«Базарға теңгесі бар барсын, тойға теңдесі бар барсын». Қандай ұтымды ой, табылған сөз. Бүгінгі базарға теңгеңді ғана емес, тапқаныңды сарқуға барасың. Пандемия жылдарынан бері қарайғы азық-түлік және азық-түлік емес заттар, жалпы қолданыстағы тауарлардың бағасында тұрақ болмады.
Бірде олай, бірде бұлай. Ел есінде қалған Қаңтар оқиғасындағы бағаның шарықтауы бәсеңдесе де, қымбатшылыққа наразы жұрттың бар екені белгілі. Әрине, бағаның өсуі біздің ғана елімізде емес, құрлық елдерінің бәрінде бар жағдай. Әр ел өз мүмкіндігінше халқына жағдай жасап, шешімдер қабылдап жатыр. Осыған орай, қаламыздың орталық базары мен сауда орталықтарындағы жағдайды білдік. Әуелі, көзге көрінгені жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Орталық базар» құрылысы.Базар мен сауда орталықтарындағы саудагерлердің көңілі тоқ, табыстарына разы. Нарықпен де, салықпен де келісетіндерін айтады. Тапқан табыстары күнкөрісіне жетіп, тіршіліктерін айналдырып отыр. Базар айналасындағы жәрмеңкедегі орынға таласушылық жайында жәрмеңке саудагері Гүлшайым Қазжанова былай дейді:
– Орын иелікке берілмеген, кейде орынға таласу болады. Тіпті, ұрыс-керісте орын алып жатады. Ерте келіп орын алғандар саудасын жасай береді.
Ал, халықтың азық түлік бағасы, жалпы базарға деген пікірі әртүрлі, «бағаға мән бермеймін», «қымбат болса да аласың», «бағада тұрақ жоқ, оған көндіктік», «әлемде қымбатшылық, бізде ғана емес, көппен бірге күн көріп жатырмыз» деген сияқты. Осындай пікірдегі тұрғындардың бірі Марат Қабылақатов:
– Жалақы мен зейнетақыға тиын-тебен қосылса, азық-түлік, тауардың бағасы да қымбаттайды, ол белгілі. Бәрібір бағаны ұстап тұра алмайды, – деген ой түйеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасымен индексін білу үшін облысымыздың кәсіпкерлік бөліміне барып, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахмановпен кездесіп, азық-түлік тауарлары туралы ақпарат алдық.
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 104 пайызды құрады. Бір апта ішінде баға индексі 99,7 пайызды құрады. Күнбағыс майының бағасы 3,9 пайызға және пияз 6,8 пайызға төмендеді. Сиыр етінің орташа бағасы 1,4 пайызға, қырыққабат 2,6 пайызға, сәбіз 1,1 пайызға өсті. Сиыр еті бағасының өсуінің негізгі себептері мал бағасының және жанар-жағармай бағасының өсуі болып табылады, – деді Жаслан Оралұлы бізбен әңгімесінде. Өткен айда азық-түлік индексі 106,5 пайызды көрсеткен. Осы жағдайда Үкімет бағаны тұрақтандыруға 4,3 миллиард теңге, оның ішінде «айналым сұлбасына» 3,6 миллиард теңге бөлген. Ол бойынша тауарлардың 10 түріне, жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеге несие берілген.
– Жалпы, тауар қоры 6042 тоннаны құрайды. Форвардтық шарттар аясында 3361 тонна картоп, 800 тонна сәбіз, 540 тонна пияз, 798 тонна қырыққабат, 1000 тонна ұн, 748 тонна күріш, 350 тонна күнбағыс майы, 2080 тонна қантқа келісім-шартқа отырдық. «КОКЅНЕ» ӘКК» АҚ-ында тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өндірушілермен және сауда нысандарымен бағаны тұрақтандыру туралы 1160 келісім жасалды, 198 жәрмеңке өткізілді, 815 миллион теңгеге тауарлар сатылды. Делдалдық сұлбаларды тексеру жөніндегі облыстық комиссия 67 отырыс өткізді. Нәтижесінде Көкшетауда өндірушілердің бағасы бойынша «Milk Project» серіктестігі және «Зинченко и К» КТ сүт өнімдерін тікелей жеткізу жолға қойылды. Осыған ұқсас жұмыс басқа өндірушілер мен сауда желілері бойынша жүргізіледі, – деп толықтырды сөзін Жаслан Айдрахманов.
Жыл басынан комиссия сауда үстемесінің асып кетуінің 45 фактісін анықтап, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бұзушылықтарға қатысты әкімшілік жаза қолдану жөнінде ұсыныс берген.
Айта кетелік, соңғы үш жылда облыста көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайды, олар өткен жылдың қорытындысы бойынша 169,7 мың гектарды құрады, оның ішінде сәбіз алқабы 1,0 мың, қияр алқабы 2,1 мың, картоп алқабы 7,6 мың, пияз 4,5 мың гектарға ұлғайды. Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Осыған байланысты облысымыздың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовпен де сөйлесіп, мән-жайды біліп қайттық.
– 2023 жылғы егін алқабы 2,1 мың гектарды құрайды, барлық алқапқа химиялық арамшөптерді жою жұмыстары жүргізіліп, 100 мың тоннаға жуық тыңайтқыш себілді. Астық жинауға 8,9 мың комбайн дайын, оның 4,7 мыңы жаңа комбайн. Сол сияқты, астық тасымалдайтын 4,8 мың КамАЗ, 2,5 мың жатка жұмысқа әзір,– дейді Еркеш Төлегенұлы.
Осы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары 44 миллиард теңгеге 1523 жаңа техника сатып алған. Техникалар Үкіметтен берілетін 25 пайыздық субсидия арқылы алынған.
Жанармай мәселесіне келер болсақ,«бағасы арзандатылған 90 мың тонна жанармай бөлінді. Келісім-шарттар жасалып, шаруашылықтарға жанармай жеткізетін 18 оператор дайын. Ал, облыс бойынша 4,7 миллион тонна астық қабылдайтын 71 элеватор және де әр шаруашылықта 2,0 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар бар. Барлығы 7,0 миллион тонна астық қабылдауға дайынбыз» деген басқарма басшысының орынбасары егін шаруашылығына ағымдағы жылға 46,6 миллиард теңге, өткен жылы 55миллиард теңге бөлінгенін де жеткізді.
– Өңірімізде қуаңшылық пен ыстыққа байланысты өткен жылғыдан егін түсімі аз болмақ. 2022 жылы гектарына 11,6 центнер астық жиналса, биылғы жылы 7-8 центнер астық жиналуы мүмкін. Осыған байланысты бидай өнімдері қымбатшылыққа тап болуы ықтимал. 2021 жылы бидайдың 1 тоннасы 150 мың теңге болса, ал, 2022 жылы 1 тоннасы 80 мың теңгені құраған. Айырмашылығыекі есе, осыған қарағанда өткен жылғы бидай түсімі айтарлықтай жақсы болғаны байқалады. Былтыр еліміз арқылы көрші Ресей елінің бидайы 80 мың теңгеден Ауғанстан, Пәкістан, Өзбекстан, тағы басқа елдерге импортталған. Ол кезде біздің бидай нарығы 2021 жылғы бағаны ұстаған. Сол себепті, Қазақстан бидайы сатылымға шыққан жоқ, қойма мен элеваторларда сақтаулы тұр. Баға көтерілсе, осы жылы сатылымға шығады. Биылғы жылы бидайдың тоннасы 120 мың теңге болады деп ойлаймыз. Аз болса да, бидай сапасы жақсы, – деп қорытындылады сөзін Еркеш Әленов.
Азық-түлік мәселесі және оның құны қашанда көптің назарынан тыс қалған емес. Бүкіл әлемді дүрліктірген пандемиядан бері қарай баға өсуін тоқтатпады. Оған өткен жылдан бері көршіміздің соғысы қосылды. Ресейге салынған санкциялардың әсері бізге тиетінін барлығымыз білеміз. Әлемдік экономиканың қозғаушы күші саналатын доллар бағамы шарықтауын тағы қоймады. Ел экономикасына әсер етіп жатқан осындай басты себептерді айтпасқа болмас. «Азаттыққа» https://www.azattyq.org/ берген сұхбатында экономист Арман Байғанов Үкімет азық-түлік саласы бойынша тиімсіз жұмыс жүргізіп отыр. Ауыл шаруашылығы дұрыс дамымай жатыр. Ауыл шаруашылығына жылына 300-400 миллиард, ал6 қорғаныс саласына 800 миллиард теңге бөлінеді. Аз қаржы емес. Экономиканың шынайы секторын қолдау қажет. Аграрлық секторда еңбек өнімділігі төмен. Қазақстан шаруалары жылына 6-7 мың доллардың тауарын өндіреді. Ал, шағын Беларусьтің өзі 33 мың доллардың өнімін шығарады. Еңбек өнімділігі артпай, азық-түлік бағасы қымбаттай береді, – дейді ол.
Қазақтың жері құнарлы, даласы кең, шөбі шүйгін, кен байлығы да бір басына жетерлік, ауқатты өмір сүруге жағдайы бар екені анық. Бірақ, бәрі керісінше болып тұрғаны қинайды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.