Кеңащы, көңілімнің төріндесің…

Баянғали Әлімжанов

Кеңащы  Намазғұлдың әр жағында,
Көкжиек, Көксеңгірдің бер жағында.
Өткеннің өнегелі ізі жатыр,
Тарихтың тарау, тарау жолдарында.

Кеңащы талай тарихты халқымызбен бірге көрген, қиындықты да, қызықты да басынан кешірген тағдырлы ауыл. Тамыры тереңге таралған, жапырағы жайылған, өсіп, өркендеген ел.

1973 жылы Кеңащы совхоз болып құрылды. Міндеті – мал өсіру, үкіметке  ет, жүн,  астық беру. Осының барлығы үлкен-үлкен науқан, қызу еңбек. Үйір-үйір жылқы өсірді, иен далада Кеңащы қымызының иісі бұрқырап тұратын.  Қаншама қыруар  шаруаны Кеңащының халқы көтерді. Маңдайының ащы терін төкті. Күнге күйді. Желге кеудесін тосты. Аязда шынықты. Боранмен араласып, арпалысып жүріп алға баса берді. Табандылық көрсетіп, барлығына да төзді. Әлі де қайыспай, аман-есен  келе жатыр. Совхоз кетті, бірақ, ауыл орнында. Орта мектеп істеп тұр. Халқы болашаққа үмітпен қарайды. Кеңащының түлектері өсіп, өркендеп, әр қиырда жүр, бірақ туған жерін, туған ауылын ұмытпайды. Кеңащы деген  атында тұр ғой, кең жер, кең пейіл халық. Сонымен бірге, оның суы ащы. Бір қызығы, ащы судың зияны қандай, пайдасы қандай екенін ешкім білмейді. Әйтеуір, сол  суды халқымыз ішіп жатыр, біз де іштік. Үйреніп алғаннан кейін, білінбей кетеді. Міне, өмір-тарихтың ащысын да, тұщысын да татқан Кеңащы деген ауыл Қазақстан картасында бар.  Тоқсан жылдық тойы келіп, халқымыз бір көтеріліп, жасап қалып жатыр.

–Қазір ауылда үш жүз елу бір адам тұрады, – дейді ауыл әкімі Самат Бермағамбетов. – Елу мың екі жүз  гектар жеріміз бар. Қырық мың гектар жерге инвесторлар егін егеді. Ақырындап ауылға да көмектесіп жатыр. Біреуі футбол алаңын жасап берді. Екіншісі техникамен көмектесуде. Ауылдың қажетіне аудандық бюджеттен  жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Биыл жол жөнделді. Келесі жылы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Түнгі ауылға сексен алты шам жарық береді. Кеңащының орталықтандырылған су жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мал суаратын су құбыры бұрғыланды.

Ауыл әкімі Самат осы ауылдың азаматы, менің қатарларым Қайырбек пен Эльгизаның баласы. Біздің Нұрлан, көрші балалар Бейбіт, Азамат, Біржан, Бека барлығы мектепте бірге оқыған. Күні кеше ғана Кеңащының жусан иісі бұрқыраған ауасын жұтып, ақ шаңын аспанға атып шапқылап жүрген  кішкентай балалар өсіп, атқа мініп, азамат болғанына шүкір дейміз!

Балалық шақтың  әсерлері

Мен Степняк қаласында, Бұлақбасы ауылында туып, өстім. Ес білгелі, Кеңащыны да өз ауылымыздай көретінбіз. Өйткені, әкеміз Тақан өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бері Кеңащыда жұмыс істеді. Ол кезде Кеңащы «Восточный» (кейіннен Біржан сал аталды)  совхозының бөлімшесі еді. Үшінші, бесінші бригадалары болды. Есімде қалғаны, бесіншінің бригадирі Ушақ, үшіншінің бригадирі Қабен деген кісілер. Көктем шыға біздің үйге Қабен ағай келіп, әкемді үгіттеп, Кеңащыға алып кететін. Қыс түскенше әкеміз далада, үшінші бригаданың қара қосында шалғы қайрайды, сынғанын жөндейді. Үйге бір жұмада бір келіп кетеді. Жазғы каникулда мен бірер күн әкемнің қасында боламын. Сол балалық шақтағы суреттер әлі күнге көз алдымда. Қостың басы қайнаған тіршілік. Беларусь, ДТ тракторлары мен комбайндардың, мәшинелердің гүрілі бір тынбайды. Күнге күйіп, жел қаққан дөкей-дөкей жігіттер қауқылдап сөйлеп, қарқылдап күліп, кейде қаһарына мініп, қостың басын азан-қазан қылатын. Егін салу, шөп шабу, астық жинау науқандары – нағыз қызу еңбек майданы екенін ептеп түйсінетінмін де, кең даланың еркін ұлдарының алып тұлғасына, темір-терсекті жөндеген кездегі сұрапыл қимылдарына сүйсінетінмін. Арындаған азаматтар жұмысты да, сөзді де сапыратын. Даладағы сол күндерді еске алғанда, әлі күнге арыстай ағаларымыздың дауыстары құлағыма келетіндей.

Әкем түннің бір уағына дейін шалғы қайрайды. Бөлімше меңгерушісі Жәмен ағай болды.  Кеңащы сол кездерде астықты да молынан берді, малды да, әсіресе, жылқыны мыңғыртып өсірді.

1969 жылы біз Кеңащыға көшіп келдік. Мен ол кезде тоғызыншы класта оқимын. Ауыл адамдарының біразын танитынмын, өйткені, олар біздің Степняк, Бұлақбасындағы  үйімізге келіп тұратын. Әкем ауыл жігіттерімен бірге шөп әкелетін, соғым әкелетін. Сондықтан, Кеңащыны жатырқамай тез үйреніп кеттім. Өзім қатарлы Қайыржан, Қази, Қажымұқан, Өміртас, Сарбас (Жасбатыр), Жүкек (Иманжүсіп) Көпей, Абай, Серік, Володька, Ванька Вильверт, Тоқтар, Уахит, Марат деген ауыл балаларымен араласып- құраласып, жолдас болып кеттік. Кеңащының сол кездегі әдемі қыздары Гүлнәзия, Бақыт, Бағила, Нүркеш, Қамария, Қалимаш, Дәмеш, Алтынай, Гауһар, Жауһар ауылдың көркі еді. Жылдар өтті, олар ардақты ата, әже болды.

Тоғызыншы класты бітірген жылы, жазғы каникулда ауыл балаларымен бірге бір ай шөпшілерге көмектесіп, жұмыс істедік. Сол кездегі үшіншінің бригадирі Сейітқали Байбатыров ағамыз балалардан арнайы топ құрып, шабылған шөптің атжалдарын (вал, валок дейтін) аударуға жұмылдырды. Оның себебі, кәселкемен (косилка – трактор шалғысы) шауып, атжал ғып жинаған шөптің асты тез кебе қоймайды екен. Жаңбыр жауса, тіпті қиын, шабылған шөп сасып, шіріп кетуі мүмкін. Міне, біз осы атжалдарды жел қағып, күн тиюі үшін айырмен аударып шығамыз. Далада жүргенді, жұмыс істегенді қызық көреміз. Кешке шаршап, үйге қайтарда, кейде машина келмей қалады. Сонда үш-төрт бала МТЗ Беларусь тракторының артына бекітілген, сайман салатын темір қорапшаға отырамыз. Ешқандай ТБ – техникалық қауіпсіздік ережесі жоқ! Темір қорапшаның арты ашық, орындық сияқты. Әсіресе, Көбеш Ахметжанов ағамыздың тракторына мінгенде, зәреміз қалмайтын. Ол кісі тракторына айналым – оборот қосқан дейтін, қатты жүреді. Трактор арқырата тартқанда, дала жолының ой-шұңқырынан өткен сайын бізді көкке лақтырады. Ой, жанымыз көзге көрінуші еді! Кейде, ұшып кетіп, қара жолдың шаңына аунап түскен кезіміз де болған.

Бала күнгі әсерлер әлі есімде.  Ол кезде Кеңащы шағын ауыл. Жері ащы. Кішкене жаңбыр жауса, ми батпақ болып кетеді. Жаңбыр жауғанда далада жұмыс болмайтын. Көшеде Беларусь, ДТ тракторлары қаңтарулы тұратын. Жігіттер демалып, біраздан соң іштері пысып, тракторларының жанына жиналып, әңгімелесіп, қауқылдасып отырғаны әлі күнге дейін көз алдымда. Онда біз оқушы баламыз. Ауылда жапсарлас салынған ескі шым үйлер көп болатын. Ескі ауылдың суреті әрқашанда көңілге ыстық.

Аталарымыз қандай еді…

Ол кездегі үлкен ақсақалдар, бұрынғының адамдары бізге аңыз сияқты көрінетін. Олар арғы көшпенділер заманының мінезін, әдет-ғұрпын, киім киісіне дейін жақсы сақтап қалған. Мәрт, бір айтқан сөзінде тұрады.

Біздің екі-үш атадан қосылатын Аманжол атамыз, әтәй дейтінбіз, Кеңащыда тұрды.  Құранды оқыған, ескіше сауатты, білімді, мінезді  кісі. Әлді, бай  болды.  Зайыбы Қалиман апамыз екеуінің төрт-бес ер баласы болған екен, барлығы   ертеректе, соғыстан кейін бірінің артынан бірі қайтыс болыпты. Сол уақта қызылша ма, басқа ма, әйтеуір бір жұқпалы дерт тарап, Степнякта, Бұлақбасында көп бала қаза болған екен. Базкен, Майке деген екі қызы болды. Майке еті тірі, күшті адам. Аманжол әтәйім қайтарында сол қызына жиған ақшасын – он мың сомды тапсырыпты. 1973 жылы бұл өте  көп ақша. Екі немесе үш машинаның құны. Содан, әтәйім қайтыс болып кетеді. Майке тәтем әлгі ақшаны шүберекке түйіп, көкірегіне салып жүреді ғой. Әкесін жөнелтудің қамымен жүгіріп жүріп,  бір кезде қараса, ақшасы жоқ. Есі шығады. Іздейді, жоқ! Күдерін үзіп, жоғалды-ау деп уайымдап отырғанда, ауыл  ұстасы Байзақтың әйелі Балғия апамыз  келіп: «Сен ақша жоғалттың ба?» – деп сұрапты. «Ия, жоғалттым!» «Қанша?!» «Он мың сом!» – дейді тәтем. «Ендеше, мен тауып алдым! Міне!»- деп, қайтарып беріпті. Сөйтсе, тәтем су алуға барғанда, құдық басындағы науаға түсіп қалыпты. Оны ешкім көрмеген. Балғия апа таңертең құдыққа барса, науаға толған судың бетінде түйіншек қалқып тұр екен! Алып қараса, көп ақша!  «Әй, бұл Аманжол ағаның ақшасы!» деп ойлайды. Сөйтіп, он мың сомды Майке тәтеме әкеліп тапсырады. «Енді сүйіншіңізді алыңыз!»  десе: «Жоқ!» – деп, алмапты. Бір тиынына тимеген! Қандай адал адамдар! Бұрынғының адамгершілік жолы!

Аманжол әтәйім қатарлы кісілер әлі күнге дейін көз алдымызда. Ермағанбет, Айтжан, Ауғанипа,  Рахимолла, Рахым, Тіржан, Баттал, Тәшім,  Серғазы, Еңбекшіл, Қамысбай, Сұлтан молда сияқты үлкен ақсақалдар, апалар бір-бір тарих. Жылқышы  Байман Жүсіпов  алып адам еді. Балуан, батыл кісі болды. Степнякта сырттан келген жат жұрттың жігіттері қазақтарды басынып, тиіскенде, Байман ағамыз бес-алтауын жалғыз өзі жайпап тастап, жөнге салып еді деп, ел аңыз қылатын.

Серғазы ақсақал мен Мақпуза апамыз, құрдастары Құлмағамбетов Қаппас  пен Рабиға апамыз да көп балалы отбасы болды. Серғазы атаны ауыл балалары «Қыдық ата» дейтін. Ол кісі әзілқой, балалармен бала болып ойнап, қыдықтап, күлдіріп жүретін. Бір күні оның қаздары шатасып, басқа үйге кетіп қалыпты. Барса, алған кісі: «Бұл біздің қаз!» – деп, бермейді. Сөйтсе, Серғазы ақсақал: «Қане, сенің қазың болса, қандай белгің бар?» – дейді. «Жоқ!» «Ал, онда мына қара, менің белгім бар!» – деп, қаздарының табанын көрсетеді. Сөйтсе, айлакер шалың қаздарының табанын инемен тесіп-тесіп, белгі салып қойған екен! Ана кісі үндей алмай, қаздарын қайтарып беріпті! Қыдық ата сондай қызық ата болатын!

Кеңащыны Ұлы Отан соғысының от-жалыны шарпыған. Он екі боздақ майдан даласында ерлікпен қаза болды. Аман оралған біраз соғыс ардагерлерінің көзін көрдік. Олар жастарға ақылшы болып, үлгі-өнеге көрсетіп жүрді. Қаппас Құлмағамбетов, Шәмші Мұқатов, Рақым Ыбраев, Абушахман Сәдуақасов, Аманжол Ахметжанов, Қажым Ыдырысов, Әбікен Бекмағамбетов, Қайыр Көккөзов, Жұмағұл Ескеев, Ақын Жексенов, Ушақ Рахымжанов, Қайырбек Әбетов, Байзақ Бижанов, Харис Закиров, Хамза Жақсыбергенов сияқты майдангерлердің көзін көріп, сөзін тыңдадық. Менің әкем Тақан соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, Берлинге дейін барып келген.

Аманжол атамызбен аттас Аманжол Ахметжанов ағамыздың атын атамай, біздің үйдегілер Адас дейтін. Зайыбы Жәміш апа екеуі көп жылдар бойы мал бақты. Нағыз  еңбек адамдары. Үлкен, өскен отбасы, бүгінде белгілі кәсіпкер, кезінде совхоз директоры, аудан әкімі болған Қайыргелді Әкімбековтің ата-анасы. Жәміш апамыз батыр ана атағын алған. Бұл үйдің балалары мықты, спортшы болып өсті.

Жақсыбергенов Хамза ағай мен Сәукен тәте де елдің үлкені, ескінің адамдары, көп балалы отбасы болды. Хамза аға өмір бойы шопыр болып істеді. Сәукен апа жүз жасқа  жақын өмір сүріп, таяуда қайтыс болды.

Қабжан Ахметжанов ағамыз көпті көрген, бұрынғының әңгімелерін майын тамызып айтатын білікті кісі еді. Атасы Ахметжан сөзге шешен болыпты. Қабжан ағадан бала күнімде естіген қызық әңгімелер әлі есімде,  біразын кітапқа да жаздым. Ол кісінің зайыбы Қатша апамыз  батыр ана атанған.

Мамау Әубәкіров ағамыз көп жылдар бойы бөлімше меңгерушісі болды. Үлкен, білікті адам еді, істің де ретін білетін, мәдениет, өнерден де хабары мол. Зайыбы, батыр ана Қуаныш тәтеміз қазақы тәрбие жолын ұстанған байсалды жан.  Балаларының бәрі өнерпаз болып өсті. Ел басқарған, жастарға жөн-жоба көрсете білген  Мамау аға тоқсаныншы жылдарда ауыл тағдырына қатты алаңдап, қалайда елді сақтап қалу үшін көп күрескенін көзімізбен көрдік. Қандай қиын, қасіретті сәттерде де, қуанышты, қызықты шақтарда да үлкен-кіші алдымен Мамау ағамызға баратын. Ол кісі ешкімнің бетін қайтармай, ақыл-кеңесін аямай, қолдап, рухани көмегін беретін. Үлкен жиындарда да, сырттан құрметті қонақтар келгенде де Мамау аға суырылып шығып, саңқылдап сөйлеп тұратын. Нағыз ел ағасы  болды.

Кеңащыда бұрынғы уақытта екі-ақ машина болды. Бензовоз. Біреуін Қуандықов Баймолда, біреуін Сағындық ағайлар жүргізді. Әкеміз көбінесе Степнякқа Кеңащыдан сол кісілермен келіп тұратын. Баймолда ер мінезді, батыл адам болды. «Алдына қара түсірмейді, көзіне түскен мәшинені басып озбай қоймайды!» – деп, үлкендер аңыз қылатын. Ол кісінің  әкесі Өміржан ақсақал тоқсан бес жасында, қайтыс боларынан сәл ғана бұрын, көктемде шөп қораның жіби бастаған сере-сере мұз-қарын айырмен ойып алып, лақтырып жатқанын менің әкем Тақан өз көзімен көріп: «Бұрынғының адамдары ғой! Сүйегі асыл ғой!» деп, таңданып келген. Баймолда ағамыздың зайыбы, батыр ана Гүлсім апамыз нағыз қазақы, байсалды кісі. Әсіресе, ол кісінің қымызы керемет дәмді болатын.

Қабдөш Ермағамбетов ағамыз өмір бойы жылқы бақты, екі мәрте Ленин орденін алды. Әкесі  Ермағамбет атамыз Қожанасырлау кісі болған екен.

– Аманжолдан намаз үйреніп едім, есебінен жаңыла беремін. Кем болып қалмасын деп, орта есеппен сегіз бастан оқып жатырмын! – дейді екен.

Қабдөш жер аударылып келген неміс қызы Полинаға ғашық болып, үйленбекші болғанда, Ермағамбет атамыз неміс алғанды намыс көріп, қарсы шығады. Бірақ, махаббат дегенін істетеді! Ақсақалдар ақыры жастарға рұқсат береді. Әбсәлам қажыға некелерін қидыртып, Полинаны мұсылман дініне кіргізіп, жаңадан Мәрия деп ат қояды. Сол Мәрия жеңгеміз батыр ана атанды. Елге сыйлы қазақтың келіні, ардақты анасы болды. Бір жас қазақ келіншек бие сауып жатса, Мәрия тәтеміз: «Ойбай, ананы қараңдар! Биені түрегеп тұрып сауып жатқаны несі, орыс құсап»! – деген екен.

Ауылдың бүгінгі ағасы Амантай Бекболатов ағаны жас күнімізден білеміз. Ол кісінің зайыбы, көп балалы ана Нұрпәзә – Қарашат молданың қызы. Жұрт Мәзә дейтін. Екеуі де шағын денелі, келіскен, әдемі  кісілер.  Балалары да әдепті болып өсті. Амантай ағаның бір қасиеті – көзі түскен мәшиненің нөмірін есінде сақтайтын. Аудандағы бір шопыр туралы әңгіме бола қалса: «Е-е, ол 54-97 деген мәшинеде істейді ғой!» – деп қарап отыратын. Бүгінде Амантай ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып, немере-шөбере сүйіп отыр. Кеңащының мәселесі үшін шырылдап аудан, облыс әкіміне де,  барлық жерге де барады, шырылдатып телефон да соғады.   Сол кісінің айтуымен,  бірталай мәселелер шешіліп жатыр.

Кезінде кеңащылық Майра Қасенова атақты механизатор, кейіннен бригадир болды. Еңбек майданында ордендер алды, депутат болды. Қазір елге белгілі үлкен емші. Ол кісінің жұбайы Бүркіт бірнеше ағайынды, Рамазан, Уахит деген інілері бар. Әкелері Харис, үлкендер Қарыс дейтін. Аналары Шәрия апамыз ақсары жүзді, әдемі кісі болатын. Ол кісінің  ашуланғанын көрмейтінбіз. Бала кезімізде Уахит бәріміз ойнап жүреміз, үйіне барамыз, бізбен бірге әзілдесіп, қалжыңдасып, күліп жүретін. Сондай ақжарқын кісі,  байдың қызы  екен. Қарыс – кедей жігіт, бірақ, екі жас бір-біріне ғашық болады. Шәрия апамыз әке-шешесінің бермейміз дегеніне қарамай,  Қарысқа қосылған екен.

Кеңащыда бірнеше үй қырғыздар бар. Ағайынды Аушақыман, Риза, Балтөре Сәдуақасовтар және Балкен деген кісілер. Бұлар Абылай хан заманында келген қырғыздар, бүгінде қазақ болып кеткен. Келбеттері Алатаудағы қырғыздарға ұқсайтын. Аушақыман менің Аманжол әтәйіммен замандас, дос-жар болған. Таудай тұлғалы, ақкөңіл, қаудырлаған қызық кісі болатын. Әйелі Тайлан апамыз да өзі сияқты ірі еді. Балалары Қали, (Борис деп кеткен жұрт) мен Қаби да таудай, дабдырлап, даланы басына көтеріп сөйлейді.  Қаби әскерден келген соң, белорус қызы Витковская Зояға ғашық болады. Ақыры, ата-аналарын көндіріп, ризашылығын алып, екеуі қосылады. Зоя нағыз қазақ келіні болды. Қазақша ағыла жөнелгенде, қазақты жаңылдырады. Көп  балалы ана, ата-енесін күткен қадірлі жан.

Кеңащы совхоз болып құрылғанда  Құмар Жапаров, кейіннен Сүйіндік Сауытұлы, Зиябек және Қалиасқар Әйткенов директор болды.

Тракторшы Төлеген Әукеев ағамыз Қазақстан Республикасының Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Қойшы Қайролла Әбзелов  озат атанып, кезінде біраз дүрілдетті. Кеңащының түлегі Кеңес Шәмшіұлы Мұқатов ағамыз совхоз директоры, аудан әкімі болды.

Көп жыл мұғалім, кейін рабошком болған Қамидолла Тасмұқанов, бригадир Жанатай, электрик Ерғали Жәнібеков пен Балжан, Дәуде мен  Жібек, механизатор Биғожа мен  Шәмшия, Тасым мен Нұржамал, Аманкеш пен Рысжан,  Қайыргелді мен Қайыркен, Райыс пен Зәкия, Жеңіс пен Сәуле,  Сәрсенбай, Ақтайлақ, Төлеген, Сансызбай, Тоқсанбай, Аманжол, Кеңес, Дүйсеке, жылқышы Кәкен, қу тілді Қойшыбай мен Орынтай, прораб Қияш Әкімбаев, парторг Нұрлан Мұқанов және  басқа да азаматтар Кеңащы жеріне маңдай терлерін төгіп, алғысқа бөленді.

                                     Оқу, өнер, спорт және… күлкі                                    

Кеңащылықтар спортқа бейім, әсіресе, күрес десе, жанып кететін. Ауыл-аймақтағы жиын-тойларда қазақша күреске түсіп, бәйгенің алдын бермейтін Нығмет, Сексенбай, Қинаят және басқа да балуандар болды. Ал, бұрынғы шалдардың қызық күресі туралы бала күнімде әкем айтатын. Бірде Степняктың бір дәу орысы кеңащылық Рақымға күресейік деп қоймапты. Рақым ата аласа бойлы кісі болатын, көзін көрдік. Өзі аңшы. Содан, ұстаса кеткенде, Рақым ата екі қолымен әлгінің екі бүйірінен қыса шеңгелдеп алып, табандап тартады. Терісін уыстап, жымырып алған ғой! Анау орыс, қанша алып болса да, шыдай алмай,  «қойдым» деген екен! Кейіннен шығыс жауынгерлік өнерлері жайындағы кітаптардан оқысам, корейлердің куксуль деген күресінде «щипковый захват» деген әдіс бар екен! Сол сәтте осы әңгіме есіме түсіп, Кеңащыдағы керейдің шалы корейдің күресін білді ме екен, әлде,  қазақ күресінде де осындай әдіс болды ма екен?!» – деп ойладым.

Кеңащы негізі қазақ ауылы. Арасында бірнеше ұлт өкілдері тұрды. Лейке деген неміс ағамыз болды, қызық адам еді. Қазақша сайрайтын. Тілі қызық болатын, қазақша мақалдап, мәтелдеп соғатын. Оның апайы Ольганың (үлкендер Волга дейтін) қазақша да, орысша да акценті керемет еді. Байманды – Пайман, бөтелкені – путылька дейтін. Ал, Иван Вильверттің үйіне  бірде алыстан әйелінің апайы келіпті. Енді оны күту керек қой. Аманжол әтәйімнан қарызға ақша сұрапты. Әтәйім: «Иә, үйіңе кім келді?» – десе:  «Ой, әлгі… қатындыкі катын!» –  деп қарап тұр дейді. Илья Калачев деген карель, Исмаил деген әзірбайжан болды. Белорус Геннадий Витковский,  Страмоус, Савицкий деген кісілер есімізде. Төлеген  Әукеев ағамыздың әйелі украин қызы еді. Теть Маша деген, Мария Ивановна ма екен, орыс дәрігер әйел болды. Корей азаматы Эм парторг болып жұмыс істеді. Кеңащыда ағайынды үш татар тұрды. Шын аттары Зәйнитдин, Файзитдин, Ғайнитдин, қазақтар Зәйізден (Көбіне Захар дейтін), Бәйізден, Қайызден деп қазақыландырып алған. Захар механизатор, Бәйізден бригадир, Қайызден шопыр болды. Ағайынды үшеуі де  қазақша ағылып сөйлейтін.

Барлық қазақ даласы сияқты, Кеңащы ауылы да орыстандыру саясатының салқынын көрді. Бірақ, орыстанудың орнына, өзге ұлттардың бәрін қазақ қылып жіберді!

