Бұл өмірде кішіпейілділік пен бауырмалдылыққа не жетсін?! Адамның жанын баурап тұратын кісінің бойындағы осы бір ізгі қасиеттер ғой. Сол қасиетті мен Айдархан Бейсембаев ағамыздан көп көремін де, сондай бір көңілі кең, ізгі жан болып жаратылғанына барған сайын тәнті бола түсемін. Ол кісімен бір-екі рет туған ауылымыз Ортаққа сапарлас та болдық. Немере ағасы Жолдасбай жездеміздің үйінде бір дастархан басында табақтас болған кездеріміз де ұмытылмақ емес. Әрине, дәмді әр үйден ішесің ғой. Бұл арада менің айтпағым, ағамыздың сол дастархан басында өзін қалай ұстайтындығы. Ұсақ-түйек әңгіменің ауанымен кетпей, өткенді еске алып, сонау бір үлкен кісілерден көзі тірісінде бойына алып қалған қазақы тәрбиені, елге деген сағынышты, ой-өрісінің тереңдігін тұла бойынан шым-шымдап шығарған сайын осы бір жанның тегін адам еместігін мен де ептеп өз көңіліме түйе беремін.
Араға уақыт түсіп кеткен ана жайды, мына жайды сұрап, кешегі ақсақалдарға жақсы бағасын беріп, бір жас есіктен қараса, өбектеп, дастархан басына шақырып отыратын аға тұлғасы осындайда өзін-өзі барынша танытып барып, көз алдымызда-ақ еңселеніп, биіктей түскендей болатыны да рас.
Сонысымен де көңілімізге ұнап, көкейге қонған Айдархан ағамызды, әріге бойласақ, осы Есмағұл қажының шаңырағы неге көбірек тарта береді деп ойлайтынмын. Өйткені, ара-тұра болсын, бүгінде ортамызда жоқ жездеміз «Астанадан Айдархан келіп кетті» деп отыратын. Сөйтсем, ара-жігі ажырамас туыстық өз алдына, өткенді ұмытпаған парыз деген үлкен қасиет те бұл кісінің жанынан бір елі ажырамастай, қоңсы қонып алған екен. Осы Есмағұл атасының өз әкесі Әлиге, ауылдың өздері теліп, үйреніп алған атымен атасақ, Әкіжанға тигізген шарапаты да тым көп болған көрінеді. Ата-анадан жастай қалғанда немере інісін бауырына басып, өз баласындай ұстап, тіпті сонау аумалы-төкпелі заманда бәзбіреулер өзінің соңына түсіп, билікке әшкерелеп бермек болғанда, туған ауылы Ортақтан Тайыншаның түбіндегі Заречный елді мекеніне ауа көшкенінде де сол Әкіжанды өзімен бірге ала кетеді. Солай әкенің тілеушісі болған бұл шаңырақты Айдархан ағамыз да қалай ұмытсын. Осы күнге дейін екінші үйі көріп, келіп-кетіп тұратындығы, ерекше көз салатыны сондықтан.
Ал, өзіміз ауылымыздан шыққан бетке ұстар азаматтардың бірі ретінде бағалайтын ағамыз сол Заречный ауылында дүние есігін ашты да, сол жақта бұғанасы қатайып, жақсылық, ізгілік біткенге бойын тез тіктей берді. Сол Ортақта төрт жылдық қазақ мектебін бітірген, қалған сауатын өзінің ерекше есте сақтағыш қабілетімен, етінің тірлігімен толықтырған қайран анасы өмірден ертерек өтсе де, әкесі Әли 93-ке келіп, ұлының азамат болып қалыптасқанын да, өз талап-түйсігімен біраз биікке қол созғанын да көріп кетті.
Осы тұста біз Айдархан ағаның тағы да бір мәрте қандай қызметтерде жүрмесін, тағдыры қай сыйлы ортаға апарып салмасын, сол бір бойына біткен дара мінезі – кішіпейілділігі мен қарапайымдылығынан, сабырлылығы мен бауырмалдығынан танбағандығын айтуға тиіспіз. Өмір жолы да тақтайдай тегіс болған жоқ. Ұлы Отан соғысы қызып, дүние әрі-бері шайқалақтап тұрған кезде өмірге келді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар, елдің жарты құрсақ жағдайы бала болып дегенін істетіп, емін-еркін өсуіне мүмкіндік бермеді. Бірақ, осы бір қараторы келген, көзінде ерекше от бар бозбаланың ішкі әлемінде білімге деген бір ерекше құштарлық жатты. Тұрмысқа, сол кездегі адым аштырмайтын арғы-бергі жағдайға қарайлаумен екінің бірі бара бермеген орта мектепті сонау Қарағандыда шахтада жұмыс істейтін ағайынының қолында оқып бітірді. Одан әрі сол кездің салты бойынша комсомолдық жолдамамен екпінді құрылыста бақ сынады. Сөйтіп жүріп қайтсе де әрі қарай жоғары білім алу керектігін естен бір шығармай, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының механикалық факультетіне оқуға түсті. Арасында әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келіп, ішкі ойын тағы бір өзгертіп, қайтадан Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің табалдырығын аттады. Айналдырған үш жылда екі оқуды еншісіне жазса, білімінің де осал болмағандығы ғой. Сол білім, өзі алға қойған мақсатында сенімді серігіне айналған ерік-жігер, қайрат-қажыры алдынан бір белестен бір белес болып қол бұлғай түсті. Сөйтіп, сол біз айтқан Заречный ауылындағы мұғалімдік еңбек жолынан кейін өмірінің жаңа бір беті – комсомол жұмысы күтіп тұрды.
Осы қызметте Келлер аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына дейін өскен жас жігіт өзінің тындырымдылығы, жүктелген әр міндеттің ұңғыл-шұңғылына терең бойлауы, айналасына орнықтылығы арқылы партиялық жұмыстың да бір шетінен көрінетіндей еді. Дәл солай болып, биліктің пәрменімен сол кезде Көкшетау облысында жаңадан құрылған Ленин ауданынан бір-ақ шықты. Мұнда екі жыл аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып істегеннен кейін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылды. Комсомол, партия органдарындағы бұған дейінгі мінсіз қызметі осы бағытта әрі қарай да сатылап өсе беруінің бір кепілі бола аларлықтай еді.
Бірақ, өмір ағысы, сол кездегі заман тынысы Айдархан Әлиұлын да ойламаған жерден басқа соны жолмен алып кетті. Ол кезде ішкі істер органдарын да партиялық тұрғыдан қолынан іс келетін, адал да абыройлы қызметкерлермен толықтырып отыру бұлжымас қағида еді. Күндердің күні осы бір таңдау Айдархан ағамызға да түсіп, облыстық партия комитеті салған келесі қолқаны да екі етудің орайы келмеді. Сөйтіп, темірдей тәртіп, сергек сана, ұйқысыз түндер, өзіндік білікпен осы салада өткен 15 жыл жайсаң азаматтымилициядағы тағы біраз қызметтерде қамшы салдырмай, абыройдың биігіне, істің өріне көтерді. 1995 жылы полковник шенімен Көкшетау облыстық ішкі істер басқармасы секретариатының бастығы қызметінен зейнет демалысына шығып, бар саналы ғұмырын, соның ішінде өнегелі еңбек жолын кең отырып ойлы көзбен жіті бір шолғанында, біреуден ұялып, қымсынатындай да, анадан-мынадан кем түсіп, ортаңқырайтын да еш негіз жоқ еді. Туған елі, жері үшін берерін беріп, қолынан келгенін жасаған адамда бұдан басқа қандай тоқтайтын ой болуы тиіс. Ал, енді бәлкім жете алмаған кей белестер болса, бұл өмір, қым-қуыт тіршілік, бірде олай, бірде бұлай түсетін дүние кезегі.
Бұл жағынан аға көңілі әрқашан жайлы да орнықты. Ел іші, кешегі бірге жүрген әріптестер азаматтық кескін-келбетіңді, өмірден сенің де өз еншіңді сұрай келген қазақтың бір баласы ретінде халқыңа не беріп, не қойғаныңды, ішкі жан-дүниеңді дұрыс аңғарып, таразы басына әділ тарта білсе, одан артық не керек?! Осы жандардың, ағайын-туыстың, құда-жекжат, бауырдың өзіне деген ақ көңілінен, жылы пікірі мен сыйластығынан, айнымас адал достығынан олар үшін қадірсіз адам еместігін, орталарында бір кісідей орны барын сезеді де, соған марқаяды, соған шүкіршілік етеді Айдархан ағамыз да.
Көңілдің кілті мұндайда бір ауыз жылы сөзбен-ақ ашылып жүре береді ғой. Ата-бабасы, өз әкесі, анасының ізі қалған, тағдырдың жазуымен басқа ауылға артына қарай-қарай, қимай кете барған өзі де арасында мектебінде оқып, білім жиған ағамызды Ортағына бір соқса болды, сондағы қазіргі тұрған қара шаңырақтың ықылас-пейілінің елжіретуі, көңілдегі неше түрлі сезім күйін қозғауы да бір басқа. Ілкіде туған топыраққа аяқ бассаң, жан-жақтан қаумалай түсетін осындай толғанысты ойлардың жетегінде жүріп, Бибігүл әжесінің бейітін тауып, басына ескерткіш белгі орнатты. Сол Жолдасбай ағасы қайтқанында да сексенге таяған күйі көзіне жас алып, тұнжырап отырып қалғанын көрдік. Жуырда туған ауылға тағы бір оралып, асықпай жата-жастанып, Тоқпайдың қойнауына қазақы дөңгелек үстел, самауырын ала барғызып, жеңгесі мен бауырларының өзіне болмай сойып тастаған қойының дәмін сонда, табиғат аясында тата отырып, баладай біраз рахат күй кешкенінен де хабардармыз. Иә, қолымызда бөліп береріміз болмаса да, әрқайсымыздың реті келсе, осылай ағайын-туыспен бір келгенде жадырай қауышып, өзіміздің де, өзгенің де еңсесін көтеріп кеткенімізге не жетеді?! Ата, аға болып, өзінен кейінгі әулеттің үлкендері Кенжебай, Жұмабай інілеріне есті сөзін айтып, осы ел деп ат үстінде өткен үлкендерді еске алып, жөн-жобадан бұл жолы да тартынып қалған жоқ. Қамшының сабындай мына қысқа өмірде бастарына ауылдың ыстық-суығын жазған бауырларына сол бір сәттің тап бір мерекедей әсер еткені рас еді.
Ал, осы жолы көңілі туған жер құшағында жадырап отыруға пейілді болғанымен, кейінгі бірер жыл өзі үшін мерекелі емес-ті. Басты себеп, Алла жазса, сексен жасына бірге жетеміз дегеннен басқа ойы жоқ Жібегінен, аяулы жарынан коронавирустың қыспағымен ойда-жоқта айырылып, жалғыз қалды. Жалғыз қалды дегенде, екеуі тәрбиелеген бала-шаға, немере-шөберелер де шүкір, бар. Бірақ, жан-дүниесін ойсыратып, қабағына кіреуке шалдырып кеткен құдай қосқан қосағы әлі күнге ойынан бір шығар емес. Өткен аптада туған жерге, Көкшетаудың төріне әкеліп асын да дәл туған күні, 75-ке толар күні берді. Ондағысы бір жағынан өзінің қайғысына ортақтасқан ел-жұртына рахмет-алғысын айту, екінші жағынан аман болса қуаныш төгіліп, шаттық есіліп жататын күнді атаусыз қалдырмай, асыл жарының аруағын разы ету. Тамыры Көкшетауымен біте байланған ағамыз ана бір жылы жібектей есілген, жаны жайсаң осы Жібек жеңгеміз барында Астанадан бір демалыста арнайы келіп, «Меруертте» бүкіл ағайын-туысты ортақтастырып, немересінің отау құру тойын да жасап берген еді. Бұл да болса, туған жердің киесі мен қасиетін, өз шыққан тегін ұмытпайтын аға білгендігі болар.
Бұл кісінің болмысында бір ұлттан бір ұлтты, бір адамнан бір адамды алалау жоқ. Өзіне тән мәдениеттілігімен, көпке ортақ болмыс-бітімімен әркімге де азаматтығына, қадір-қасиетіне қарай бағасын беріп, жылы сөзін де табатынын, жанына көктем болып шуағын да себезгілейтінін осы жолы да көрдік. Ұлттық мәселеде де жиі айтатыны тыныштық, әр халықтың бір-бірімен түсінісіп, тонның ішкі бауындай жарасып, достықпен, өзара құрметпен өмір сүруі. Біз айтқан аста да осы жағын жиі ауызына алуы дастархан басындағы сан ұлттың да діттеген ойынан шығып жатқандығы анық еді.
Айтпақшы, ішкі істер органдарында қызмет атқарып, зейнет демалысына ертерек шыққан соң үйреніп қалған күнделікті дағдысымен жұмыссыз қарап отыра алмайтыны да түсінікті болатын. Содан Астанаға балаларына жақындап, бухгалтерлік курсты, менеджменттің оқуын бітіріп, бизнеспен айналыса бастады. Екінші бір сүйікті ісі өзінің бай өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, әр жылдары атқарған қызмет-лауазымдарының негізінде өз ойларын, көкейде жүрген естеліктерін қағаз бетіне түсіру болды. Осылайша, бүгінге дейін достары, Көкше жеріндегі комсомолдың тарихы, ішкі істер органы туралы бірнеше кітабын өмірге әкелді.
Бұл да біздің білуімізше, адам жанының көпқырлылығы. Ал, неғұрлым көп қырлы адамның жан-дүниесі де бай, өз ортасына берері де мол болып келетіні әлмисақтан белгілі. Міне, осындай биік тұлғалы ағаларымыздың санатына жататын Айдархан Әлиұлы Бейсембаев та туған елінің үлкен бір перзенттік жүгін арқалап, өз саналы өмір жолымен нық келе жатыр. Көкшенің қасиетті топырағынан қанат бітіп, құт дарыған абыройлы азаматтың алар асуы, жасар ғұмыры әлі де бұл мерейтойымен шектелмесе екен!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.