Айнагүл Балташева: «Бұл үлкен жұмыстың бастамасы ғана…»

Сегізінші шақырылымдағы депутаттық корпус жұмысының төрт жарым айында Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы елеулі істер атқарып келеді. Комиссияны №4 бірмандатты округ бойынша сайланған,  жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаты болған, осы салада тәжірибесі мол Айнагүл Балташева басқарады. Ол отыз жылға жуық жұмыс өтілі бар педагог, бұған дейін бірнеше білім беру мекемелеріне жетекшілік еткен. Осы күні «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, сонымен қатар,партиялық фракцияның төрайымы болып табылады. Газетке сұхбат берген А.Қ.Балташевамен біздің әңгімемізде тұрақты комиссия мен фракция алдында тұрған міндеттер, осы орайда атқарылған жұмыстар мен алда кезек күтіп тұрған жоспарлар туралы өрбіді.

– Айнагүл Қыдырбайқызы, алдымен әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның құрамы және жұмыс бағыттары туралы айтып берсеңіз.

– Біздің комиссияның құрамында сегіз адам бар. Барлық депутаттар белсенді өмірлік ұстанымға ие. Өз саласы бойынша құзыреттері мен басқа да жай-жапсарларды жақсы біледі. Негізгі қызметтері бойынша әлеуметтік саланың мәселелерімен етене таныс деп айтсақ болады. Олар Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының директоры, дарынды дәрігер-хирург және медицина саласының мықты ұйымдастырушысы Нұрлан Қайырұлы Жаров, қоғамдық бірлестіктің басшысы, «Аналар үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі, он бір баласы бар болса, соның  бесеуін асырап алған көп балалы ана Құралай Қабдулғамарқызы Жұмабекова, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкері, Ауған соғысының от-жалынынан өткен офицер, «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы, ауған жауынгерлерінің мәселелерімен және өскелең ұрпақты тәрбиелеумен белсене айналысып келе жатқан Дуанбай Кәзібайұлы Ыбырай,  «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының төрағасы, мәслихатта халықтың мобильділігі төмен топтарының мүдделерін қорғайтын Василий Леонидович Шиманский, облысқа танымал, құрметті педагог, Қорғалжын мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Есіркепұлы Тәжин, облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымында Қосшы қаласының атынан өкілдік етіп жүрген халықаралық ғылыми-техникалық орталығы директорының орынбасары, Целиноград аудандық мәслихатыныңбұрынғы депутаты Айдын Бертісбайұлы Төребаев. Біздің комиссия құрамындағы ең жас депутат – «АMANAT» партиясының «Жастар рухы» ЖК филиалының төрағасы Сұлтанбек Евгеньевич Бекешев. Жұмысқа кіріскен бойда біз ұйымдастыру отырысын өткіздік, онда комиссия төрағасының орынбасары болып көпшіліктің қалауымен Сұлтанбек Бекешев сайланды. Сол кездің өзінде біз өзіміз үшін жақын арадағы маңызды мәселелердің шеңберін анықтадық. Қарастыруды жоспарлаған өзекті тақырыптардың қатарында мамандарға және мұқтаж отбасыларға әлеуметтік тұрғын үй беру, медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне, оның ішінде резидентурада оқып жүргендерге облыс әкімінің гранттарын бөлу, «Ақмола жастары» бағдарламасын іске асыру, Қосшы қаласының жақында пайдалануға берілген емханасының мәселесі, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды, жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу арқылы бұқаралық балалар спортын дамыту, Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жататын жатақханалардың жай-күйі, ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен балалар үйінің түлектерін жұмысқа орналастыруды талдау және тағы басқа мәселелер көзделді. Мәслихат өзіндегі тұрақты комиссиялардың құзыреттері мен міндеттеріне сәйкес мемлекеттік органдардың басшыларын апта сайын тыңдау жоспарын әзірлеген еді. Төрт айдың ішінде біздің әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия 10 басқарма мен департаментті тыңдады.Мәселен, алғашқы сұрақтардың бірі ретінде біз оқу орындарын аттестаттау және лицензиялау, жазғы балалар демалысын ұйымдастыру, қосымша білім беру, мектептер мен балабақшаларға күрделі жөндеу жүргізу нәтижелері туралы ақпаратты талқыладық. Онда білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Орал Қаппасов, облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің басшылары Шоқан Оразалин мен Айгүл Нөгертаева, сондай-ақ, бірқатар қалалық мектептердің директорлары баяндама жасады. Екінші отырыста біз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевты мемлекеттік спорттық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізу арқылы бұқаралық балалар спортын дамыту мәселесі бойынша тыңдадық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Қоңырбаев Целиноград, Аршалы аудандары мен Қосшы қаласының денсаулық сақтау саласындағы істердің жай-күйі туралы хабардар етті. Комиссия мүшелерінің алдында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшысы Шолпан Рахматуллина, мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, дін істері бойынша басқарманың басшысы Алмаз Мұқажанов баяндама жасады. Олардың кейбіреулері алдағы уақытта қайта тыңдалатын болады. Соңғы отырыста біз білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау, мектепте тамақтандыруды, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы мәселелерді және мемлекеттік органдар мен депутаттардың мұқият назар аударуы мен бірлескен іс-қимылын талап ететін басқа да бірқатар тақырыптарды қарастырдық. Мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдау тәжірибесі өзінің тиімділігін көрсетті, халық қалаулыларының сұрақтар қоюға, сайлаушылардың өтініштері мен тілектерін тікелей бағдарлама әкімшілеріне, мемлекеттік органдардың басшыларына жолдауға мүмкіндігі бар. Ең басты мақсатымыз – барлық жоспарлар мен жобаларды сапалы іске асыруға қол жеткізу үшін проблемаларды бірлесіп шешу жолдарын табу. Бұл тек бастамасы, алда депутаттардан тың күш-жігер мен жаңа идеяларды жұмылдыруды талап ететін үлкен жұмыс күтіп тұр. Жыл соңына дейін әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия денсаулық сақтау басқармасының, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті Ақмола облысы бойынша департаментінің, еңбек инспекциясының, цифрландыру және мұрағаттар басқармасының және басқа да ведомстволардың басшыларын бүгінгі күнгі өзекті мәселелер бойынша тыңдауды жоспарлап отыр.

– Ендігі бір сұрап, білейік дегеніміз, әріптестеріңізбен, яғни, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының, қалалық пен аудандық мәслихаттардың депутаттарымен өзара қарым-қатынастарыңыз қалай құрылады?

– Биылғы жылы ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыс режимінде алғаш рет Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік даму және ғылым комитеті мүшелерінің облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының төрағаларымен кездесуі өтті.   Кездесуге сондай-ақ, бірқатар орталық мемлекеттік органдардың – Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары шақырылды. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру аясында білім беру және еңбек салаларын дамыту мәселелерін талқылады. Мен Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы ретінде өңірімізде Жолдауды іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпаратпен сөз сөйледім, бірқатар ұсыныстарды жеткіздім. Кездесуге қатысушылар көптеген өткір тақырыптарды көтерді, бейінді министрліктердің өкілдерімен мазмұнды диалог өтті. Төрт айдың ішінде осындай бірнеше отырыс болды. Әрине, бұл биліктің заң шығарушы тармағының жергілікті өкілді органдармен өзара жұмысына серпін берді. Сондықтан, мұның өзі қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту ісінде үлкен пайда әкелетініне сенімдімін. Сегізінші шақырылымдағы депутаттық корпус жұмысының басынан бастап әріптестерімізбен көптеген кездесулер өткізілді. Мысалы, депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Нұртас Ахатпен бірге Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімовтің бастамасымен ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына қатыстық.  Іс-шарада мәслихат депутаттарының құзыреттері мен өкілеттіктері, нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу және оларды әзірлеушілермен өзара іс-қимыл, сайлау заңнамасындағы инновациялар бойынша кейбір мәселелер түсіндірілді.  Бір мандатты округтер бойынша сайланған әріптестерімізбен, сайлаушылармен жұмыс тәжірибемізді бөлістік, оларды облыс орталығының проблемалық мәселелерін шешуде ынтымақтастыққа шақырдық. Сонымен қатар, тәжірибе алмасу аясында Ақмола облыстық мәслихаты аппаратының жауапты қызметкерлері мен бірнеше депутат Астана қаласының мәслихатына барып қайттық. Біз қала тұрғындарының ең өзекті мәселелері мен өтініштері бойынша жедел ақпарат беретін елордалық I-Komek ахуалдық орталығына бардық, фронт-офис жұмысымен, қоғамдық қабылдау бөлмесімен және орталықтың басқа да жобаларымен таныстық. Қосшы қаласына барып, әлеуметтік нысандарды – өткен жылы тапсырылған жаңа емхананы және салынып жатқан 1200 орындық мектепті араладық.  Екі нысан да мұқият назар аударуды талап етеді, сондықтан, оларға қатысты мәселелерді тұрақты комиссияның отырысында талқыладық.

– Айнагүл Қыдырбайқызы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиядан басқа, сіз «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясын да басқарып келе жатқандығыңыз белгілі.

– Біздің фракцияның негізгі міндеті – барлық партиялық жобалардың іске асырылуын бақылау. «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының Саяси кеңесі бюросының отырысында Ақмола облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы бекітілді.  Сонымен қатар, әріптестеріммен бірге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Мәжілістегі фракцияның кеңейтілген отырысына қатыстық, онда партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалу барысы талқыланды. Мәселен, Ақмола облысы бойынша Жол картасында біздің өңірді дамытудың төрт басым бағыты бойынша 135 тармақтан тұратын 106 іс-шара бекітілді. Атап айтқанда олар «Табыстарды арттыру», «Тіршілік сапасын арттыру», «Тіршілік жағдайын жақсарту» және «Экологиялық ахуалды жақсарту» бағыттары. Ағымдағы жылы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша өңірлік Жол картасының осы төрт басым бағыты бойынша 52 іс-шараны іске асыруға шамамен 130 миллиард теңге қарастырылған. 2024 жылы 31 іс-шараны іске асыруға тағы 75,4 миллиард теңге көзделген. Бұл қаражаттың барлығы облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінеді. Соның нәтижесінде «Табыстарды арттыру» бағыты бойынша 2023 жылы 36,7 миллиард теңге сомасына 15 іс-шара іске асырылатын болады. 10,2 миллиард теңге сомасына 17 іс-шара «Тіршілік сапасын арттыру» бағыты шеңберінде көзделген. 81,6 миллиард теңгенің сомасына 18 іс-шара «Тіршілік жағдайын жақсарту» бағыты бойынша іске асырылмақ. «Экологиялық ахуалды жақсарту» бағыты аясында екі іс-шара өткізілді. Өңірде барлығы 270-ке жуық инвестициялық жобаны, соның ішінде 800-ден астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 129 миллиард теңге болатын ең ірі 10 жобаны іске асыру көзделген. 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы пайдалануға беріледі, нәтижесінде 25 мыңнан астам ақмолалық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартады. Жол картасында 87 шақырым ауыз сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 34 шақырым жылу желілерін, шамамен 2 мың шақырым газбен жабдықтау желілерін, 718 шақырым электр желілерін салу және реконструкциялау көзделген. Жол картасының әрбір тармағына облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы фракция депутаттары бекітілді. Бұл «AMANAT»-тың  әрбір халық қалаулысы көрсеткіштердің орындалуы туралы қоғамдық кеңестерге есеп беретінін білдіреді. Яғни, біз әрқайсымыз өз саламызда жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейміз, Жол картасына енген барлық жобаларды өз округтеріміз бойынша бақылаймыз. Бұдан басқа, жұмыс сапарлары мен комиссиялардың көшпелі отырыстары кезінде нысандарға барып, әкімдермен, уәкілетті мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесеміз. Облыстық мәслихаттың барлық депутаттары мен фракция мүшелері азаматтарды қабылдайды. Мамыр айында мен Көкшетау қаласының «Достар» мәдениет сарайында азаматтарды мобильді қоғамдық қабылдау өткіздім. Элеватор шағын ауданының тұрғындары өздері үшін ең өзекті мәселелерді, соның ішінде толық автобус қатынасының болмауы, жаяу жүргіншілер көпірінің апаттық жағдайы, банктер филиалдары бөлімшелерінің, балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығы, жолдардың тозуы, қоқысты уақтылы шығармау мәселелерін айтты.   Бірлік шағын ауданының тұрғындары маған сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу, жол төсемін тоздыратын ауыр жүк машиналары мәселесі бойынша жүгінді. Барлық өтініштер бойынша уәкілетті органдарға сұраулар дайындалды. Тұрақты комиссия жұмысы аясында мен әріптестеріммен бірге Бұланды, Ерейментау аудандары мен Степногорск қаласында болдым, онда біз өңір тұрғындарының бірқатар өзекті мәселелері мен өтініштерін қарастырдық. Осы арада ақпарат үшін айта кетсем, мен мәслихатқа депутат болып сайланған төртінші округтің құрамына Бірлік, Сарыарқа, Васильковка, Көктем, Центральный және Элеватор шағын аудандары, Абылай хан даңғылы кіреді.

– Жақында сіз әріптестеріңізбен бірге «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумына қатыстыңыз.   Бұл форум сіздің жеке өзіңізге не берді?

– Форумға республикамыздың барлық өңірлерінен 3 мыңға жуық адам жиналды, оның 2,5 мыңы жергілікті өкілді органдардың «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттары.  Іс-шара Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың, Үкімет мүшелерінің, басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен өтті.Форум жаңадан сайланған депутаттар үшін үлкен диалог алаңына айналды. Талқылауға биліктің өкілді тармағын дамытудың ең өзекті мәселелері, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында көрініс тапқан сайлаушылардың өтініш-тілектері мен ұсыныстарын орындау үшін депутаттардың мемлекеттік органдармен өзара тиімді іс-қимылына арналған тақырыптар шығарылды.Өңірлерден келген депутаттарға бұл форум жергілікті жерлерде өз қызметінің тиімділігін арттыру үшін көптеген пайдалы ақпарат берді. Еліміздің алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық, саяси реформаларға, «AMANAT» партиясын трансформациялауға байланысты жаңа іргелі міндеттер тұрғанын бәріміз жақсы түсінеміз. Ақмола облыстық мәслихатының әр депутаты сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін өз жұмысын қайта жаңғыра бастады деп сеніммен айта аламын.

– Кең ауқымды әңгімеңіз үшін көптен-көп рахмет.

Сұхбатты жүргізген Қарлыға МҰХАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар