Абай елінде өткен «Абай оқулары»

Ақмолалық оқушылар XXIV республикалық «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы атанды. Абай облысындағы «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінде білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында зияткерлік сайыстар болып өтті.

– Абай оқуларының» негізгі мақсаты мен міндеттері – қазақ халқының әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылығын арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиеттерді насихаттау, сонымен қатар, поэзияға, ұлттық рухани мұраға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, – деп атап өтті шараны ұйымдастырушылар.

Республикалық Абай оқулары алты номинация бойынша өтті. Оған республиканың түкпір-түкпірінен келген 130-дан астам мектеп оқушылары қатысты. Олардың алтауы Ақмола өңірінің намысын қорғады. Жарысқа қатысушылар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілімді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Ұлы» атты алты номинация бойынша бақ сынады. Ең бастысы, жарысқа қатысушылар ақынның барлық шығармаларын жатқа білуі қажет болатын. Сонымен қатар қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалады. Сондай-ақ, ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, оны толық білуі бойынша бірнеше критерийлер қолданылды.

Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылды. Салтанатты марапаттау рәсімі 10 тамызда Жидебайда «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өтті. Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және грамоталарымен, сонымен қатар, естелік сыйлықтарымен марапатталды.  Сонымен, байқау нәтижесінде Көкшетау қаласындағы әл-Фараби атындағы ІТ лицейінің 10-сынып оқушысы Аружан Ахмет «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. «Көңілімді ұғады» номинациясы бойынша екінші орынды Абай атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрай Рахимова иеленді. Ал, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша үздік үштіктен осы мектептің оқушысы Камила Сашқақызы білімділігімен жеңіс тұғырынан көрінді.

Осылайша жалпыкомандалық есепте біздің облысымыздан барған білімді шәкірттер үшінші орынды иеленді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

https://el.kz/abay-oqularyna-130-dan-astam-oqushy-qatysyp-zhatyr_85182/

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар