Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәйекті көңіл бөлінсе, көл-көсір пайдасы бар - АРҚА АЖАРЫ

Дәйекті көңіл бөлінсе, көл-көсір пайдасы бар

Көгілдір Көкшетау мен сулы-нулы Қорғалжын аумағында мыңнан астам көл бар. Мамандардың сараптауына қарағанда, осынау айдын шалқарлардың 536-сында балық шаруашылығын дамытуға әбден болады. Алдымен,қазіргі уақытта да балық шаруашылығын дамытуға мейлінше мән беріліп отырғандығын айта кетуіміз керек.

Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевтың айтуына қарағанда, арнайы бағдарлама аясында дернәсіл алуға, балық жемімен қамтамасыз етуге субсидия қарастырылған. Көлдердегі балық қорын көбейту мақсатында сәуір-мамыр айларында ақбалық пен тұқының дернәсілі су айдындарына жіберілген. Шамамен 15 миллион дана  төңірегінде. Бұл жұмыс жалғасуда. Ақ айдынды тайдай тулаған балықпен толықтырумен бірге, әдемі табиғатты аялап, келер ұрпақтың кәдесіне жарату тарапында да айта қаларлықтай тындырымды шаруа атқарылуда. Мәселен, «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы аясында 45 тонна қоқыс шығарылып, 124 дана тыйым салынған балық аулау құралдары бей-берекет шашылып жатқан жерінен жиналып алынған.

Осы арада замандастарымыздың тамаша табиғаттың қорғаны болсам деген ыстық ықыласы туралы да айта кетуге болар. Мәселен, осы акцияға 683 адам қатысса, олардың қатарында ақысыз, пұлсыз жұмыс істейтін еріктілер де аз емес көрінеді. Асылында мұндай акцияларды ұйымдастырудағы басты мақсат балық ресурсының биологиялық әртүрлілігін сақтау, әрі мүмкіндігінше ұлғайту. Оған қоса, ен байлыққа суық қолын сұғатын браконьерлердің жолын кесу. Көрікті өңірдің кеудесіне таққан бір шөкім жақұт сияқты күн нұрымен шағылысып жалт-жұлт етіп жатқан су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту.

2021-2030 жылдары облыстағы балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын орындау аясында 6 конкурстың қорытындысы бойынша мемлекеттік тізілім порталы арқылы балық шаруашылығын ұйымдастыру үшін 40 шарт жасалыпты. Міне, осындай ілкімді істің үдесінен шыққан кезде 2030 жылдың соңына дейін тауарлы балық өндіру көлемін он мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Облыста өткен жылы тауарлы балық өсіру көлемі 953 тоннаға жетті. Бұл бағыттағы жоспар асыра орындалды. Осы арада мемлекеттің демеуі туралы да айта кетуіміз керек.Балық өсіру шаруашылықтарына 132 миллион мың 532 теңге бағытталды.

Бұл тарапта жағымды жаңалық та аз емес. Бурабай ауданындағы Ақылбай кентінде орналасқан «Биосфера fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл өңірде бұрын-соңды кездесе қоймаған форель шаруашылығын ұйымдастыруға ниеттеніп отыр. Серіктестік директорының орынбасары Павел Стадниковтың айтуына қарағанда, кешенде жұмыс істейтін қызметкерлер Қазан, Ростов, Санкт-Петербург қалаларында форель балығын өсірудің, шаруашылықты ұйымдастырудың қыр-сырын оқып, үйреніп қайтыпты. Алғашқы форель уылдырығы Франциядан жеткізілген. Әр жыл сайын бес тонна шамасында форель өндірсе, кейін толық қуатына енген кезде өнім көлемі 40-45 тоннаға жеткізілмек. Сөз арасында Бурабайдағы форель өсіру алғашқы инвестициялық жоба екендігін айта кетуіміз керек. Кешенді салып шығуға 360 миллион теңге шамасында жеке инвестиция тартылған. Бұл тарапта да мемлекеттің қолдауы қомақты. Айталық, салынған қаржының 25 пайызы қайтарылады. Көп-көрім демеу емес пе? Целиноград ауданындағы Аққайың ауылында «Посейдон» серіктестігі де дәл осындай балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Соны жоба іске асырылған кезде жылына 100 тоннаға жуық форель мен бекіре өсіруге мүмкіндік тумақ. Осындай бағалы балықтар көбейсе, Көкшенің көгілдір көлдері жалпақ жұрттың игілігіне айналары сөзсіз.

–Қол жеткізген табыспен қатар, қиындық туралы да айта кетуіміз керек, – дейді Нығмет Амангелдіұлы, –Көкшетау көлдерінің негізінен, жазық далалық және таулы қыратты жерлерде орналасқаны белгілі. Сондықтан да, далалық көлдердің басым бөлігі тайыз болып келеді. Біздің жақта қыс өте суық. Тайыз көлдер табанына дейін қатып қалады да балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бермейді. Негізінде көлге ие болу керек. Әйтпесе иесіз көлге браконьерлер әуес болады. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылған. Қазіргі заңнама бойынша балық өсіруге қолайлы су айдындары бес жылдан 49 жылға дейін жалға беріледі. Жалға алушылардың міндеті де зор. Алдымен балық шаруашылығын дамыту жоспарын жасауы керек. Көл суын сараптамадан өткізіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сала мамандарымен келісім-шарт жасалады. Қыста айдынның мұзын ойып, балыққа қажетті оттегін жібереді. Ал, жаз айында көл жағалауындағы бей-берекет өскен қамысты  тазарту қажет.

Инспекция басшысының айтуына қарағанда, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық қомақты. Жалға алушылар бес түрлі субсидия алып отыр. Тіпті, балық ауруын емдеуге дәрі-дәрмек алса, жұмсалған қаражаттың қақ жартысы қайтарылады екен. Бұл жайды тәптіштеп жазып отырғанымыз, оқырман қауымның игіліктің қай тарапта екендігін білгені жөн. Қазір ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ағайын іргедегі көлкіген көлдің берекенің бастауы екендігін білсе, нар тәуекел деп осы шаруаны қолға алса, жақсы емес пе?!

Терең айдындардың өзінің тағдыры қыл үстінде. Кейбір деректерге қарағанда бұрынғы Көкшетау облысының аумағында 1960 жылдары 1515 көл болған көрінеді. Оның 1320-сы суы тұщы шалқарлар екен. Бүгінгі таңда осы көлдердің қаншасы «кәрі көлге» айналғандығын нақты айту қиын. Экожүйе бұзылғалы шағын көлдер тартылып, мүлде жоғалып кетті. Кейбірі адам қолынан жасалған қиянаттан тайызданып, балық түгіл бақа өрістемейтін батпаққа айналды. Осы кесапаттың көпшілігі кешегі кеңес заманында орын алды. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары егістік жерлердің көлемін көбейту қажет деген жоспардың желеуімен жалпақ жондағы көлді темір құрсаудай қаумалап жыртып тастады. Жыртылған аңыздан көлге нәр беретін қар суы өте алмайтын болды. Қоректендіру болмағаннан кейін жиналған судың жаз айларында 60-70 пайызы буға айналып рәсуа болып, көлкіген көл біткен Көкшенің қырларынан жоғала бастады. Бұл тараптағы ғалымдардың айтуларына қарағанда, ағын су жиналатын аумақ неғұрлым кең, үлкен болуы керек. Табиғи су жолдары да жабылмауға тиісті. Ал, судың ащы, тұщы болуы қоршаған ортаның  физикалық-химиялық және биологиялық әсерінен.

Балық бағып игілігін көріп отырғандар аз емес. Мәселен, әкелі-балалы Шишкиндер Сандықтау, Зеренді, Атбасар аудандарының аумағындағы төрт тоғанды жалға алған. Челябинск қаласындағы балық тұқымдарын өсіретін зауыттан 15 миллион мөңке балығының шабағын әкеліп, әлгі тоғандарға жіберген. Қазір балықтың 7-8 түрі өсіп-өнуде. Бір кезде қараусыз жатқан тоғанға бүгінде ат басын бұрушылар аз емес. Осы игілікті жер иелері де көруі керек емес пе? Балық шаруашылығын дамыту азық-түлік молшылығына септігін тигізумен қатар, туризм саласына да оң ықпал етеді. Оның ең қызықтысы, спорттық әуесқой балық аулау. Бүгінгі таңда Нұра, Есіл өзендерінің бойында халық демалатын арнайы орындар жасақталуда. Бір жағы демалыс, екіншіден спорт. Ендігі бір тарап өндірістік бағыт. Балық бәсін бағалап, ғылыммен ұштастыра дамытса, өнім мөлшері әлдеқайда артар еді. Әзірге біздің пайымдауымызша жетіспей жатқаны да осы.

Инспекция қызметкерлері жалға берілген көлдерді бақылап, табиғатқа жанашырлық жасауда. Инспекция басшысының айтуына қарағанда, ең басты мәселе балықтың түрін әрі санын көбейту. Сонда ғана көрікті өңірдің көркі келетін болады.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар