Аптап ыстық – орман алқаптарына зор қауіп

Орманалқаптары тек еліміздің көркі ғана емес, халықтың демалатын, жан-жануарлардың өмір сүретін мекені.Осы жасыл желегімізді қорғайтын кез-келген өңірдегі мамандармен сөйлесе қалсақ, бәрінің ойы бір жерден шығады. Олар маусым мен шілде айларын ең ыстық айларға жатқызады. Аптап ыстықта термометр кей жағдайларда 53 градусты да көрсететін кездер болады.Осындайда шығатын өрт көбінесе халықтың абайсыздығынан болады. Орман алқабына демалуға келіп, тұтатқан отын сөндірмеу, шыны ыдыстарды күн беткейіне қалдырып кету, ағашты тұтатуға арналған отты құралдарды жанғыш заттардың жанында тастау, темекі шоқтарын сөндірмеу, тіпті, көзәйнектерін қураған шөп үстіне қоюдың өзі өрттің тууына себеп болып отыр дейді мамандар. Қурап, шөлдеп тұрған ағаштарға жоғарыда аталған факторлардың сәл ғана себебі жеткілікті, тұтанып, күллі орманды өртке орайды.

Сондықтан, адамдарды абай болуға шақырамыз. Орман өртін өшіру өте қиын жұмыс, өздеріңіз көріп-біліп жүргендей, табиғат байлықтары мен жануарлардан бөлек, адам өмірін де жалмап өткен жағдайлар тіркелді. Осы ретте, биылғы Абай облысында болған адам шығынын еске алсақ та жеткілікті. Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары өрт жағдайы жиі тіркелетін аймақтар қатарында. Мұндағы орманды алқаптарда өрт қаупі өте жоғары. Еліміздің оңтүстігіндегі ормандарды түгелдей өзен арналары қоршап тұрғандықтан, ол жақтарда өртті дер кезінде сөндіруге болады, оның үстіне ауарайы ылғалды болғандықтан, аптап ыстықтың өзінде орман ағаштары салқын тартып тұрады. Сондықтан да, өрт факторлары аз тіркеледі.

Ал, бізде бұл жағынан шыққан өртті сөндіру оңай емес. Біз орман алқаптарын уақытылы шолып қарап жүреміз. Бұл біздің жұмысымыз. Десе де, өрт өршіген кезде бір адам түгілі, жүз адамның да күші жетпей қалатын жағдайлар болады. Орман мен өрт сөндірушілер, тұтастай халық бір ғана адамның абайсыздығынан соншалықты зардап шегетінін сөзбен айтып жеткізу қиын. Оның шығыны мен келтіретін зияны орасан. Сондықтан, орман-тоғайымызға салғырт қарамауға, орманға демалуға келгенде барлық сақтық шараларын сақтауға, өртті байқай қалған жағдайда, дереу өрт сөндірушілерге хабар беруге шақырамыз. Орман алқаптарын аптап ыстықта бірге қорғайық.

Жасқайрат СЕРКЕНОВ,
«Қыпшақ» орман шаруашылығының шебері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар