Қоғамдық келісімнің және халық бірлігінің кепілі

Ел бірлігін нығайту жолында маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесіндегі ерекше құрылым.

Мемлекеттік саясатты іске асыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып,  этносаралық татулықты насихаттап, тұрақтылық пен бейбітшілікке үн қосып жүрген Ассамблеяның қызметі өте маңызды. Ата Заң – қоғамдық келісім кепілі.  Халық бірлігі – мемлекеттілік негізі екендігі де белгілі.  Ассамблея құрылған күннен бастап, Қазақстанның көпэтностық кеңістігінде өзара берік сенім мен келісім, орнады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясына қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез-келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар, көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін айтты.

Ақмола облысында 788023 адам тұрады, оның ішінде 100-ден астам этнос өкілдері мен этникалық топтар бар. Облыста   443080 қазақ, 210464 орыс, 39900  украин, 30062  неміс, 13664 татар, 11882  беларус, 8532  поляк және 30439  басқа ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, Қазақстанның өркендеуі жолында еңбек етуде. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясына 109 адам тіркелген, оның құрамында этно-мәдени бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, ҚХАА қоғамдық құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, қандастар, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Ақмола облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына 21 адам кіреді. Облыстық Ассамблеяның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Көкшетау қаласында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Степногорск қаласында «Достық» және шығармашылық үйі, Зеренді және Целиноград аудандарында «Достық» орталықтары жұмыс істейді.

Қазіргі таңда облыста 49 этно-мәдени бірлестік тіркелген. Ақмола облысы этностарының өкілдері облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму процесіне белсенді қатысуда. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жанынан ғылыми-сараптамалық топ жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметін ғылыми сүйемелдеу жұмысына  саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, психологтар, лингвистер, заңгерлер, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, магистрлер тартылған. Биылғы жылы осы ғылыми-сараптамалық топтың ұйымдастыруымен  390 адам қамтылған 11 іс-шара өткізілді.

Жалпы, қазақ халқының үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруі ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі бар. Халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді бекерден-бекер айтпаған.  Сөздің мағынасын ұққан жанға танымы да, тағылымы да терең ұғым.  Осы мақсатта ағымдағы жылы  жер-жерде «Ақсақалдар кеңесі» құрылды. Ақмола «Ақсақалдар кеңесі» мүшелерінің қатысуымен барлығы 4400 адамды қамтитын 103 іс-шара өткізілді. «Аналар кеңесінің» де қоғамдық қызметте маңызы зор. Өңірімізде 104 «Аналар кеңесі» жұмыс істейді, оның ішінде 1  облыстық, 3 қалалық, 15 аудандық, 85 ауылдық кеңес бар. Биылғы жылы «Аналар кеңесі» 3850 адамды қамтитын 82 іс-шара өткізілді. Жалғанда елге үлгі болған ел аналарының аузынан естіген әңгіме де, тәлім де, тәрбие де өшпес өнеге ғой. Осындай ұйымдар өткізген әрбір жиынның әсіресе, өскелең ұрпаққа берер тағылымы зор деп есептеймін.

Жасырары жоқ, қазіргі қоғамда болмашы дүниеден дау тудырып, оны әлеуметтік желіге бірден салатын жандар көбейіп барады.  Кез-келген дауды өзара бітімгерлікпен, бір сөзбен айтқанда сабырмен шешіп, ақылға салуға болады. Ассамблеяның жанынан құрылған «Медиация кеңесі» жанжалдардың алдын алу және оларды бастапқы кезеңдерде шешудің өзекті институты ретінде қарастырылады. Бұдан басқа Ассамблея жанынан сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы, Ақмола облысындағы «Ассамблея жастары», «ҚХАА Кәсіпкерлер қауымдастығының филиалы» жұмыс істейді.

Тағы бір атап өтерлігі, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен 18 280 адамды қамтитын 2 894 аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді. Жалпы сомасы 90 миллион 483 мың теңгеден асатын 2481 қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында 2023 жылдың басынан бері облыста 496 қоғамдық маңызды іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырып, жүзеге асырып келе  жатқан бірнеше жобаларына да тоқталып өткім келеді. Соның бірі – «Ел бірлігі» жобасы. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет ғұрыптарының байлығын дәріптеу, этностардың мәдени алуан түрлілігін, мәдениетаралық принциптерін насихаттауға бағытталған жоба аясында көптеген танымдық іс-шаралар өткізілуде. Бір ғана мысал, қазақ халқының «Көрісу» мерекесіне орай,  мекеме жанынан құрылған «Манас» қырғыз орталығы мен «Чинсон» корей орталығының өкілдері қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен көрініс қойып, мерекелік дастархан басында Абайдың әндерін орындап ән мен күйден шашу шашты. Сондай-ақ, «Ақмола облысының поляктар бірлестігі» мен «Видергербурт» Ақмола облыстық немістер қоғамы «Достық» үйінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, атап айтсақ,  «Бесік той», «Қалжа» сияқты отбасылық дәстүрлердің  басқа да көріністерін паш етті. Ұлттық ойындар ойнап, «Қамажай», «Қара жорға» сияқты ұлттық билерді орындады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни, бұл дегеніңіз өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына деген ұлы құрметі, дәстүрі мен дүниетанымына деген қошаметі деп білеміз.

Осы орайда «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан «Достық дәмі» фестивалі де кең қолдауға ие.  Бұл іс-шара барысында 17 этномәдени бірлестіктерінің ұлттық тағамдары, сәндік-қолданбалы бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылуда. Фестиваль аясында қазақ халқы мен басқа да этнос өкілдерінің салт-дәстүрі, мәдениеті және рухани байлығы паш етілетін көріністер көрсетіледі. Ассамблеяның тарихы, оның қызметі, қазақстандық патриотизмді насихаттау, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында танымдық іс-шаралар өткізуге бағытталған «Отаным – тағдырым»,  мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тілін дәріптеуге, кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға және дамытуға арналған «Ерекше сөйле» жобасы, осы жоба аясында «Достық» үйінде ашылған «Мәміле» пікірталас клубы, жастар мен қала қонақтарына шолу экскурсияларын өткізуді көздейтін «Бірлігіміз әралуандықта»,  Көкшетау қаласының тұрғындары арасында мемлекеттік тілді үйренуге бағытталған «Үйде сөйле» жобасы сияқты көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мысал ретінде келтіре кететін болсақ, жоғарыда атап өткен жоба аясында құрылған мемлекеттік тілді үйрететін «Мәміле» клубында ұлтына, жасына қарамастан, 100 адам қазақ тілін үйреніп жүр. Сабақтар апта сайын сенбі күні өткізіледі. Байқағанымыздай, соңғы уақытта мемлекеттік тілді үйренемін деушілер қатары көп. Қазақстан Республикасы Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатындығы және барлық мекемелер мен ұйымдар іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге, өтініштер бойынша ақпарат беруге, жиналыстар өткізуге міндетті екендігі жазылған. Алайда, қазақ тілінің мәртебесі әлі тиісті деңгейде емес екенін бәріміз білеміз.

Ертең, еліміздің айтулы мерекелерінің бірі – Конституция күні. Елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың өз Конституциялық және азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Соның бір жемісіндей, еліміздің келешегі  кемел, болашағы жарқын болсын дейміз біз де!

Ермек НҰҒЫМАНОВ,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының
 «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар