Ағымдағы жылы ауданда он инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Бүгінде 26 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту жұмыстары қарқын алып келеді. Аудандағы басты салалар – ауыл шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсіптері. Жалпы өнімнің құны 5 миллиард 581 миллион теңгеден астам. Қазіргі таңда ауданда 73 мыңнан аса ірі қара мал бар. Ауыл шаруашылығы саласында елді мекен тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Аудан басшыларының айтуынша, аталған бағдарлама аясында жылдық мөлшермесі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие беріледі. Жобаға 32 азамат қатысқан. Сондай-ақ, биыл аудан аумағында 4 ферма құру да жоспарланған.
– Жер жағдайымызға байланысты ауданда мал шаруашылығы бүгінгі күнде қарқынды дамып келе жатыр деп айта аламыз. 2023 жылы біз егістіктің өнімділігін ұлғайттық. Биыл 126 мың гектарға егін егілді. Ал, өткен жылы оны 116 мың гектарға еккен болатынбыз. Пайдаланбайтын жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылы жалпы көлемі 28 мың гектар жер ерікті түрде қайтарылса, биыл 8,5 мың гектары қайтарылды. Жер ресурстарын басқару департаментінде 200 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері тексерістен өтуде, – дейді аудан басшысы Абай Әлжанов.
Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 миллиард 800 миллион теңгеден асқан. Сондықтан, осы қаражат есебінен елді мекендерде 10 жобаны іске асыруды қолға алынуда. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларын дамыту және көшелерге жарық беру мәселесін шешу үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Ал, енді инфрақұрылымға келетін болсақ, ауданда көптен бері ауыз су мәселесі өзекті болып тұр. 2022 жылдан бастап 5 ауылдың су құбырына қаражат бөлінді. Өткен жылы Еңбек, Жаңажол ауылдарының су құбырларының құрылысы аяқталды. Биыл Сілеті ауылында да осындай екі жылдық жобаға қаражат бөлініп, жұмысы жүріп жатыр. Оны ағымдағы жылы аяқтау қарастырылған. Ақмырза ауылында да осындай оң мысал бар. Әрине, мұның бәрі көптен бері халықтың көкейде жүрген әңгімелер. Сондықтан, тезірек іске асырылғаны керек.
Оған қоса, аудан орталығы мен елді мекендерде жол мәселесін шешу үшін аудандық бюджеттен 29,7 миллион теңге қаражат қарастырылған. Соның есебінен Ерейментау қаласында бірнеше көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ерейментау ауданы.