Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Биылғы астықты қалай жинап алған дұрыс болады? - АРҚА АЖАРЫ

Биылғы астықты қалай жинап алған дұрыс болады?

Ағымдағы жылы Ақмола облысының көптеген аудандарында жаздық бидай мен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі жазғы жауын-шашынсыз, ауа температурасының жоғары болуымен және ұзақ әрі ыстық күндердің көрінісінде қалыптасты.

Ағымдағы жыл ауыл шаруашылығы дақылдары үшін аса құрғақшылығымен сиппатталып, өте құрғақшылық болып есептелген 1991 жылмен салыстырғанда да атмосфералық жауын-шашын аз түскен. Сонымен қатар, тиімді ауа температурасының қосындысы барлық соңғы құрғақ жылдардағы орташа көпжылдық мәндерден асып түсіп, 0,5 және 10 градустан жоғары тиімді ауа температурасының қосындысы көпжылдық мәндерден сәйкесінше 14,8, 22,3 және 36,2 пайызға жоғары болды. 35 градустан жоғары ыстық күндер саны өсті. Көптеген егістік танаптарында дәннің пісу кезеңінде топырақтың төменгі қабаттарындағы өнімді ылғал қоры өсімдіктерге сіңімсіз ылғал қоры деңгейінде болды. Мысалы, мамыр-тамыз айларында оңтүстік қара топырақты дала аймақшасы мен қара қоңыр топырақты құрғақ дала аймағында атмосфералық жауын-шашын мөлшері шамамен 20 миллиметрді құрап қана қоймай түсуі де біркелкі болмады (0,5-1,0 мм аралығында). Тәжірибе көрсеткеніндей, мұндай жағдайда да диқандар лайықты астық өсіре алады. Резервтер бар және біз болашақта құрғақшылықтан сабақ алуымыз керек. Климаттың өзгеруінің болжамы құрғақшылықтың болашақта жиі болатынын көрсетеді.

Ақмола облысының егістіктерін зерттеу бидай, арпа, рапс, зығыр және басқа да дақылдардың өнімділігі облыстың аймақтарында және әр аймақтың шекараларында да ерекшеленетінін көрсетеді. Облыстың көптеген аудандарында жаздық бидайдың сабағының биіктігі 60-70 сантиметрден аспайды. 20 тамыз кезеңінде бидай дәні негізінен, балауыздана – толық пісу күйінде болды. Ауа райының тұрақсыз сипатын ескере отырып, мұндай танаптарды тікелей комбайнмен жинау керек. Климаттың құрғақшылығына қарамастан, бір танаптағы бидай дәндерінің біркелкі піспейтіні байқалады. Негізгі себеп топырақ құнарлылығының өзгеруі болып табылады. Яғни, өте құрғақшылық болған кезде топырақ ылғалдылығы мен басқа да қоректік заттардың өзгеруінің айқын шекаралары байқалады.

Дәнді дақылдарды, атап айтқанда, жаздық бидайды тікелей жинау үшін келесі сипаттамалар сәйкес болу керек: егістіктің ластануы төмен, дәннің пісуі біркелкі, астық жиілігі, яғни, тығыздығы шамамен 300 сабақ/1 шаршы текше метрде  болуы, аласа сабақтар саны 50 сантиметрден аспауы керек. Бір фазалы жинау, астық толық пісіп оның ылғалдылығы 25 пайыздан аспайтын кезде басталады. Бидайды жинаудың екі фазалы немесе бөлектеп жинау әдісін қолданғанда балауыздана пісуі кезінде дәннің ылғалдылығы 25-35 пайыздан аспауын ескеру қажет. Астық массасының дестелерде болу кезеңінде сабақтардағы қоректік заттардың арқасында астық пісіп үлгереді. Егін жинаудың бұл әдісін қолдану келесі жағдайларға негізделген: тұқымға арналған танаптарды жинау, танаптың біркелкі піспеуі, бидай сабағының жатып қалуға бейімділігі, биік сабақтылық, жоғары сапалы астықтың қалыптасуы және арамшөптермен ластанған танаптар.

Бөлектеп жинауды дәнді дақылдарды (арпа, сұлы, тары), бірқатар бұршақ дақылдарын (асбұршақ, майбұршақ, ноғатық, ноқат және т.б.) және майлы дақылдарды (рапс, зығыр, мақсары, қыша және т. б.) жинау кезінде негізгі жинау әдісі деп санаған жөн. Бұл дақылдардың биологиялық ерекшелігі – тұқымның біркелкі піспеуі және астықтың төгілуге бейімділігі. Тамырда ұзақ тұрып қалу егістіктің өнімділігін айтарлықтай жоғалтады. Дестеге шабу кезінде масақтарды бір бағытта орналастыру керек және жинау кезінде астық ысырап болмас үшін комбайн масаққа қарай жылжу керек.

Астық жинаудың агротехникалық шарттары: аңыз сабағының биіктігі мақсат пен міндетке және дақылдың биіктігіне байланысты белгіленеді: биіктігі төмен өсімдікте (60 сантиметрден төмен), аңыз сабағының биіктігі 10-14 сантиметр шамасында болуы керек. Биік сабақтық кезінде аңыз сабағының биіктігін 12-18 сантиметр шамасына дейін көтеру керек. Жауын-шашынның ықтималдығы жоғары болған жағдайда аңыз сабағын биік қалдырған дұрыс, мұндай жағдайда дестелердің кебуі тездейді.

Арнайы дестелермен жинау кезінде техникалық себептерге байланысты кесу биіктігі 15 сантиметрден төмен болмайды. 3-4 сантиметр деңгейінде кесу биіктігін қамтамасыз ететін мамандандырылған дестелер бар, бұл әсіресе, майлы дақылдар мен бұршақ дақылдарын жинау кезінде өте маңызды.

Піспеген дәндердің араласуын және арамшөптердің тұқымдарының түсуін болдырмау үшін егістіктің шеттерін бөлек жинау керек. Бұл әсіресе, көрші танаптардың сорттарымен араласпауы үшін тұқымға арналған танаптарға қатысты. Дестелер бөлек және тек тауарлық мақсатта бөлек жиналады.

Жинаудың перспективалық әдісі бар – бұл тарақты-дестелерді қолдану. Бұл ретте, комбайнның өнімділігі 40-50 пайызға артып, жанар-жағар май шығыны азаяды. Ең бастысы, танапта өсімдік биомассасының көбірек жинақталуы мен қар жамылғысының ерте және тиімді жиналуына мүмкіндік беріп, болашақ егіннің алғы шартын жасайды. Тарақты-дестелерді пайдалану дақылдарды жоғары ылғалдылықта (30 пайызға дейін) жинауға мүмкіндік береді. Дақылдардың пісуі біркелкі болмағанда және кешеуілдегенде, егіннің пісуін тездету үшін дақылдарды десикациялау қолданылады. Ауа райының тұрақсыздығын ескере отырып, тікелей комбайндау стационарлық жағдайларда стандартты егістер мен тауарлық сапаларға жеткізе отырып, астықты жинаудың негізгі тәсілі болып табылады.

Жауын-шашынның көп болуы астықтың «ағып кетуіне» немесе тамырда немесе дестеде өнуіне әкелуі мүмкін. Жауын-шашынның көп болуы «тік тұрған» масақтарда астықтың өнуін тудыруы мүмкін. Мұны соңғы уақытта біздің фермерлерді қызықтырған шетелдік (аласа сабақты) сорттардан байқауға болады. Бұл факторларды жинау әдістерін таңдағанда және астық партияларын қалыптастырғанда есте сақтау керек.

Комбайн өткеннен кейін астықтың жалпы шығыны тікелей жинау кезінде 2 пайыздан, дестеден жинау кезінде 3 пайыздан аспауы керек деп есептеледі. Астықты дестеге шабу кезіндегі шығын 0,5 пайыздан, тік тұрған дақылдар үшін 1,5 пайыздан, жығылған немесе қисайған дақылдар үшін 1,5 пайыздан аспауы керек.

Ұзақ тұрып қалған астықты барабан мен барабан арасындағы алшақтықты азайту, сондай-ақ, барабан айналымын жылдамдатумен астық шығынын 1,2 пайызға дейін азайтуға болады. Ауа райы болжамын ескере отырып, ертерек бидай ылғалдылығы 35-37 пайыздан аспайтын дәннің балауыздана пісуінің басында дестеге шабуға болады. Алайда, бұл тәсілдің клейковинаны 1-1,5 пайызға төмендету қаупі бар. Ерте шабу мерзімі, атап айтқанда, қамырлана пісу кезеңі, егін жинауға ертерек кірісуге, астықтың жақсы сапасына және оның қырманда да жақсы сақталуына кепілдік береді. Дестелердегі астық кез-келген пісіп-жетілу кезеңінде бозқырауға жақсы төзеді. Тамырда бидай дәні балауыздана піскенге дейін жеңіл бозқыраудан зақымдалады. Жинау әдісі сапалы астық алу үшін аса маңызды болып табылады. Бидай партияларының сапасына зақымдалған дәндердің болуы әсер етеді, бұл халықаралық саудада фермерлерге төлеу үшін бағаны реттеуде қолданылатын құлдырау көрсеткіштеріне әсер етеді. Әдетте, зақымдалған бидайдың бағасы 10-30 пайызға төмен, бұл фермер немесе астық саудагері үшін айтарлықтай қаржылық шығын.

Үлкен масса, қалың әрі жасыл сабақтар мен піспеген серпінді бүршіктердің болуы рапсты бастыруда белгілі бір қиындықтар тудырады. Рапс тұқымының ылғалдылығы 30-40 пайыз болған кезде бөлек жинау қолданылады. Пісу белгілері келесідей: төменгі жапырақтары кеуіп, түсуі, өсімдіктегі бүршіктердің жартысына жуығы лимон жасыл түске айналады, ал, төменгі бүршіктері лимон сары түсті болады, ал, олардағы тұқымдар қоңыр түске ие болады. Егер рапстың жоғарғы бүршіктері түсе бастаса, ол әлі бастыруға дайын емес. Сабақтың төменгі жағындағы піспеген бүршіктер бастырылмай, ысырап болады. Ал, бұл ысыраптар үстінгі бүршіктердің төгілуі салдарынан жоғалтуларға қарағанда маңыздырақ, тек олар бірден байқалмайды, өйткені, піспеген бүршіктер сабан ұсақтағышпен ұсақталады. Осыған байланысты бастырылған массаның жабысқақтығы артып, дәндер сабанға жабысып, шығынның артуына әкеледі. Бастырылған массаның ылғалдылығы да жоғарылайды. Бұл жағдайда піспеген дәндерден ылғал қосылып, бұл майдың сапасының нашарлауына, кептіру шығындарының артуына әкеледі. Төменгі бұршақтарды қолыңызбен ұнтақтауға болатын кезде ғана рапсты бастыру керек. Рапс дестелерін тұқымы 98 пайыз пісіп жетілген кезде жинайды, онда тұқымның белгілі бір ылғалдылығына қол жеткізіледі. Жинау кезінде сабақтың нақты биіктігіне сүйене отырып, ерте қар тоқтату үшін жеткілікті жоғары сабақты қалыптастыру қажет.

Егін жинау – бұл 2024 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық. Топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін ұсақталған сабанды біркелкі шашу керек. Сабанды өртеу топырақтың құнарлылығына айтарлықтай зиян келтіреді. Сабанды өртеу кезінде топырақ қабатындағы 0-5 сантиметр қарашірік күйіп кетеді және топырақ ылғалдылығы жоғалады. Сирек және арамшөптермен ластанған дақылдарды себу бағытына көлденең бөлектеп жинау керек. Бұл жағдайда себу бағыты бойынша дестеге шабумен салыстырғанда жалпы шығындар 1,5-1,8 есе азаяды. Топырақпен байланысты азайту үшін және жақсы кебуі үшін астық дақылдарын егістікке көлденең бағытта дестеге шабу керек.

Тұқымға арналған танаптарды жинаудың ең жақсы тәсілі – екі фазалы жинау. Ағымдағы жылы жасымық дақылы аласа өсті (15-25 сантиметр), бұл жинау әдістерін таңдауға әсер етеді. Жасымық бұршақтары біркелкі піспейді, сонымен қатар, олар топырақ бетіне жақын бекітіледі (4-тен 9 сантиметрге дейін). Тұқымның шашылып қалуына жол бермеу үшін ылғалдылық жоғары болған кезде немесе түнде және таңертең жинаған дұрыс. Десикацияны қолдану жасымықтың жинауға дайындығын тездетеді, сонымен қатар, егін жинау науқаны ылғалды ауа райында болған жағдайда тұқымның шашылуынан болатын шығындарды азайтады.

Асбұршақ шамамен, 18-21 пайыз ылғалдылықта тікелей комбайндау әдісімен жиналады, бірақ, сонымен бірге ылғалдығы 16 пайыз болғанда жинау маңызды (ылғалды астықты жинап, кептірген дұрыс). Бұршақтың пісуі 60-75 пайыз  болғанда жинау ең тимді болып табылады және бұл жоғары өнім мен тұқымның сапасын қамтамасыз етеді. Екі фазалы егін жинау сабақтар мен бұршақтар ылғалды болған кезде түнгі және таңертеңгі уақытта жүзеге асырылады. Бір фазалы егін жинау әдісін қолдану үшін танап тегіс болып қана қоймай, арамшөптерден де таза болғаны абзал.

Ұзақ уақытқа созылған құрғақшылық ғылыми ортада да, облыстың астық өсірушілерінде де ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Бүгінгі күні ауа райының өзгеруінің сенімді болжамдары жоқ. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің орнықты өндірісі облыс аймақтары бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын ғылыми негіздеумен орналастыру, ауыл шаруашылығының аймақтық жүйелерінің элементтерін қолдану, ауыл шаруашылығы дақылдарының аудандастырылған сорттарын пайдалану негізінде ғана мүмкін болады. Зерттеулер құрғақшылық пен ыстықтың теріс әсерін азайтуға арналған резервтер бар екенін көрсетті.

Алайда, соңғы аптадағы толассыз жаңбырлар, диқан қауымның алаңдаушылығын одан әрі ұлғайта түсуде.

Дегенмен, бүгінге дейін облыс бойынша егіннің аз бөлігіне ғана орақ түсті. Сондықтан, біздің ғылыми ұсыныстарымыз астық өсірген шаруашылықтар мен жекелеген шаруа қожалықтарына пайдасын тигізеді деген ойдамыз.

Қанат АҚШАЛОВ,
А.И. Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы
ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар