Білім беру саласында 24 нысанның құрылысы жүргізілуде

Ақкөл, Аршалы, Біржан сал, Сандықтау, Целиноград аудандары мен Степногорск және Көкшетау қалаларында 5,6 мың орындық он төрт мектеп, 1,2 мың орындық бес балабақша, 1,2 мың орындық төрт жатақхана салынуда, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде Мемлекет басшысының мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасын іске асыру барысы қаралды.

–Президент мектептердегі оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Ол үшін жаңа жүйелі шаралар қабылданып, «Сапалы білім беру» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары іске қосылды. Облыста оқушы орындарының тапшылығы шамамен 13 мыңды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін 14 мектептің құрылысы жүргізілуде, – деді өңір басшысы.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтың айтуынша, 24 білім беру нысаны салынуда.

–Ағымдағы жылы 2,8 мың оқушыға арналған 9 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның ішінде оқу процесі басталғанға дейін Ақкөл, Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы және Көкшетау қалаларында 5 мектепті, жылдың соңына дейін Аршалы, Целиноград аудандарында, Степногорск және Көкшетау қалаларында 4 мектепті аяқтау жоспарлануда. 2024 жылға ауысатын 2,8 мың орындық бес мектепте бар, – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен оқу жылы басталғанға дейін Қосшы қаласында 1500 орындық мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында 22,6 мың оқушы оқитынон сегіз мектеп салу жоспарланған. Ұлттық жобаны іске асырудың бірыңғай операторы«Samruk-Kazyna Construction» АҚ болып табылады.

Биыл 12 мыңнан астам оқушыға арналған тоғыз мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Оның ішінде Целиноград ауданында 7 және облыс орталығындағы 2 мектеп бар. 2024-2025 жылдары Аршалы, Бурабай, Целиноград, Шортанды аудандарында, Қосшы және Көкшетау қалаларында 10,4 мың оқушыға арналған тоғыз мектеп қарастырылған.

Кеңесті қорытындылай келе, Ермек Маржықпаев білім беру жобаларын іске асыруды ерекше бақылауға алуды, орта білім беру нысандарын уақтылы іске қосуды және инженерлік инфрақұрылымды жайлы мектептерге жеткізу бойынша жобаларды уақытылы әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар