10 тамызда қазақстандықтар, соның ішінде ақмолалықтар ойшыл – ұлы қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ақын, ағартушы Абайдың туған күнін атап өтті. Бұл күні Көкшетау қаласында облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен дара тұлғаның құрметіне бірқатар айтулы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Абай Құнанбаев әлемдік мәдениеттің тұлғасы, мемлекет мүддесін қорғаушы, халық бірлігі идеясының жақтаушысы еді. Оның мұрасы мазмұн жағынан алғанда және ақындық өнер, шеберлік тұрғысынан келгенде ұлан-ғайыр.
Ұлы Абайдың атаулы күніне орай, орталық саябақта, «РИО» ТРК және Көкшетау қаласының орталық базарындағы мәдениет мекемелерінде Абай күніне арналған радиогазет таратылып, LED-экрандарда бейнероликтер көрсетілді. Орталық саябақ Балюстрадасында қала тұрғындарының назарына «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі ұсынылды.Тек қазақтың ғана емес, адамзаттың ұстазына айналған ұлы ақынның мол мұрасы бүгінде әлемнің жауһарына айналды. Абайдың бай мұрасы жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына енді.
Сондай-ақ, сөрелерде ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін кітаптар, журналдар, фотосуреттер ұсынылды. Қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай тіліндегіАбай кітаптарынан құралған Абай кітабының макеті мерекелік көрменің көркіне айналды.Сөрелерге қарама-қарсы «Абай бұрышы» инсталляциясы яғни, АбайҚұнанбайұлының портреті безендірілген кілем, ұлттық киіз сырмақтар, музыкалық аспаптар, көне кітаптар, қалам, шам ұстағыш көрсетілді.
Аллеяданәрі қарай келушілер сурет галереясын тамашалады.Көрменің әр блогында экскурсоводтар Ұлы Абай туралы, оның өмірі мен шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі рөлі жөнінде әңгіме тарқатты.
Сонымен бірге, «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы ақынның туған күніне орай, «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Оған «Жұлдыз» үлгілі вокалдық студиясының шығармашылық ұжымдары, «Көркемтау» домбырашылар ансамблі, ардагерлер халық хорының қазақ вокалдық тобы, «Шалқыма» және «Көкшетау» халық би ансамбльдері және Алтыншаш Шүкібаева, Ақниет Абдулла мен Ерқанат Ербосынұлы сынды солистер қатысты. Мерекелік іс-шара барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қонақтарды төл мерекемен құттықтап, Абайдың қазақ халқының мәдениетінің сақталуына орасан зор үлес қосқанын атап өтті.
−Барша қазақстандықтарды, оның ішінде ақмолалықтарды Абай күнімен құттықтаймын.Біз үшін Абай қазақ әдеби тілі мен жазба әдебиетінің негізін салушы. Философтың бай шығармашылық мұрасына 170 өлеңі енген, олардың көпшілігін өзі күйге түсірген.Ақынның туған күні аясында Ақмола облысында мәдениет мекемелері 500-ден астам әдеби, мәдени-танымдық, ағартушылық, ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруда. Келесі жылы да ұлы Абайдың күніне орай, маңызды және ауқымды мәдени іс-шаралардың өтетініне сенімдімін. Осының барлығы ұрпақтың бойында дара тұлғаларымыздың ұлтымызға қалдырған мұрасын сақтау мақсатында өткізіліп жатқандығын толыққанды түсінуіміз керек. Елімізге амандық, өркендеу, ал, білімге, ой тазалығынаталпынғанбарша қазақстандықтарға табыс тілеймін. Өйткені, ұлы Абай шын жүректен қазақ халқының ешкімге есесін жібермейтін білімді, еңбекқор ел болуын тіледі. Оның шығармаларынан көретін құндылықтарымыз халқымыздың жүрегінде сақталуы, өмірінен табылуы керек,−деді өз құттықтау сөзінде Айгүл Баубекқызы.
Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің ұйымдастырған«Асыл сөзді іздесең…» атты Абайдың қара сөздерін жатқа оқу марафоны, «Абай – қазақтың рухани көсемі» атты ақпарат хабары және «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты әдеби көрме де тұрғындар назарынан тыс қалмады.
Абайдың мұрасын қайта жаңғырту, ұрпақ тәрбиесіне жарату мақсатында Көкшетау қаласының «Абай» дәмханасында әдеби-сазды кешөтті.Іс-шара барысында облыстың танымал ақындары, әншілері және музыканттары Ұлы ақынның шығармашылығынан өлең жолдары мен әндерін орындады.
Абай Құнанбайұлы бар асыл ойын өз халқына, келер ұрпағына арнаған еді.Қазақ әдебиеті тарихында Абай атамыздың дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетуде. Ұлы ақынның рухани мұрасы қазақ халқының және келешек ұрпақтың жадында мәңгілікке сақталуы тиіс, сақталады деп те берік сеніммен айта аламыз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.