Сала еңбеккерлерінің күшімен көп жұмыс атқарылуда

Еліміз егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде мейлінше күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құруларды жүзеге асырып, бүгінгі таңда өркениетті дамуға нарықтық экономика арқылы қол жеткізуді көздеп отыр. Осыған орай,облысымызда құрылыс саласының қарқынды дамуына басты назар аударылуда. Шын мәнінде құрылыс саласы қазіргі уақытта облыс экономикасындағы жақсы дамып келе жатқан саланың бірі деп айтуға болады. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту тұрғын үй мәселесін шешумен тығыз байланысты екені белгілі.

Өңірде соңғы үш жылда 2,1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы көрсеткіштен-ақ ақмолалықтардың соңғы үш жылда тұрмыс деңгейінің қаншалықты жақсарғандығын айқын аңғаруға болады. Нақтырақ айтатын болсақ, осы уақыт ішінде 18 мыңға жуық отбасы пәтер мәселесін шешіп, қуанышқа кенелді. Бір жақсысы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағынан аз қамтамасыз етілген топтары да өз жағдайларын жақсартуда. Мәселен, осындай топқа жататын 1165 отбасы, кезекте тұрған Отбасы банкінің 339 салымшысы қуанышқа кенеліп, тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндігіне ие болды.

Осының барлығы ілкімді істі ретімен сабақтау нәтижесінде мүмкін болып отыр. Құрылыс саласына бөлініп жатқан қаржы да аз емес. Мәселен, үстіміздегі жылы тұрғын үй құрылысы саласына 13,1 миллиард теңге бағытталды. Қазіргі күні 51 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Барлық істі сапалы әрі уақытылы атқаруға ұмтылудың арқасында қол жеткізген нәтижеміз де қомақты екенін айта кеткен орынды болмақ. Мәселен, біздің облысымыз 2023 жылдың алғашқы жарты жылында тұрғын үйді іске қосу көрсеткіштері және орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі жағынан ел бойынша көшбасшылардың қатарына кіреді. Ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағынан аз қамтамасыз етілген тобы үшін жалға берілетін 306 пәтерлік 8 тұрғын үй және 308 пәтерлік 7 несиелік тұрғын үй салынатын болады. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан аз қамтамасыз етілген топтың жағдайы жақсарып қалатыны белгілі.

Адамзат өмірінің соңғы жылдары экономика мен тұрмыста түрлі технологиялық үдерістердің күрт қаулап өсуімен ерекшеленеді. Солардың қатарында әлбетте құрылыс саласы да бар. Құрылыстың қарқынды дамуы облыс орталығы мен өзге де елді мекендердің ажарланып, көркеюіне ықпал етеді. Сондай-ақ, өңірдегі шағын қалалар да дами түспек. Әлбетте ел экономикасының дамуына, оның әртараптануына құрылыс саласының тигізер ықпалы аз емес екендігі белгілі. Бұл саланың экономикаға қаншалықты әсер ететіндігін біз пандемия жағдайында анық байқадық. Ендігі арада құрылыс саласын кешенді дамытудың сенімді жолдары қарастырылып, айқын міндеттер қойылып отыр.

Саладағы серпінді тілге тиек еткен кезде коммерциялық құрылыс салушылардың үлесі қомақты екендігін атап айтқан жөн. Облыста тұрғын үйлердің 70 пайызға жуығы жеке инвестициялар есебінен енгізіледі. Айталық соңғы үш жылда осы бағытта 9 мыңнан астам пәтер мен 7 мыңға жуық жеке үй пайдалануға берілгендігін дәлел ретінде келтіруге болады. Жалпы барлық қаржыландыру көздері есебінен ағымдағы жылы 650 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Міне, осы кезде бес мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алады.

Ендігі бір мәселе әлеуметтік сала нысандарын салу. Жайлы өмірдің маңызды құрамдас бөлігі – әлеуметтік нысандардың болуы екендігі белгілі. Құрыш қолды құрылысшылардың арқасында үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері шешілуде. Нәтижелі бұл қадам білім саласындағы  сапаны арттырып, жайлылықты қамтамасыз етеді. Үстіміздегі жылы Ақкөл, Аршалы, Целиноград аудандарында, Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларында 2832 орындық 9 мектеп пайдалануға беріледі. Міне, осылайша біршама қордаланып қалған өткір мәселе шешімін таппақ. Бүгінгі таңда Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында 300 орындық мектеп пен Ақкөл ауданының орталығында 802 орындық қосымша мектеп іске қосылды. Бұл жұмыстардың барлығы ел болашағына жасалып жатқан жанды қамқорлық деп айтуға әбден болады. Білім саласындағы жағымды жаңалық туралы сәл таратып айтсақ, артықтығы болмас. Мәселен жаңа оқу жылы басталғанға дейін  тағы да үш білім ошағы пайдалануға берілмек. Целиноград ауданының Өтеміс ауылында 120 және 1200 орындық екі мектеп, сондай-ақ, Қосшы және Көкшетау қалаларында екі мектеп қатарға қосылмақ.

Білім саласындағы шапағатты шаруаның бірі «Жайлы мектеп» жобасы. Бұл да мемлекет тарапынан ел болашағы – жас ұрпаққа көрсетіліп жатқан қамқорлықтың бірі деп айтсақ қателеспес едік. 2025 жылға дейін жаңа білім беру стандарттарына сәйкес 22600 оқуға арналған 18 нысан салынады деп жоспарланып отыр. Көкшетау қаласында 446 орындық екі бала бақшаның құрылыс жұмыстары аяқталмақ.

Студенттердің өмір сүру жағдайын барынша жақсарту мақсатында облыс орталығында 1200 орындық 4 жатақхана салынуда. Үстіміздегі және келер жылы 600 орындық екі нысанды толық аяқтамақпыз.

Медицина қызметінің сапасы және қолжетімділігі бүгінгі таңда әрбір тұрғынды толғандырып отырғандығы жасырын емес. Бұл тарапта да жүзеге асырылатын шаруалар бар. Алдағы екі жыл ішінде бірыңғай дизайн тұжырымдамасын және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді ескере отырып, 38 нысанның құрылысын жүргізу көзделген. Құрылыс жұмыстары қарқын алған соң сапалы медициналық қызмет пен ауылдық жерлерде тұратын 43 мыңнан астам адам қамтылатын болады. Осы жобалардың ішінде облыс орталығы  Көкшетау қаласының  жаңа Сарыарқа шағын ауданында салынғалы жатқан жаңа көп бейінді облыстық аурухананың құрылысын да неге атап өтпеске?! Жалпы, жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келе жатқан осы Сарыарқа шағын ауданын бүгінгі облыс орталығының құрылыс саласында қол жеткізіп отырған үлкен жетістіктерінің нағыз дәлелі деп білсек артық емес.

Құрылысшылардың арқасында бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру мәселелелері де шешілуде. 2023 жылы Жақсы ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Сандықтау ауданындағы жастардың бос уақытын өткізу орталықтарының құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Осындай ауқымды жұмыстар мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылуда. Ең басты мақсатымыз – сала серпінін ширата түсіп, өңірдің тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін біртіндеп шешу. Алдағы уақытта құрылыс осы қарқынмен дамитын болса, атқарылатын жұмыстардың өзіндік құны да төмендеуі мүмкін деген үміт бар.

Сөз соңында ауыз толтырып айтып жатқан осы сала табыстарының бәрінің негізін біздің жобалаушы сәулетшілеріміз бен құрыш қолды құрылысшыларымыз қалап келе жатқандығын ерекше ілтипатпен атап өткім келеді. Бұл күнде әсіресе, біздің өз ұлтымыздан шыққан жігіттер, кешегі ауыл балалары мен азаматтары кірпіш қалау, пәтерлерді жөндеп, әрлендіру жұмыстарын керемет меңгеріп алды. Осы құрылысшылардың бәріне осы жұмыстың бар ыстық-суығынан өткен ардагерлерімізге төл мерекелері – Құрылысшылар күні қарсаңында зор денсаулық, отбасы бақытын, бала-шағаларының қызық-қуанышы мен еңбекте жаңа толайым табыстар тілеймін. Сіздердің қажыр-қайраттарыңыз, білім-біліктеріңізбен облысымыз, аудандарымыз бен қалаларымыз жаңа құрылыстармен көркейе берсін!

Марат ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облыстық құрылыс басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар