Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау одан әрі жалғасуда

Жылдағыдай биыл да елімізде 31 мамырда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтілді. Бұл ресми түрдегі тарихи дата бізге халқымыздың басына төнген сонау бір ауыр нәубетте қаза тапқан отандастарымыздың ауыр тағдырын еске салып отырады.

Жиырмасыншы ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси репрессиялар біздің халқымыздың тарихындағы қаралы беттер. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіАқмола облысы бойыншадепартаментінің мұрағатында сақталған құжаттар бәрін орын-орнына қойып, жан-жақты айтып бергендей. Басқарма мұрағатында адамдар тағдырының айқын көрінісі болып табылатын небір сирек құжаттар сақталып келеді. Олар сонау сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезінен бері тарих толқынына ілесіп, өздерінің туған топырақтарынан мәжбүрлі түрде Қазақстанға жер аударылған неше түрлі ұлт өкілдерінің де қиын-қыстау өмірін көз алдымызға тағы бір елестете түскендей болады.

Қазақстанның өз ішінде халық жазықсыздан-жазықсыз тағылған айыптардан небір сүттің бетіне шығар асыл ұлдарынан айрылғандығына қарамастан, бұл нәубет біреу емес, бірнешеу болып келіп, сырттан да осы қуғын-сүргіннің зардабын тартқан талай халықтың өкілі біздің республикамызға ағылып, пана тапқан. Жылы орындарынан күштеп көшірілген бұл переселендердің алғашқы тобы қазақ жеріне өткен ғасырдың 1929-1930 жылдарында келе бастады. Бұлар Қазақстанға Сібірден жер аударылған Кеңес Одағының ауқатты шаруалар қатарындағы адамдар еді. Бұған сол кездегі КСРО-ның халық комиссарлары кеңесі мен Орталық Атқару комитетінің «Өлкелік, облыстық атқару комитеттері мен автономиялық республикалардың үкіметтеріне өз аумақтарынан кулактарды жер аударуға құқықтар беру туралы» қаулысы түрткі болды.

Келесі мәжбүрлеп көшірілгендердің легі поляк ұлтынан еді. Олар да 1936 жылы шыққан КСРО халық комиссарлары кеңесінің «Украин КСР-ынан поляк ұлтының өкілдерін басқа жерге көшіру туралы» қаулысына лекті. Ал, енді Ұлы Отан соғысы жылдарына келсек, республикамызға неміс отбасыларының топ-тобымен мәжбүрлеп қоныс аударылғандығын байқаймыз. Бұл жағдай 1941 жылы басталып, тағы да КСРО халық комиссарлары кеңесі мен большевиктер коммунистік партиясы орталық комитетінің «Неміс ұлтына жататын азаматтарды Поволжьедегі немістердің кеңестік-социалистік автономиялық республикасынан, Саратов және Сталинград облыстарынан көшіру туралы» қаулысына сәйкес жүргізілді. Сөйтіп, аталған аймақтардың ғана емес, Мәскеу, Куйбышев, Ростов, Ворошиловоград, Сталин және Ленинград облыстарынан да Қазақстанға жер аударылған немістер саны айдан айға ұлғая берді. Ал, республикамыздың өзінде тұратын немістер болса, олар да тұрғылықты жерлерінде арнайы есепке алынды.

Бұған 1944 жылы тағы да жоғарыдағыдай қаулының негізінде Қазақстанға күштеп көшірілген солтүстік Кавказдағы шешендерді, ингуштар, қарашайлар, балқарларды, Қырымнан қырым татарлары, армяндар, болгарлар мен гректерді, Грузиядан түрік, хемшил, курдтарды қоссақ, біздің республикамыздың сол кезде тап бір саяси қоныс аударушылар мекеніне айналғанын байқайсыз. Тек бір ғана Ақмола облысының аумағында 467 арнайы комендатураның болғаны, оларда есепте 98530 қоныс аударушының тұрғаны көп жайды аңғартса керек. Бұларды ұлттарына қарап жіктесек, 58964 неміс, 3780 поляк, бір ғана Солтүстік Кавказдың өзінен 22824 отбасы, соның ішінде 288 грек отбасының саяси сенімсіздер ретінде Қазақстаннан бір-ақ шыққандығы көңіл құлазытады. Мұнымен бірге, сонау Молдавиядан Қазақстаннан пана тапқан 665 отбасы, НКВД мен ОГПУ-дың ерекше үкімімен осы жаққа күштеп көшірілген 7176 кулак, 3776 жер аударылушы онсыз да жағдайы оңып тұрмаған қазақтарға тамақ, орын бөліп, орналастыру мәселелерінде оңай соқпағандығы белгілі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Жарлығына қол қойғанына да, қарап отырсақ, отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл заң «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» ұғымына толық және жан-жақты түсінік берді. Мұның бәрі саяси негіздер мен мемлекеттік органдар және олардың лауазымды өкілдері жүзеге асыратын бас бостандығынан айыру, қамауға алу, психиатриялық мекемелерде күштеп емдеу, елден қуу және азаматтықтан айыру, тұратын жерінен алшақтатып, жер аудару, арнайы тұратын орындарға жіберу, бас еркіндігін шектей отырып, мәжбүрлеп жұмысқа салу түріндегі бір кезде негізсіз таңылған айыптауларды заң жүзінде алып тастау. Сол бір зұлматта әлеуметтік саяси жағынан қауіпті деп танылғандарды саяси сенімдері, таптық көзқарасы, әлеуметтік, ұлттық, діни және басқа да белгілері бойынша сот үкімімен де, соттан тыс әкімшіліктік тәртіппен де тар қапасқа тоғыта бергендігі белгілі.

Бүгінгі таңда біз реабилитация деп сот тәртібімен немесе қабылданған заң арқылы белгілі бір тұлғаны саяси қуғын-сүргін құрбаны немесе саяси репрессиядан зардап шегуші ретінде танып, оның бұзылған құқықтарын, келтірілген моральдық немесе материалдық шығынын өтеуді айтамыз. Бұрынғы КСРО аумағында қуғынға ұшыраған осындай адамдар, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналатын отандастарымыз, егер оларға кеңестік соттар кезінде қуғын-сүргін амалдарын қолданған болса, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери борыштарын өтеу барысында әскери трибуналдар арқылы сотталса, орталық одақтық органдардың шешімдері бойынша қудаланса, сондай-ақ, Қазақстандағы 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы оқиғаларға қатысқаны үшін зардап шексе, қуғын-сүргін құрбандары болып табылады.

Қазіргі уақытта біздің облысымызға күштеп қоныс аударылғандардың материалдары департамент мұрағатында сақталуда. Бұл – 38417 жеке іс. Жоғарыда аталған заңның қабылданғанына көп жылдар өткенімен, адамдар әлі де болса өздерінің туған-туысқандары мен жақындарын ақтап алу үшін мұрағат деректеріне жүгінеді. Біздің қызметкерлер картотека немесе сол кездегі есеп журналдары бойынша керек материалдарды іздеп тауып, соның негізінде мұрағат анықтамаларын жазып береді. Бұл анықтама белгілі бір тұлғаны ақталды деп санауға немесе жаппай саяси қуғын-сүргіннен зардап шекті деп тануға негіз болады. Бұл үшін облыс прокуратурасына өтініш жазып, оған мұрағат берген анықтаманы және зардап шегушінің жеке басын айғақтайтын құжаттарды қоса тапсыру керек. Кейін осының негізінде саяси қуғын-сүргін құрбанын ақтау туралы анықтама беріледі.

Заңда арнайы қоныс аудару орындарында болған балалар үшін де ақтау тәртібі қарастырылған. Олар саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар санатына жатқызылады. Мұндай ақтау ата-аналарымен немесе оларды  алмастырған адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында болған, жер аударылған балаларға, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарының балаларына қолданылады. Мұндайда олардың сол айдауда болған кездегі жасы 18-ден аспауы қажет.

Осы ретте, қырқыншы жылдан кейін туғандар есепке алынбауына байланысты және олар ата-аналарымен арнайы орындарда бірге болуына орай, олар туралы архивте деректер жоқ. Сондықтан, сұрау салғанда ата-аналардың мәліметтерін толық көрсеткен жөн. Мұндай санаттағы балаларға да мұрағат анықтамасы беріліп, оларда бұл балалардың ата-аналарымен бірге болғаны көрсетіледі.

Департамент архивінде кейде сұралған мәліметтер болмай шығады. Айталық, жаппай коллективтендіру жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы деректер іс жүзінде жоқ деуге болады. Арнайы жер аударылғандардың 1930-1935 жылдардағы жеке істері белгілі бір себептермен 1955 жылдың өзінде жойылып жіберілген. Сондай-ақ, Ақмола облысына Қиыр Шығыстан жер аударылған кәріс ұлтының өкілдері туралы да мәліметтер таба алмайсыз.

Алайда, тиісті заңның 20-бабына сәйкес, мәжбүрлеп жер аударған және ол туған-туыстарының саяси қуғын-сүргінге ұшырауымен қатар келген жағдайда ресми мәліметтер жоқ болуына қарамастан, бұл жағын тұрғылықты жері бойынша сот  тәртібімен қалпына келтіруге болады. Біздің архивте қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлық құжаттарының бірдей түгел болмауы да тағы бір қиындыққа тап етіп отыр. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылғаннан кейін мұрағаттағы барлық құжаттар Солтүстік Қазақстан облысының басқармасына тапсырылды. Сондықтан, кейбір саяси қуғын-сүргін құрбандарының деректері сол жақта қалды. Құжаттарды қайта сұрыптап, бөлу қолдан келмеді. Әр кезде бірдей кәртішкеде нақты ауданы көрініс таба қоймады, көп жағдайда тек облыс қана көрсетілді. Осының салдарынан Көкшетау облысында арнайы қоныстарға жер аударылған адамдар немесе олардың ұрпақтары мен туыстары Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасының архивіне жүгінулері керек.

Жалпы, айта кететін болсақ, архив көптеген құпиялардың сақтаушысы болып табылады. Ол өзіне тікелей қатысы бар заңдарға өзінде бар қордан біраз мәліметтер бере алады. Бұл үшін әрине, онда белгілі бір тұлға туралы қажетті деректер сақталып қалуы тиіс. Мұрағаттан анықтама немесе құжаттар алу жөнінде көрсетілетін мемлекеттік қызмет тегін. Өтініш қабылдау және  іздестіру нәтижелерін беру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ (ЦОН) арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет қағаз түрінде көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімі қызмет берушіге, яғни, ЦОН-ға құжаттар пакетін тапсырған сәттен бастап 10 жұмыс күні. Мемлекеттік қызметті алу үшін қажет болатын құжаттар тізбесі: белгіленген үлгідегі өтініш; жеке басты куәландыратын құжат; туған-туыстарына ақпарат алу барысында туыстық деңгейін айғақтайтын тиісті құжаттар; қызмет алушының мүдделерін үшінші адам арқылы ұсынғанда нотариалдық түрде куәландырылған сенімхат.

Ақыл ҚАРПЫҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.
 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар