Облысымыздың Атбасар, Жарқайың, Жақсы, Есіл аудандарының 57 оқушысы елорданың көрікті орындары бойынша «Астана – менің Отанымның астанасы» әлеуметтік турына қатысып қайтты.
Іс-шараны Қазақстан астанасының 25 жылдығын мерекелеу аясында Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Оған халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасылардан шыққан, шыққан балалар, 10-14 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оқуда және спорта ерекшеленген балалар қатысты.
Балаларды Астанамен таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы қосымша білім беру саяхаттың басты мақсаты болды.
Атбасар қаласындағы №3 жалпы білім беретін мектептің 7 «а» оқушысы Николай Гончаровтың анасы Олеся Гончарова Астана қаласының әкімдігіне, Ақмола облысының білім басқармасына «Астана – менің Отанымның астанасы» әлеуметтік турын тамаша ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
–Тур барысында балаларға қала бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар Елордамыздың көрікті жерлері «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Қазақ Елі» мемориалдық кешені, «Бәйтерек» монументі, жаңа мешіт, «Тұңғыш Президент» мұражайы, «ҚР Ұлттық мұражайы», «Болашақ энергиясы – «Нұрәлем» сферасы, Қарулы Күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы, «Атамекен» мұражайына барды, – деп өз әсерімен бөлісті Олеся Гончарова. Балаларға Есіл өзенінде кемемен серуендеу де көптеген жарқын әсер қалдырды.
Қызықты және танымдық сапардың бағдарламасында бос уақыт болған жоқ. Ізденімпаз балалар экскурсия барысында өз білім көкжиектерін кеңейтіп, бір-бірімен алған әсерлерімен бөлісті және жаңа достар тапты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.