Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мал бруцеллезі бар жерде адамдар да осы ауруды жұқтырады - АРҚА АЖАРЫ

Мал бруцеллезі бар жерде адамдар да осы ауруды жұқтырады

Облыста биыл бруцеллез инфекциясы бойынша жағдай қалыпты болғанымен, осы індетті жұқтырған 5 адам тіркелген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.

Бруцеллез ауруымен тіркелген бұл бес адамның 3-еуі Көкшетау қаласының тұрғындары болса, 2-еуі Зеренді мен Аршалы аудандарынан. Балалар арасында ауру анықталмаған. Былтыр осы кезеңде бруцеллез жұқтырушылар саны 2,2 есеге көп болыпты.

–Бруцеллезге шалдыққан адамдардың екеуі ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп, бағумен  айналысатын адамдар болса, қалғанүш жағдайда инфекцияның қайдан жұққаны белгісіз. Бірақ,олардың ет және сүт өнімдерін стихиялық саудадан сатып алып, тұтынғандары белгілі болды.Жалпы, ағымдағы жылдың алты айында 607 бас ірі қара мен 86 бас ұсақ мүйізді малдан осы ауру шығып, 590 адам контактіде болған екен. Соның ішінде 11 бала бар. Бұл адамдардың барлығы толығымен тексерістен өткізілді. Инфекцияның негізгі көзі – ауру жануарлар болғандықтан, санитарлық қызмет эпизоотиялық жағдайды да бақылауда ұстайды. Осы жағына келсек,жыл басынан бері 607 ірі қарадан бруцеллез анықталды.Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауру малдар санының25 пайызға жуық өскенін көрсетеді, – деді бас санитарлық дәрігер.

Ауру малдармен контактіде болғандар, оның ішінде балаларда қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес дереу клиникалық тексерістен өтулері, яғни, олардыңқандарына серологиялық, бактериологиялық және генетикалық әдістермен зерттеу жүргізілуі тиіс. Сондықтан, олар бір жыл бойы  әрбір екі ай сайын зертханалық тексерістен өтіп тұрады. Ал, жедел бруцеллезбен ауырған адамдардың екі жыл бойы осындай тексерістен өтіп тұрулары шарт.  Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігер брифингте бруцеллезге ұшыраған жануарлардың еті ветеринарлық-санитарлық нормаларға сәйкес тиісті өңдеуден өткізілетіндігін де алға тартты.

–Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығымен ветеринарлық-санитарлық қағидаларға сәйкес ветеринарлық қызметтің нұсқамасы бойынша ауру жануарлар 15 күн мерзімнен кешіктірілмей мал союды жүзеге асыратын өндіріс нысандарына, атап айтқанда, ет комбинаты, сою пунктіне жіберіледі. Облыс аумағында 24 ет өңдейтін кәсіпорын бар болса, солардың үшеуі бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен жануарларды союға қабылдайды. Нақты айтқанда, мұны Көкшетау қаласында «Бижан» ЖШС, Сандықтау ауданында «Грибов С.Ю» жеке кәсіпкерлігі ет комбинаттарының цехтары және Қорғалжын ауданында «Астана-Агропродукт» серіктестігінің мал сою пункті жүзеге асырады. Ауру жануарларды сою ветеринарлық-санитарлық қағидаларды сақтай отырып, арнайы кестеге сәйкес белгіленген күндері ғана жүргізіледі. Бұл  кәсіпорындарда бруцелла таяқшаларын бірден жоятын барлық қажетті құрал-жабдықтар бар, – дей келе, Айнагүл Мусина ауру малдардың еті шартты түрде жарамды екендігін және зарарсыздандырған соң тағам түрлерін жасауға қолдануға болатындығын да айтты.

Байқап отырғанымыздай, бруцеллез жалғыз малда ғана емес, сонымен бірге, адамда да байқалатын белгілі бір әлеуметтік қауіп-қатері бар жұқпалы ауру. Сондықтан да, бас санитарлық дәрігердің осы брифингте мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды өз малдарының бруцеллезге ұшырағандығы белгілі болған соң, оларды етке тапсырғанға дейін далаға шығармай, қолда ұстауға, жалпы, жайылымға жібермеуге шақыруы да орынды деп білеміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Рамиль ДОСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар