Ұлы даланың әйгілі перзенті

 Биыл атақты қолбасшы, қарапайым құлдан мемлекет билеушісіне дейін көтеріліп, Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толып отыр.

Ол ислам әлемін кіресшілердің шабуылынан және моңғол шапқыншылығынан құтқарды. Заң саласында бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Ал оның әскери жаңалықтарын Еуропа мемлекеттері пайдаланды.

Сұлтан Бейбарыс 1223 жылы Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген. Тарихи деректерге сәйкес, Бейбарыс қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан, туған жері – қазіргі Атырау облысы.

ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында моңғол әскері Дешті-Қыпшақ мемлекетіне шабуыл жасап, болашақ сұлтанды тұтқынға алып кетеді. Бейбарыстың өзі сұлтан болғаннан кейін балалық шағы мен құлдық кезеңі туралы мәліметтерді тарихта қалдырғысы келмеген. Сарай жазушысы Абд аз-Захир өз еңбегінде кейбір маңызды мәселелерді айналып өткен. Сол себепті бүгінде сұлтанның балалық шағы мен туып өскен ортасы туралы мәліметтер өте аз.

Бейбарыс өзін мықты сарбаз әрі қабілетті стратег ретінде көрсете білді. Соның нәтижесінде Мысыр сұлтанының жеке гвардиясының қолбасшысы болып тағайындалды. Ал кіресшілер жорығы кезінде алғашқы әскери табысына қол жеткізді. 1250 жылы Бейбарыс Франция королі Луи IX-дың әскерін талқандап, корольді тұтқынға алды. Осы шайқастан кейін мәмлүктердің күші мен беделі өсті.

1260 жылы Айн-Жалут маңында өткен шешуші шайқаста Бейбарыс 2 мыңдық әскерімен 20 мың моңғол сарбазына қарсы тұрды. Қарсыластың саны едәуір басым екенін ескеріп, қыпшақтар атты әскерге қарсы зеңбіректерді қолданған. Моңғолдардың жылқылары шошынып, артқа қаша бастады. Мамлүктер оларды қуа жөнелді. Осы шайқастан кейін Бейбарыстың беделі күшейе түсті. Әмірлер Бейбарысты Мысырдың сұлтаны деп жариялайды.

1260 жылдың соңында Бейбарыс салтанатты түрде Каирге кіреді. Билік басына келісімен бар күш-жігерін крест жорығына қарсы шабуылға жұмсайды. Бейбарыс өмір бойы қыпшақ тілінде сөйлеген, ал араб тілдес халықтармен тілмәш арқылы түсініскен.

Билік тізгінін мықтап қолға алған Бейбарыс әрбір қалада тұрақты әскер ұстады. Мемлекеттегі тәртіпті нығайтты, Сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатты. Оның тұсында мәмлүк мемлекеті көркейе түсті. Мәмлүктерге әлемнің түкпір-түкпірінен көпестер ағылып келе бастады. Барлық өзендерге көпір және әрбір қалаға бір мешіттен салынды. Сұлтан Мысыр мен Дамаскіде көптеген медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.

Мысырдан өзге Мәдинадағы Пайғамбардың мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шамдағы Ибраһим пайғамбардың мешіті жаңартылды. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешіттері жөнделді. Түрлі мәселелер мен дау-дамайларды шешетін әділет үйі құрылды. Заң саласында бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Бейбарыс билік еткен кезде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгері дамыды. Сұлтан өзінің қарапайымдылығымен және діндарлығымен елге танымал болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп, жетімдерді желеп-жебеп жүрді.

Бейбарыс ислам діні мен мұсылмандардың белсенді қорғаушысы болды.

Бүгінде Сирия астанасы Дамаскіде Бейбарыс Сұлтан кесенесі бар. Қазақстан оны қалпына келтіру жұмыстарына үнемі атсалысып келеді. Бейбарыс сұлтанның кіндік қаны тамған жері – Жайық өзенінің атырабында алып ескерткіш орнатылды.

Биыл Қазақстан Республикасының Үкіметі Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын тойлауға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Мерейтой аясында 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда, олардың 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтеді. Бұл іс-шаралар ұлы батырдың мұрасын мәдени-танымдық және ағартушылық бағыттарда насихаттауды көздейді.

Мәселен, Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның  мешітінің салтанатты ашылуы, Қазақстанның Мысырдағы мәдениет күндері, Түркістан облыстық Ш.Қалдаяқова атындағы филармониясының, «Сүгір» ұлттық аспаптық оркестрінің концерті өтеді. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп, Түркітілдес елдердің ақын-жазушыларының шығармашылық жарысын (мүшәйра), Каир қаласынан Түркістанға ислам өнері мұражайы қорынан «Мәмлүктер дәуірі» жылжымалы көрмесін өткізу жоспарланып отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар