Жұмысты тежейтін кедергілердің бірі – төрешілдік

Ағымдағы жылдың біріншіжартыжылдығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағытындағы талдау және мониторинг нәтижесінде 28 ұсыныс әзірледі.

Талдау қаржы, сауда салаларында жүргізілсе, мониторинг кәсіпкерлер қатысатын әкімшілік рәсімдерге қатысты сұрақтар бойынша жүргізілді. Жұмысқа мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, білікті сарапшылар қатысты. Олардың пікірлері негізінде көптеген өзекті мәселелер анықталды.

Мысалы, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы саласында түрлі субсидиялар төлейтіні белгілі. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес субсидиялардың нормалары шаруа қожалықтарынан оларды тағайындау жөніндегі өтінімдер түспестен бұрын әрбір есептік жылдың аяғына дейін әкімдіктердің қаулыларымен бекітілуі тиіс. Бірақ, қалыптасып қалған тәжірибеге орай, тиісті қағидалардың талаптарына байланысты мұндай қаулылар бірқатар келісу сатыларын, қоғамдық кеңес, жұртшылықпен талқылаудан өткеннен кейін ғана қабылданып, әділет органдарымен мемлекеттік тіркеуге алынады.

Осындай күрделі рәсімдердің кесірінен субсидиялау нормаларын бекіту жөніндегі шешімдер уақытылы қабылданбай, өтініш берушілер субсидияларын алу үшін ұзақ мерзім күтуге мәжбүр болған. Алдымызға кәсіпкерлікті қарқынды дамыту бойынша мақсаттар тұрғанда мұндай созбалаңға орын жоқ екені сөзсіз.

Бұған қоса, қаулыларды зерделей келе, мониторингке тартылған сарапшылар оларда мемлекеттік тіркеуді қажет ететін қандай да бір құқық нормалары жоқтығы туралы тұжырымға келді. Сондай-ақ субсидиялауды жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да, қызмет алушылар да осындай тәжірибенің екі тарапқа да бірдей ыңғайсыздығын атап өтті.

Осыған ұқсас өзекті мәселені департамент өткен жылы денсаулық сақтау саласын талдау барысында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін бекіту туралы мәслихаттардың шешімін қабылдау рәсімдері бойынша да анықтаған болатын.Әрине, бұл жағдайда мәселенің ең нақты шешімі – нормативтік-құқықтық актілерден әкімдіктердің қаулыларын мемлекеттік тіркеуден өткізу қажеттігін алып тастау. Сол себепті департамент тиісті ұсыныстарды жоғары тұрған мемлекеттік органдарға жолдады.

Осылайша, ағымдағы жылдың маусымында Әділет министрінің әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі бекітілді, оғанмедициналық көмектің кепілдік берілген көлемін анықтау, нормаларды, нормативтерді бекіту жөніндегі нормативтік құқықтық актілер де енгізілді. Яғни, кәсіпкерлер мен жергілікті мемлекеттік органдар көтерген мәселе өз шешімін тапты.

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жұмыстары  тек жартыжылдық талдау және мониторинг іс-шараларымен шектелмей, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру желісі бойынша өзінің үйлесімді жалғасын табады. Атап өтсем, ағымдағы жылы департаменттің 16 бастамашылық ұсынысы орталық уәкілетті органдардың тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылды.

Жалпы енгізілген ұсыныстардың сипаты сан алуан. Соның ішінде заңнамадағы қайшылықтар, ақпараттық жүйедегі олқылықтар, өтініш берушілерге қойылатын артық талаптарды жою және тағы басқа да мәселелер қарастырылған.

Осы бағыттағы жұмыс көрсеткен ең басты тұжырым, өзекті, проблемалық мәселелерді анықтау үшін қызмет алушылардың және бюрократиялық кедергіге тап болған азаматтардың белсенді ұстанымы қажет. Сондықтан, оқырмандардың нақты ұсыныстары болса, оларды elgeqyzmet03@mail.ruэлектрондық мекенжайына,«ұсыныс» тақырыбын қойып, жолдауға шақырамын.

Думан ӘБІЛЕВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар