Ортақ мүдде ізгі қадамдарға жол ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жаңа Әділетті Қазақстан құру жөніндегі өз бастамасын жариялап, бұл жаңа саяси реформаны жүйе-жүйемен іске асырып келеді. Қоғамды демократияландыруға, тұрғындарды елімізде жүргізіліп жатқан барлық жаңару процестеріне белсенді тартуға бағытталған бұл жұмыстар өз нәтижесін де бере бастады.

«Әділетті мемлекет»  ұғымы өзіне көптеген аспектілерді біріктіреді. Бұл – азаматтар үшін тең жағдайлар ғана емес, сонымен бірге, өмірдің барлық салаларында заңды сақтау, алға қойылған міндеттерді шешуде мемлекет пен қоғамның өзара тиімді іс-қимылына қол жеткізу.

Бұл ретте, Президенттің ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасы да назар аударуға тұрарлық. Уақыт көрсеткеніндей, бұл жаңашылдық өзін ақтай түсуде. Өйткені, адамдардың өздері білетін, сенетін адамды әкімдік қызметке сайлауы сол округтің, елді мекеннің өзекті мәселелерінің неғұрлым сәтті шешілуіне мүмкіндік беретіндігі айдан анық. Халықтың сенімін арқалаған кез-келген басшы мұндайда өзінің міндетіне жауапкершілікпен қарап, ауылдастарының үміт артқанындай, іскерлік қасиеттерімен танылуға ұмтылады деген ойдамын.

Сол сияқты ауылдық округтердің өз бюджетінің болуы да алда тұрған міндеттерді ойдағыдай шешуге көп көмек екендігі айдан анық. Бұл төртінші деңгейлі бюджет жергілікті жерлердегі шешімін күткен мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Мұндайда жинақталған қаржы белгілі бір елді мекеннің өмірлік маңызы бар ең өзекті қажеттеріне жұмсалатындығы, қолдағы бюджет қаржысын сауатты және тиімді жұмсау жағы ескерілетіндігі ортақ іске тиісті пайдасын тигізетініне сөз жоқ.

Бүгінгі таңда осындай көзге көріне бастаған өзгерістердің арқасында адамдар өздерінің кіші Отандары үшін жауапкершілік жүгін жете сезінуге  айналды. Тек бұл үшін әлі де болса әділдік принципінің үстемдік құруы өте-мөте қажетті қағидалардың бірі. Өйткені айналасынан әділдікті, тәртіпті, тазалықты көрген жандардың азаматтық белсенділігі де артып, өз елі, Отаны үшін ештеңеден аянбайтындығын басқа озық елдердің тәжірибесі де жақсы көрсетіп келеді.

Сөзімді өз лауазымына халықтың сенімімен келетін әкімдермен аяқтасам, шынында да олар ел үшін бар қажыр-қайратымен, көпшіліктің ортақ мүддесін ескере отырып жұмыс істейді. Олар өз округтеріндегі халықтың мұң-мұқтажына да көбірек бойлап, ел артқан сенімді естерінен шығармайды. Осылайша, «жергілікті атқару органы және жергілікті қауымдастық» бірлігі алда тұрған міндеттердің тезірек шешілуіне, ертеңгі күнге деген сенімнің молаюына жол ашады.

Светлана КИМ,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы журналистер клубының төрайымы.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар