медицина қызметкерлерінің бәрін айтып жатқаным, бұл бөлімшеде науқастарды күту оңай емес. Біразы төсекке танылған. Ал, олардың көңілінен шығу, жүзін жабырқатпау үшін осындай жіті іс-қимыл, адал еңбек керек. Құрметті Айгүл Мұратқызы, сізге және өзіңіз басқарған бөлімше қызметкерлеріне осында жан жылуын сезінген көп пациенттеріңіздің бірі ретінде басымды иемін. Бұл арада осындай ақ халатты абзал жандарды іріктей білген аурухана басшылығына да мол алғыс. Солай екені жұмыстарынан көрініп тұр.

Николай ИВАНОВ,
Қарулы Күштер ардагері, отставкадағы полковник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар