Жастар саясаты жан-жақты жұмысты қажет етеді

Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрайымдылығымен Ақмола облысы әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда жастар саясатына қатысты төрт мәселе қаралды.

Отырысты ашып, жүргізген облыс әкімінің орынбасары кеңесте қаралатын мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жастарға еліміздің ертеңгі иелері ретінде жан-жақты қамқорлық жасау және олардың белсенділіктерін арттыру тұрғысында облысымызда қолға алынып жатқан жұмыстардың басты-бастыларын тілге тиек етіп өтті.

Бұдан кейін сөз кеңес отырысында қаралған алғашқы «Өскелең ұрпақты қазақстандық идеологиялық  тұрғыдан тәрбиелеу туралы» мәселе бойынша Ақмола облысы зиялы қауым өкілдері атынан елімізге белгілі қоғам қайраткері, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділовқа берілді. Сөйтіп, бұрынғы Көкшетау облысы әкімінің орынбасары, үнемі ел, ұлт қамын ойлай білген жанашыр тұлға ретінде Болат Сүлейменұлы жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу жөнінде өз толғамды ойларын ортаға салды. Бұл үшін өз тәуелсіздігімізді алған отыз жылдан астам уақыт кезеңіндегі жүріп өткен жолымызға қысқаша шолу жасап, осы тұрғыда жол берілген олқылықтарды да ауызға алмай тұра алмады. Ендігі жерде ұлттық  идеологияны пәрменді етіп, соның негізінде жас ұрпақты атымыз бен затымызға сай жақсы жағына баулу жөнінде қадау-қадау ұсыныстарын білдірді.

Бұл айтылған жайлар құп алынып, соның бір тармағы ретінде облысымызда жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісін ұйымдастыру туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың есебі тыңдалды. Есепте бәрі жақсы-ақ. Жастар жан-жақты шаралармен қамтылғанға ұқсайды. Дегенмен, бір ғана мысалдың өзінен мынадай бір ой да көңілге келмей қоймайды. Айталық, облыста әскери-патриоттық клубтардың өзі 290-ға барып қалады екен. Бірақ, жылдан-жылға әскер қатарынан қашқақтайтын жастар санының көбейіп келе жатқандығына қарағанда, солардың жұмысы діттегендей тиімділігімен ерекшеленбейтін сияқты. Сондықтан да, отырыста осындай әлі де олқы түсіп жатқан тұстарға баса назар аударылып, білім басқармасына сол бағытта жұмысты күшейту  тапсырылды.

Бұдан кейін отырыста тағы бір өзекті мәселенің бірі – жастар ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жағы сөз болды. Бұл ретте, есепті баяндама жасаған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық ұйымының Ақмола облыстық филиалының басшысы Самира Тәйтенова қозғалған тақырыпқа жан-жақты дайындықпен келгендігін байқатып, осы саладағы істің жайын тарқатып жеткізе білді. Соның ішінде баяндамашы қай өңірлер, қандай салалар сыбайлас жемқорлық көріністеріне көбірек бейім екендігін біліп отыру үшін тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар өткізу жүйесін қайта қарастыруды ұсынды. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстардың техникалық сипатамаларын жаңартудың кезі келгендігін де алға тартты.

Отырыста баяндамашыларға күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сауалдар да аз болмай, облыс әкімінің орынбасарынан бастап, кеңес мүшелеріне дейін тілге тиек етілген біраз жайлар, соның ішінде ұсыныстар әрине, қайткенде де жастар саясатын талапқа сай іске асырып, оң нәтижелерді ауқымдырақ ете түсеміз деген ойдан туындағаны анық. Бұл ретте, кеңес мүшелері, «Көкше» телеарнасы директорының орынбасары, Зеренді аудандық мәслихатының депутаты Ермек Елбергеновтың, жас ғалым,Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылым департаментінің жетекшісі Марден Байдалиннің, тағы басқаларының белсенділіктерін атап өткен жөн.

Кеңес отырысында жиналғандарды Ақмола облысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алиннің сөзінен бұл тұрғыда аймағымызда сала-саламен бірсыпыра істердің қолға алынғандығы, олардың жастар көкейіндегісін дөп басып, ортақ істі ілгерілетуде өз нәтижесін де беріп жатқандығы аңғарылады. Отырысты қорытындылаған Алтынай Әміренованың өз сөзінде жастар саясаты мәселесі алда да ұдайы назарда болатындығына, демек, бүгінгі айтылған ұсыныс-тілектердің де ескеріліп, қаперге алынатындығына екпін беруі бұл саланың ешбір естен шығаруға болмайтын үлкен жұмыс арнасы екендігін айқын аңғартқандай.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар