Орман алқаптарын құрт баспасын десек…

Сексен көлді омырауына сексен маржан етіп таққан Көкше өңірінің бір мақтанышы – ну орманы. Өңірдің аумағы 14 613 200 гектар болса, орман қорының көлемі 1058678 гектар. Биыл орманға ойламаған жерден қауіп төнді. Сыңсыған аққайыңға қырықбуын құрт түсті. Титімдей жәндік мемлекеттік қор есебіндегі 3633,1 гектар алқаптағы орманның жапырағын түк қоймай жеп қойды.

Тынымсыз ирелеңдеген кішкентай құрттар жасыл желекке әбден жауығып алған. Мамандардың айтуына қарағанда, қырықбуын түкті құрт таңсық жәндік емес, бұрыннан бар. Бітімі басқа болғанымен, пайда болуы, жаппай тарауы құтты шегіртке тәрізді. Оның да тұқымы алқап қойнауында жылдап жатады емес пе? Күндердің бір күнінде, өздеріне қолайлы шақ туғанда үдере бас көтермек. Қапелімде қаптаған қара шегірткеден құтылып көр. Биыл жаз ересен ыстық. Бәлкім содан ба екен, соңғы жарты ғасырда жорыққа шықпаған қырықбуын түкті құрт қара бұлттай қаптап, түнере тұтасып, сұлу өлкенің басты байлығының бірі – орманды отауда. Тамырдан сәл жоғары, ағаштың түбінен бастап сонау ұшар басқа дейінгі жапырақ атаулыдан ырымға бірін қалдырмай тұтас, түгелдей жеп, жалаңаштап кетеді екен. Бойына ешқандай дәрумен мен минералдарды жапырақ арқылы алып, сіңіре алмаған ағаш ілезде қурап, шіри бастайды. Жеткілікті көңіл аудармаса, тұтқиылдан келген қауіптің бетін қайтармаса, етек алып, жайылуы да, сау ормандарға жетіп тұқым салуы да әбден ықтимал. Ал, Көкше қайыңдары жердің көркі ғана емес, өкпесі іспетті. Жалғыз Көкшеде ғана емес, бар жаһанда солай. Демек, ел дәулеті мен жер сәулетін сақтап қалу үшін қауырт қимыл қажет.

–Сыңсыған орман алқаптарын құрт басып бара жатыр. Мұның өзі болашаққа деген үлкен қатер. Біздің Сандықтау ауданы ағашқа бай өлке. Бірақ, қайың алқаптарын қырықбуын құрт жеп, тып-типыл етуде. Егер дәрілеп, зиянкестерден орманды арылтпасақ, жағдай ушыға бермек, оның әр жағы экологиялық апат деген сөз, – дейді Сандықтау ауданының тұрғыны Мұрат Тәшімов.

Жалғыз Сандықтауда ғана емес, өзге аудандардың орман алқаптарын да құрт жеуде. Айталық, Бурабай, Зеренді, Ерейментау аудандарында да дәл осындай жағдай қалыптасып отыр.

– Өңірдегі орманды алқаптардың жағдайы қиын болып тұрғаны рас. Орман шаруашылықтары бойынша айтсақ, бүгінгі күні мынандай жағдай қалыптасып отыр. Мәселен, Маралдыда 215,5 гектар, Отрадноеда – 898,8 гектар, Бұқпада – 450 гектар, Ақкөлде – 14,2 гектар орман алқаптары бүлінген. Кіші Түкті, Ұрымқай, Сандықтау, Бурабай, Орманды бұлақ  шаруашылықтарының аумағындағы орман алқаптарына да құрт  түсіп отыр. Маусым айында қырықбуын құрты қайың мен көктерек ағаштарының жапырақтарын жеп кетті. Карантиндік фитосанитариялық сараптамаға сәйкес, бұл жәндік ерекше қауіпті зиянкестердің тізіміне кірмейді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.

Инспекция басшысының айтуына қарағанда, қазір орманды жайлап кеткен құрт атаулыдан құтылудың  шаралары жүргізілуде. Ең бастысы химиялық өңдеу. Күні бүгінге дейін 1403,8 гектар алқап өңделген. Оның ішінде Отрадное орман шаруашылығының 898,8 гектар алқабы және Кіші Түкті орман шаруашылығының 505 гектар орманы. Бұл жерлер «Флекс Эксперт» инсектицидімен тазартылған. Мамандардың айтуына қарағанда, қазір қырықбуын құрттың дернәсілдерінің қуыршақтанатын уақыты. Ал, негізінде орман зиянкестерінің жаппай таралуының алдын алу үшін алдағы жылдың мамыр және  маусым айларында әуеден дәрілеу межеленіп отыр. Ал, оған дейін қанша орманның жапырағы желінетіндігі белгісіз.

Күзде облыстың орман шаруашылықтары бірлесіп, ағаштағы зиянкестердің жұмыртқаларын қырып түсірмек. Ағаш діңін өңдеу жоспарлануда. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжам әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, қырықбуын құрттарының таралу аумағына мониторинг жүргізілмек.

Орманды зиянкестерден қорғауға 24,8 миллион теңге қаражат бөлініпті. Зеренді ауданының Кіші Түкті орман шаруашылығында 150 гектар, Сандықтау ауданының Маралды орман шаруашылығында 200 гектар алқап өңделген. Әйтсе де, атқарылуға тиісті шаруа шаш етектен. Оның барлығы түптеп келгенде көгілдір Көкшенің қымбат қазынасы – орманның зиянкестерден орны толмас жапа шегіп, ойсырап қалмауына бағытталуы керек.

Биыл орманшылардың жарғақ құлақтары жастыққа тиген жоқ. Тұс-тұстағы орман өрті тыныштық бермеген. Біздің өңірде ғана емес, жалпы еліміз бойынша. Тілсіз жау да ну орманға тақсыретін төндіріп тұр. Үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін өңірде 83 орман өрті орын алып, 4083,9 гектар алқапқа зардабын тигізді. Дәтке қуаты қызыл жалынның сумаңдаған тілі орманы селдір немесе мүлде жоқ алқаптарда орын алды. Айталық, ел назарын аударған Қорғалжындағы өрт. Аумағы біршама болғанымен, бұл жерде бұта мен қамыс күйді.

Орман шаруашылықтары қамсыз отырған жоқ. Үстіміздегі жылы 2001 шақырымды құрайтын минералданған жолақтарды қамтамасыз ету жоспарланған болса, ойға алған шаруа діттеген жеріне жетті. Осы арада өрт қаупі күшейген тұста аракідік орманшыларды да, жалпақ жұртты да әбігерге салатын қауіптің туындау себебін бір ауыз  сөзбен түйіндей кетсек, артықтығы болмас. Саралап қарасаңыз, орын алған орман өртінің 83 жағдайы белгілі болса, оның 47-сі найзағай түсуден екен. Сондай-ақ, ерте көктемде ескі сабанын өрттейтін ауыл шаруашылығы құрылымдарының да кінәсі бар. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта орманды паналаған он сан жұрттың да кінәсін жоққа шығара алмайсыз. Кәуәп пісіріп, ас дайындау, қоламтаның мұқият өшіріп кету тәрізді жаны ашымастық та тамаша табиғаттың ай дидарына кіреуке  түсіруде.

Талап күшейіп, заң қатайғанымен, иен байлықтан заңсыз еншімізді алып қалайықшы деп көз алартатындар аракідік кездеседі. Мәселен, үстіміздегі жылы облыстық орман қоры аумағында 7 заңсыз ағаш кесу оқиғасы тіркелген. Олар 95,27 текше метр ағашты кесіп, орасан зор залалын тигізіп отыр. Әрине, заң бұзушылардың үстінен екі қылмыстық іс қозғалған, 724,5 мың теңге көлемінде үш әкімшілік айыппұл салынған, 764,8 мың теңге залалды өтеуге талап қойылған. Орман қорғаушылар табиғат қорғау заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Бір ғана үстіміздегі жылы 1749 мәрте рейд жүргізіпті. Жергілікті жұртпен  тілдесіп, орманның келер ұрпаққа қалар қазына екенін тілдері жеткенше айтып ұғындыруда.

Енді әуелгі тақырыпқа қайта оралсақ. Қазір көрген жанның көзін сүйсіндіретін Көкше ормандарын қырықбуын құрт күні-түні жеп жатыр. Ендеше, көктемді  тосып отыратын несі бар, зиянкестердің тұқымын тұздай құрту жұмысын қазір бастасақ, ел байлығы ысырап болмас еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар