Ауыл мектебіндегі ғалым-ұстаз

Жаймашуақ қыркүйектің айына ілесіп, жылдағыдай жаңа оқу жылы да келіп жетті. Білім ордалары шәкірттерге есігін қайтадан айқара ашып, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер гүл құшақтап, мектеп табалдырығын алғаш аттап жатыр. Әр мектеп, әр білім ұясы жылдағыдай абыр-сабыр.

Бұл күн мұғалімдер үшін ерекше бір сәт. Құшақ-құшақ гүл, құттықтау тілектер сол күні тек ұстаздарға ғана арналады. Дәріскерлер қауымы мен оқушылар жазғы демалыстан соң тың күш-жігер алып, жаңа оқу жылын бастамақ. Бұл әр жыл сайын келетін дәстүрлі қарбалас шақ.

Біздер биылғы оқу жылының басында Балабек Жахин атындағы  Новомарковка орта мектебінің директоры Тлеулесова Динара Қайырбекқызы жайлы әңгімелекшіміз. Оның өзіндік себебі де жоқ емес.

Динара Қайырбекқызы осы оқу жылының алдында ғана Новомарковка орта мектебіне директор болып тағайындалған болатын. Оның үстіне, бұл кісі тек күнделікті дәріс беретін мұғалім ғана емес, ол – ғалым-ұстаз. Арнайы әдістемелік оқулықтардың авторы. Одан бөлек Динара Қайырбекқызы  Ерейментау ауданындағы жалғыз «педагог-шебер» (педагог-мастер) санатын (категория) алған мұғалім. Бұл дәреже оған республикалық арнайы комиссияның шешімі бойынша 2019 жылы берілген екен. «Педагог-шебер» деген кез келген мұғалім армандайтын үлкен жетістік. Сондықтан, Динара Тлеулесова секілді адамның оқу ордасына жетекші болып келгені дұрыс шешім деп түсіндік.

Әңгімеміздің басында кейіпкеріміздің қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, ол сонау 1992 жылы Ажы ауылындағы тоғыз жылдық негізгі мектепті бітіреді. Осыдан соң мұғалімдік мамандықты таңдаған бойжеткен Астанадағы педагогикалық колледжге түсіп, оны бітірген соң 2003-2006 жылдары Еуразия университетін грант арқылы бітіреді.

Динара – 1999 жылдан күні бүгінге дейін Новомарковка ауылдық Балабек Жахин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте бастауыш сынып  мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен. Биылғы жылдың 10 тамызында осы мектептің директоры лауазымына тағайындалды деп айтып кеттік. Бізді қызықтырғаны, ауыл мектебі мұғалімі екі адамның бірі тәуекел ете бермейтін ғылыми жұмысқа араласып, республикалық деңгейде танылып, оқулықтардың авторы болуы. Бұл жөнінде Динара Қайырбекқызы:

–Менің ғылыми жұмысқа араласу себебім, бірнеше жылдардан бері Астана, Көкшетау қалаларында өтетін түрлі тренинг, деңгейлік курстарға үзбей қатысып жүремін. Сөйтіп, бірде Астанада курстар жүргізген тренеріміз Алматы қаласынан телефон шалып: «Динара апай, мен сізді 400 мұғалімнің ішінен таңдап алдым, «Атамұра» баспасынан оқулықтар шығаратын авторлардың құрамына кіргізгім келеді, – деді. Ол кезде ақпараттық сауаттылыққа қазақша оқытатын (информатика) оқулықтар жоқ болатын. Осыны қолға алып, біздер аталмыш пән бойынша тұңғыш оқулықтар құрастырдық. Бұл менің ғылым саласындағы алғашқы қадамым еді. Одан кейін Алматының Абай атындағы педагогикалық институтында еңбек ететін ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Бидана Қабатай апай мені шақырып, әдебиеттік оқу пәнінің бірнеше әдістемелік кешенін дайындадық. Бұл кісі «Атамұра» баспасының байырғы авторы, осы саланың білікті маманы. Біздің бұл кітабымыз бірнеше рет бөгеліп барып, ақыры Білім және ғылым министрлігі оны қабылдап, бекітіп, бүгінде баспадан кітап болып  басылып шықты. Қазір қолымда «Атамұра» баспасы берген «Әдебиеттік әдістемелік құрал» оқулығының авторы деген сертификатым бар. Одан бөлек Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Ы.Алтынсарин академиясында авторлар құрамындамын. Ол жер де мені арнайы бағдарлама жасауға шақырып алған еді, – дейді Динара.

Осы жерде ғылыми саладағы әріптесі Бидана Қабатайдың Динара жайлы пікірін де ұсына кетсек деп едік: «Динарамен 2017 жылдары оқу бағдарламасы жайлы іссапар барысында таныстық. Ол кезде Динара информатика оқулығы бойынша дәрістер оқып, информатика оқулығының әдістемелік құралын жазып жүр екен. Маған сол кезде Динараның сөз саптауы, елгезектігі, бастауыш сыныптардың жай-күйін жақсы біліп тұрғаны, ұтқырлығы бірден ұнады. Сосын өзім оған ұсыныс жасап: «Әдебиеттік оқу құралын жасайтын авторлар құрамында болғың келмей ме, сенің орның сол сияқты?», – деп сұрадым. Ол келісім берді. Менің Динара туралы осы алғашқы пікірім қазір де еш өзгеріссіз қалды. Оның үлкен жауапкершілігін, қолына алған істі аяғына дейін жеткізетінін, тыңғылықтылығын көріп, одан сайын тани түстім, жақындай түстім. Өмірде адам баласында туған әпке, туған сіңлі деген туыстар болады ғой. Одан басқа да өмір жолында кездескен рухани туыстар болады. Динара осылай менің рухани сіңлім болып қалды», – дейді Бидана Қабатай.

Енді оқырмандарға түсінікті болу үшін Динара Қайырбекқызының соңғы жылдардағы жетістіктері жайлы ақпарат ұсына кетелік:

Облыстық білім басқармасының III дәрежелі дипломымен марапатталған (2018); Облыстық білім басқармасының Алғыс хатын алған (2019); «Ақпараттық сауаттылық» 3-сыныпқа арналған әдістемелік құралының авторы. Байқау нұсқасы («Атамұра» баспасы, 2018); 4-сыныпқа арналған жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы бойынша «Әдебиеттік оқу» оқу-әдістемелік құралының (ОӘҚ) авторы. Құрал республикадағы 30 пилоттық мектептерде сынақтан өткен. («Атамұра» баспасы, 2018); Ақмола облысы білім басқармасының Алғыс хаты, 2019; 2-сыныпқа арналған жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы бойынша «Әдебиеттік оқу» ОӘК -нің мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаудың авторы. («Атамұра» баспасы, 2021-2022 оқу жылдары); «Қазақстанның тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференцияға қатысушысы сертификаты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. 2021 жыл, 17-ші маусым; «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің съезінде спикер. Баяндама тақырыбы: «Оқу бағдарламаларының мазмұндық құрылымы мен оны іске асыру мәселелері». Нұр-Сұлтан қ. 2022 жыл, 15-ші наурыз; «Мамандықтар әлеміне жол ашамыз» облыстық форумының «Үздік кәсіби бағдар беруші» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломы. Көкшетау қ., 2018 ж; Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Алтын тұғыр» математика олимпиадасына облыс атынан қатысып, жүлделі 3-орынға ие болған. 2022 жыл, 5-6 қаңтар; Ақмола облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы 2022 жыл; Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының орта білім мазмұны институты, оның ішінде «Бастауыш мектеп» зертханасына «Әдебиеттік оқу» пәнінің үлгілік-оқу бағдарламасын әзірлеушілер құрамына қабылданған. 2023 жыл, наурыз айы.

Міне, ауыл мектебі мұғалімінің соңғы 6-5 жылда жеткен жетістігі осындай. Әр ұстаз армандайтын биіктік. Жалпы, мектеп мұғалімдерінің қағазбасты болатынын, уақыттары шектеулі екенін білеміз. Оның үстіне әйел адам үшін мектеп жұмысынан тыс үй шаруасы, басқа да қолбайлаулар бар. Бірақ, соның бәріне қарамастан, осындай табыстарға жеткен Динара Қайырбекқызының еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігіне еріксіз таң қаласыз.

Бір өкініштісі, ауданымызда осындай ұстаздың бар екенін өз ұжымы болмаса, басқалар біле қоймайды. Бұл аудандық білім бөлімінің жауапсыздығы ма дедік те қойдық. Сөз арасында Динара Қайырбекқызы аздаған ренішін де жасырған жоқ.

–Өткен жылы біздің авторлығымызбен шыққан оқулық басқа аймақтарға тарап, мектептер пайдаланып жатыр. Өкінішке орай, біздің облыс пен ауданда ол оқулық жоқ. Аудандық оқу бөлімі бұған назар аудара қоймайды. Астана мен Алматыда отырған әріптестеріміз осыған таң қалып, неге өз аймағыңызда кітаптарыңыз насихатталмай жатыр деп сұрайды. 2022 жылы 15-ші наурызда республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің сьезіне қатыстым. Бір қызығы, мені жергілікті ұйымдар емес, республикалық ұйымдастырушы мекемелер шақыртып алды. Мен сол жерде тек сьезге қатысып, тыңдаушы болып қана қоймай, спикер болып, «Оқу бағдарламаларының мазмұндық құрылымы мен оны іске асыру мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасап, әдебиеттік оқу пәнінің авторы ретінде өзімнің іс-тәжірибемнен алып, осы пәннің бастауыш сыныптардағы мәселелері жайлы сөз қозғап, оқу бағдарламасында нені өзгерту керек екені жөнінде ұсыныстар айттым. Осы баяндамам басшылық тарапынан да, әріптестер тарапынан да үлкен қолдау тауып, қазір әдебиеттік оқу бағдарламасына менің ұсыныстарыммен өзгерістер енгізіліп жатыр. Аталмыш республикалық сьезде мен секциялық бөлімде спикер болсам, кейін Көкшетауда өткен осындай жиынның пленарлық бөлімінде спикер болып, осы тақырыпты басқа бір қырынан көрсеттім, – дейді Динара Қайырбекқызы.

…Бүгінде үлкен бір шаңырақтың отанасы атанып отырған Динара бір ұл, екі қыздың анасы. Келін түсіріп, бір немере сүйіп, әже атанып отыр. «Бір қызым биыл 11-ші сыныпты бітіріп, өз жолымды қуып, жоғары оқу орнына түсті. Бірақ, математик болмақ», – дейді кейіпкеріміз.

Сөйтіп, ауданымыздағы жалғыз ғалым-ұстаз Динара Тлеулесова жайлы аз ғана әңгіме осындай. Біздің ойымызша, бұл кісі тек өз ауданымызда ғана емес, жалпы, облыс көлеміне танымал болуы керек еді ғой. Бірақ, өкінішке орай, лайықты насихат болмай тұрған секілді.

Біздер кейіпкерімізді жаңа оқу жылымен құттықтап, алар биіктеріңіз таусылмасын деп қоштастық.

Сайлау БАЙБОСЫН.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар