Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі, білім беру және денсаулық сақтау салалық кеңестерінің бірлескен отырысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру мәселелері қаралды.
Астанаға жақын елді мекендер жылдан-жылға қарқыны дамып келеді. Целиноград ауданы мен Қосшы қаласында халық санының өсуімен мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша орындарға қажеттілік артқан. Қазіргі кезде Целиноград ауданында 58 балабақша, атап айтқанда, 12 мемлекеттік, 46 жекеменшік, Қосшы қаласында – 31 балабақша, соның ішінде 2 мемлекеттік, 29 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Ақмола облысында барлығы 259 балабақша бар. Оның 122-сі мемлекеттік, 137-сі жекеменшік. Бұларда 30 426 бала қамтылған.
Салалық кеңестің отырысы барысында осы елді мекендердегі жекеменшік балабақшалардың өкілдері мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру мәселелерін көтерді. Бюджет қаражатынан мемлекет балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға арналған қызметтердің құнын, ал, ата-аналар тамақтану шығындарын және басқа да қосымша қызметтерді төлейді.
–Жеке балабақша иелері балаларға арналған орындардың санын көбейту үшін бюджеттен қаражат қарастыруды сұрайды. Целиноград ауданында 342 орынға, Қосшыда 193 орынға қажеттілік бар. Сондай-ақ, осы елді мекендердің кәсіпкерлері мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі шарттық қатынастар осы жылдың соңына дейін ұзартыла ма деп алаңдайды. Өйткені, барлық жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдармен мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы шарттар осы жылдың 30 қыркүйегі мен 31 қазанына дейін ғана жасалған, – деді Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының облыстық филиалының директоры Шолпан Өтегенова.
Салалық ведомство өкілдері бұған алаңдауға негіз жоқ деп сендірді. Келісім-шарттарды осы жылдың соңына дейін ұзарту көзделген.
–Балабақшаларда қосымша орындарға қаржыландыру да ескерілді. Барлық рәсім, әрине, қолданыстағы заңнама шеңберінде сақталатын болады, – деп атап өтті бұл ретте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.
Сондай-ақ, кездесу барысында жекеменшік балабақшалардағы педагогтардың еңбекақысын 30 пайызға арттыру мәселелері талқыланды.
–Естеріңізде болса, білім министрлігі Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне түзетулер жобасын әзірледі. Жоба 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің лауазымдық жалақысы белгіленген мөлшерге 1,3 түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалатынын көздейді. Барлық көтерілген мәселелерді біз хаттамалық түрде тіркедік және олардың орындалуына мониторинг жүргізетін боламыз, – деп қорытындылады өз кезегінде кеңес отырысын өңірлік палатаның адами капиталды дамыту басқармасының басшысы Динара Бұлғаева.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.