Негізі қазақ ауылы болғанымен, Кеңащының мектебі әу басынан орысша болды. Бұл да бір парадокс. Ауылда, үйде қазақша өскен бала, мектепке барып орысша оқиды. Орысша үйренгенше  уақыт өтіп кетеді, балаға қиын. Тәуелсіздік алған жылы Кеңащы мектебі қазақшаға ауысты. Сонда мұғалімдер: «Ойпырмай, біз енді қазақша қалай сабақ береміз?!» –  деп, қиналып жүріп үйренгені есімде. Алғашқы қазақ класына Гүлшекер Сұлтанқызы сабақ берді. Серік Есполов мектеп директоры болды. Бір қызығы, оның зайыбының да есімі Серік болатын, жұрт Света дейтін.  Қосағымен қос Серік, көңілдері қош Серік жұбын жазбай өмірлік серік болып өтті. Кейіннен Серік Кеңащы ауылдық кеңесінің, аудандық мәслихаттың төрағасы болып еңбек етті. Одан кейін Бағдаш Қайратқызы мектеп директоры болды. Қазір Гүлнәр Серікқызы басқарып отыр. Кеңащы балалары өнерге бейім, ән салып, күй тартқанды жақсы көреді. Ауылымның мектебі Біржан сал ауданында жыл сайын өтетін дәстүрлі «Баянғали оқуларына» белсене қатысып, бүлдіршіндер менің өлеңдерімді жатқа оқып жүргеніне ризашылығымды білдіріп, тілектес болып жүремін.

Қазақтың бірталай көрнекті адамдары Кеңащыға келіп, дәм-тұзын татқан. Ғафу Қайырбеков ағамыз Бәдеш жеңгемізбен келіп, бір дүрілдетіп кеткен. Тұрсынбек Кәкішев, Сәкен Жүнісов, Жақып Омаров, Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Тұрсын Жұртбаев, Қорғанбек Аманжолов, Қаржаубай Сартқожаұлы сынды халқымызға белгілі азаматтар Кеңащыда мейман болған. Қырғыз манасшысы Анарбек Алатаудан ат терлетіп келіп, мектепте күпілдетіп «Манасты» айтса, ақын інілеріміз Ерік Асқаров пен Құдайберлі Мырзабеков ауыл клубында айтысып, ауыл халқы бір жасап қалып еді.

Кеңащының күлкісі де  қызық. Қандай да бір жағдайларды қолма- қол күлкіге айналдыра қояды. Және де бір-біріне ат қоюға  шебер. Мен ауылға алғашқы көшіп келген кезде бір жігітті бәрі Бадапиян дейді. Сөйтсем, су таситын машинада істейтін шопыр жігіт бір-екі рет мас болып қалған ғой. Жұрт: «Су қайда, су қайда? » деп күтіп отыр. Сонда біреу айтады: «Вода – пьян – су мас!» деген ғой, содан Водопьян – Бадапиян болып кеткен. Міне, Кеңащы солай неше түрлі аттарды қойып жіберетін.

Ауылға оралу

Мен мектеп бітіргеннен кейін, 1971 жылы ҚазМУ-ге оқуға түстім. Оқу бітірген соң  әдеби ортада, басылымдарда жұмыс істеп, алматылық болдым. Ауылға айында, жылында бір келеміз. Хат-хабар алысып тұрамыз.

Кеңащыға тағдырдың жазуымен 1987 жылы көшіп келдім. Себебі,  анам Бәтима қатты сырқаттанды. Қиын ауру, дәрігерден  ашығын сұрадым. «Көп болса бір жыл қалды!» – деді. «Қандай жағдай болады,  әкемнің халі не болады?» –  деген ауыр ойға баттым. Сөйтіп, 1987 жылы,  мамыр айында Әлия екеуміз Кеңащыға келіп тұрақтадық. Нұрлан онда 2-3 жасар бала.  Алматыдан, әдебиет әлемінен, «Жұлдыз» журналынан ұшып келіп, алақандай ауылға  қондым. Біз келгеннен кейін анамыз он бір айдан кейін өмірден озды. Одан кейін тоғыз жыл бойы әкемізбен  бірге тұрдық. Кейінгі  екі жылда ол кісі де төсек тартып ауырды. Әкемізді  қолымыздан атқарып, екі жылдан кейін Көкшетауға  көштік. Сол он бір жылдың ішінде Кеңащы халқы бізді өте сыйлап, құрметтеді. Алғашқы кезде ептеп үйрене алмай жүрсем де, негізі ауылдың баласымын ғой, қарапайым халықпен тез арада табысып кеттік. Көршіміз Молдабай аға мен зайыбы Бақытпен ерекше сыйлас болдық.  Олардың баласы Бейбіт пен біздің Нұрлан дос болды, бірге оқып, бірге  өсті. Біз жол жүріп кеткенде, жеңгеміз әрі нағашымыз   Бақыт өзінің сиырымен қоса біздің үйдің де сиырын сауатын.

Серғазы-Бибінұр, Нығмет-Фаузия, Қанат-Сара, Нұрсұлтан-Гүлнәзия, Ғарифолла-Дәмежан, Санаш-Нарзангүл көршілерімізбен, Қалиасқар-Орынтай, Марат-Мая, Бақыт-Ғайша, Сағынай-Сәуле, Жанбота-Дәмеш, Әнес-Салиха, Дайыр-Қарлығаш, Айтбай-Қалимаш,  Мұрат-Бақыт, Серік-Галя, Сабыр-Сайран және басқа барлық ауылдастарымызбен жақсы араласып, сыйласып тұрдық. Орыстар Иван Лазарев, Володька Лункинмен де тату көрші болдық. Тракторшы, шопыр, жұмысшы, жылқышы, малшы жігіттер – Шайдолла,Тұрысбек, Сайран, Абай, Жамбыл, Мұтақ, Серік, Серікбай, Ақылбек, Сағынтай, Жанат, Сабыр және басқаларымен талай қызықты бірге көріп едік.

Кеңащыдан көшерде халықпен құшақтасып: «Рахмет, айналайындар!» – деп, қимай, жылап қоштастым. Біз ең бір ауыр, қиын кездерді осы Кеңащының халқымен бірге көрдік. Ата-анамызды осы халықпен бірге атқардық. Кеңащының адамдары әншейінде бірін-бірі қағытып, әзілдегенді жақсы көреді, іліп-қағып сөйлейді. Бірақ, біреуінің бір қызық қуанышы болса, немесе  біреу қазаға ұшыраса, қайғылы жағдай болса, бір кісінің баласындай жұмыла кетеді. Үлкен, кіші демейді, күн-түн демейді, жанағы үйдің маңында жүреді. Ауыртпалығын бірге көтеріп, шаруасын да істеп, көңілін аулап, бір-біріне қуат беріп, сүйеу болады. Соған ризамын.

Кеңащы менің шығармашылығыма да арқау болды. Ауыл әңгімелері, пьесалар, талай өлеңдер жазылды, «деген екендер» айтылды. «Кеңащы» деген өлеңіме балам Нұрлан ән шығарды. «Сказ столетнего степняка» романымның оқиғасы осы өңірде, Кеңащыда, Степнякта өтеді, туған ел, туған жеріміздің жүз жылдық тарихын, тағдырын толғайды. Ол роман Москвадан – орыс,  Лондоннан –ағылшын, Каирден – араб тілдерінде кітап болып шықты, түрік тіліне аударылды. Орысшасы «Роман-газетаға», қазақшасы «Жұлдыз» журналына басылды.

Сонау тоқсаныншы жылдан бастап, ауылдан көшкенше, 1998 жылға дейін барлық республикалық, халықаралық айтыстарға, үлкен-үлкен мәдени-әдеби шараларға осы Кеңащыдан аттанып жүрдім. Директор Қалиасқар Әйткенов ағамыз: «Сен үлкен жерге бара жатырсың ғой, жолың болсын!» – деп, үнемі бір көлік тауып беретін. Мен барған халықаралық, республикалық айтыстарда Көкшетау, Еңбекшілдер ауданымен бірге, Кеңащының аты айтылатын. Енді міне, ауылымның тоқсан жылдық торқалы тойында тағы да жолда жүрмін. 21-27 тамыз аралығында Түркияның Эрзерум қаласында  Түрік әлемінің Халықаралық фольклорлық фестивалі өтеді. Сол үлкен өнер салтанатына бара жатырмын. Бір сағат  Алаш пен Манасты жырлауым керек екен! Тойға шашу естелігімді, ауылым  бақытты, берекелі болып, аман, сау өсіп өркендеп, ырысты, табысты болсын деген ақ тілегімді «Арқа ажары» арқылы жолдап отырмын!

Кең-байтақ Көкшетаудың жеріндесің,
Өмірдің, өркен жайып, өріндесің.
Аңқыған ақ самалмен жусан иісі,
Кеңащы, көңілімнің төріндесің!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар