Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордамен шекаралас аумақты әуеден бақылады.
Бүгінде Астана маңындағы жасыл белдеудекөшеттер саны артып келеді және кәріз тазарту құрылыстары (2-КТҚ) салынады деп күтілуде. Астана маңайын тікұшақпен аралау барысында Майбалық көлінің, Преображенск су торабының және тағы басқаларының көлемі нақтыланды.
Жаңа ауыз су стансасының (3-ССС) пайдалануға берілуі және су тұтыну көлемінің артқаны ескеріле отырып, қалаға су бұру көлемі ұлғайтылды. Тазарту құрылыстарының (1-КТҚ) қуаты жеткіліксіз. Сондықтан осы жылдың күзінде екінші кәріз тазарту құрылысы (2-КТҚ) басталады. Бұл ғимараттың қуаты тәулігіне 200 мың текше метрді құрайды.
Аралау барысында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС-ына қарасты тәлімбаққа назар аударылды. Оның ауданы 350 гектарға жуық, онда әртүрлі ағаш түрлерінің көшеттері өсіріледі. Тәлімбақ жыл сайын 30 мың дана көшет бере алады. 2025 жылдан бастап ол ағаш тұқымдарының 100 мың көшетіне, тамыр жүйесі жабық 45 мың бұтаға және тамыр жүйесі ашық 300 мың бұтаға дейін көбейтіледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жыл сайын жасыл белдеудегі көшеттер саны артып келеді. Мысалы, биылдың өзінде 500 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Қаланың өзінде осындай көлемде жасыл желек отырғызылмақ. Елорданың жасыл белдеуінің жалпы ауданы 15 мың гектарды құрайды. Онда 11,5 миллионнан астам ағаш пен 2 миллион бұта өседі. Мұнда жапырақты ағаш түрлеріне басымдық берілген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.