Ортайған ауылдардың қотанын қандастарымыз толтыра алады

Кезінде Ресей империясының қысымына ұшырап, ұрпақтарын аман-есен алып қалу үшін бас сауғалап шетке көшіп кеткен отандастарымыздың еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері елге қайта көшіп келуіне мемлекет тарапынан жағдай жасалып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Сонау 1992 жылдан бастап Атбасар өңіріне көшіп келген Моңғолия қазақтарының осы күні жергілікті халықпен етене араласып, сіңісіп кеткені соншалық, әрқайсысы өз тіршілігімен шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Алғашқы көшіп келген жылдары орыс тілін білмек түгілі, орыс ұлт өкілдерін көрмеген ағайындарға өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу көп қиындықтар әкелгені жасырын емес. Өкінішке орай, тәуелсіздік алған жылдары билік басындағылардыңсансыз қателіктерінен ауыл халқы көп қиыншылықтарды бастан өткерді. Ең өкініштісі, біркелкі қазақтар тұратын ауылдар көптеп жойылып, құр жұрттары ғана қалды. Осы күні таңданыспен еске алатын жағдай, аудан орталығынан «біліктімамандардан» жасақталған тарату комиссиялары еш дәлелсіз ауыл техникасын, мүлкін талан-таражға салып, басшылармен келісе отырып өзара бөлісіп алды.

Жанға бататын жайсыз жағдай, көбіне-көп қазақ басшылары басқарған ауылдар осындай жағдайға душар болды. Мысалы, бұрынғы Қима ауданы бойынша «Балталы», «Кеңарал», «Есіл» шаруашылығының екі бөлімшесі, Шұрымсай, Мендеш, Жирен, Амангелді, Тайпақ ауылдарының халқы жаппай қоныс аударып кетсе,Тайпақ пен Кеңарал ауылдары ғана сыртқа көшіп кеткен тұрғындардың жайлауы есебінде тіршілік қылуда. Әрине, ауыл халқы алысқа ұзап көшіп кеткен жоқ, ата-бабалар қонысын, қорымын қимай, әлі де болса қалпына келе ме деген үмітпен мектебі жабылмаған көрші ауылдарда тұрып жатыр. Мемлекет саясатындағы өткен жылдардағы берекесіздік қаншама ауыл халқын әуре-сараңға түсірді. Ата-бабаларымыздың көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұрпақтары үшін қорғап қалған ұлан-ғайыр осыншама жер көлемін дұрыс пайдалана алмай, не жайылымға жарымай не өзімізді-өзіміз жеткенінше азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз күйінішті.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»демекші, ауыл халқының малдарына жайылым жетпей жатқанытіпті, ақылға сиымсыз. Мысалы, Алғабас ауылының тұрғындарының ата-бабаларынан қалған және кеңес үкіметі заманында еншілеп берген жер көлемі көрші ауылдар  тұрмақ, тіпті басқа аудан кәсіпкерлерінің жеке меншігіне өтіп кеткенін қалай түсінуге болады?! Бұл тақырып ауыл халқының жанайқайын билікке жеткізу мақсатында теледидар арқылы да қозғалған, бірақ, әзірше нәтиже жоқ. Әр ауылдың халқы өз жеріне өзі иелік ететіндей заң қажет сияқты. Әйтпесе, ымы-жымы бір пысықайлар ебін тауып, ойына келгенін іске асырып жатқанға ұқсайды. Ауыз толтырып айтып жүрген Жаңа Қазақстан құрамыз деген саясатымыз шын болса, ауылға түзу көңіл бөліп, ең болмаса осы күнге дейін сақталып қалған елді мекендердің жабылып қалмауына күш салу керек.

Әлемді жайлаған жаман аурудан кейін көші-қон мәселесі қалпына келіп, жандана бастағаны қуанарлық жағдай. Елім деп еңіреп жүрген қаншама отбасы әлі де болса, шет мемлекеттерден атамекеніне жете алмай зарығып жүр. Мерзімдік баспасөз беттері және әлеуметтік желілер жарыса жазып жүргеніндей, сырттағы отандастарымыздың атажұртқа қоныс аударуға ниеттері оң екенін қуанышпен қабылдаймыз. Қазақ ұлтының маңдайына жазылған ұлы көш болуы мүмкін, егер билік тарапынан дұрыс ұйымдастырылып келе жатқан қандастар мемлекеттік бағдарлама бойынша орталық және солтүстік облыстардың аумағына көбірек орналастырылса, бұл геосаясат үшін де дұрыс үрдіс. Негізі Қытай мен Моңғол елінен көшіп келетін туысқандарды міндетті түрде біркелкі қазақтар тұратын ауылдарға қоныстандыру керек. Өйткені, орыс тілді ортаға түссе, жергілікті құлдық санадан әлі де арыла алмай жүрген өз қазақтарымыз бен өзге ұлт өкілдері «қытай» немесе «моңғол» деп мазақ қылатынының кезінде талай рет куәгері болғанбыз. Кезінде қаншама облыс, аудан орталықтарын жауып, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салғанымыз өз алдына, сол қысқартқаннан мемлекет бюджеті толықтырылып, жағдайымыз жақсы болып кеткен жоқ…

Осы қателікті кеш болса да ескеріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жабылып қалған Торғай облысынан басқасын қайта қалпына келтіріп, халықтың көңілінен шықты. Енді әупірімдеп өз ауылдарын сақтап қалған тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеріп, осы селдіреп қалған елді мекендерді көшіп келетін отандастардың есебінен қайтадан түлетуге жағдай жасаған дұрыс болар еді.Билік басындағылар ауыл халқының тұрмыс жағдайын жете ескеріп, ата-баба кәсібімен мал ұстап, өз күндерін өздері көріп отырған қарапайым халықтың тіршілігіне қолдау білдіріп, әрбір мектептің, әрбір ауылдың жабылып қалмауына ықпал етсе, елге қызмет ету деген сол. Министр, әкімнің өз кабинетінде отырып алып, бүкіл бір ауыл халқының тағдырын бұйрықпен «болашағы жоқ»деп сызып тастауға еш ақысы жоқ.

Керісінше, ауыл халқына қазіргі көп бөлініп жатқан субсидияны дұрыс қарастырып, қолдау көрсеткен абзал. Халқымызды отандық ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ету де жүйелі жұмыстың жоқтығынан, азық-түлік дүкендерінде Ресей, Беларусь мемлекеттерінен әкелінген сүт өнімдері толып тұр. Ал, енді Астана қаласының ет базарларындағы өнімдердің Канада, Австралия мемлекеттерінен тасымалданатынын жиі естіп жүрміз. Шынын айтсақ, өзге дін өкілдерінің малды бауыздамай, тоқпен соғып өлтіріп, бөлшектей салатынынан хабардар бола тұра, мұсылман баласы осындай ет өнімдерін қайтіп пайдалануы керек?!

Ұлт болашағы, ел тағдыры болмысы «мен қазақпын» деген әр азаматтың ойынан шықпауы керек. Ақмола облысы көлемінде әлі де болса, талай қазақ ауылдары мектеп оқушыларының азайып кетуіне байланысты жабылып қалу қаупінде тұр. Тәуелсіздік алдық деп, бөркімізді аспанға лақтырып қуанғанымызды қайтейік, тіршілігі жарасып, қаймағы бұзылмай келген екі қазақ ауылының бірі тарап,   жабылғаны жанға батады. Кезінде тағдыр тауқыметімен шетке көшіп кеткен қандастарымыз атажұртқа ораламыз десе, олардың әрбіреуін құшақ жая қарсы алып, мүмкіндігінше барлық жағдайды жасап, қамқорлыққа алу керек. Ата-бабаларымыздан аманат ретінде қалған кең даламыз елдің де, жердің де иесі өз ұлтымызбен толықтырылуы заңды. Өткен ғасырдағы сталиндік қуғын-сүргін заманында өзге ұлт өкілдеріне қамқор болып, өздерінің тұрмыс-жағдайы жетісіп тұрмаса да, бір үзім нанымен бөліскен қазағымның сол кеңпейілділігі өз бауыры дегенде тіпті, жарқырай көрінуі тиіс.

Талғат САҒЫНДЫҚ,
«Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар