Қысқа қажеттің бірі – көмір

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев Ақмола облысына алдағы қысқы маусымға көмір жеткізу туралы айтып берді.

−Ақмола облысы бойынша коммуналдық қажеттілікке керек көмір мөлшері 530 мың тоннаны құрайды. Қазір 112 мың тонна көмір жеткізілді, бұл 2 айлық қажеттіліктің 84 пайызы. Халық үшін шамамен 1 миллион тонна көмір қажет. Бүгінде оның 190 мың тоннасы немесе жалпы қажеттіліктің 19 пайызы жеткізілді. Жеткізу белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі, – деді басшы.

Облыста көмірді сатуды 56 пункт жүзеге асырады. Жеткізу көлемін ұлғайту мақсатында өңірлік операторлар тізбесіне 16 аудан мен қаладан 64 өнім беруші енгізілді. Көмірдің орташа бағасы тоннасына 15 850 теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда баға 20-25 пайызға артты.

−Көмір құнының өсуі ең алдымен, теміржол тарифтерінің өсуіне байланысты болып отыр. Биылғы жылы жылу беру маусымына дайындық науқанына, оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыруға және энергия ресурстарын сатып алуға бюджеттен 27,6 миллиард теңге бөлінді, Бүгінгі таңда 959 қазандық жөнделді. Сондай-ақ, 23 шақырым жылумен жабдықтау желілеріне ағымдағы жөндеу, 13 шақырым желілерге күрделі жөндеу және 3 шақырым желілерге қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Степногорск қаласын жылумен жабдықтауда туындаған мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде,

−Бүгінде Степногорск жылу электр орталығында да 4 қазандық, 5 турбинаға ағымдағы жөндеу және 2 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілуде.  № 2 және №5 турбиналардың қазандық агрегатын ағымдағы жөндеу, №7 қазандық агрегатын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ұзындығы 3,1 шақырым магистральдық желілер жөнделді. «Степногорск теплотранзит» серіктестігінің өз қаражаты есебінен ұзындығы 4 850 метрді құрайтын желілерді күрделі жөндеу, 540 метр желіні ағымдағы жөндеу, 45 метр желіде жылуды қалпына келтіру және 1 сорғыны ауыстыру жұмыстары іске асырылды. Құрылысты жобалау және жоспарлы тәртіппен 2024-2026 жылдарға арналған бюджеттік өтінім беру үшін жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау жұмыстары басталды,−деді ол.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жылумен жабдықтау объектілерін техникалық тексеру жұмыстары атқарылуда. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша жөндеуді қажет ететін учаскелер айқындалды. Олар алдағы 2-3 жылда кезең-кезеңмен жөнделетін болады.

−Жалпы, алдағы жылу беру маусымына дайындықты жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде аяқтаймыз, бұл мәселе ерекше бақылауымызда,−деп қорытындылады өз сөзін Данияр Қуанышбаев.

Біз де өз кезегімізде облыс бойынша жаңа қысқы жылу беру маусымы өткен қыстағыдай негізінен, бірқалыпты, жайлы өтеді деп сенеміз.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар